Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алапат өрт Алашты алаңдатып отыр

Алапат өрт Алашты алаңдатып отыр
ашық дереккөз
Алапат өрт Алашты алаңдатып отыр
Адамзат жаратылғаннан бері әртүрлі апаттарды басынан өткеріп, Табиғат-ананың қаншама сұрапыл, алдынан кездескен тау-тасқа дейін таптап өтетін жойқын күштеріне куә болып келеді. Табиғи апаттарға – зілзала, өрт, сел, сең, қар көшкіні, су тасқыны, қалың қар, қарлы боран, дауылды жатқызуға болады. «Апат айтып келмейді» дейтін қазақ халқы бұл тізбедегі кесапаттың қай-қайсысы болмасын табан астында орын алатынын ертеден-ақ білген және одан қорғанудың амалын жасап баққан. Өйткені табиғи апаттың қоршаған ортаға, мал-жан, адамға тигізер зардабы мен шығыны аз болмайды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде табиғи апаттардың жиі орын алуы байқалуда. Кейде табиғи апатты тағдырдың басқа салғаны деп өз-өзімізді жұбатып жататынымыз бар. Алайда соның кейбірі адамның жауапсыздығынан болатынын да ескеруіміз керек. Мәселен, өз елімізді сөз етер болсақ, қазақ елін төңіректеп, қара жамылдыруға дейін апарған табиғи апаттың бірі – өрт. Елімізде орын алған үлкен-кішілі өрт оқиғалары неге тыйылмай тұр? Қазір қоғамдағы басты сұрақтың бірі – осы. Былтыр Қостанайдағы алапат орман өрті, оның зардабы мен қасіреті қазақ халқын есеңгіреткені есте. Биыл орман өрті елімізде тағы да қайталанып, Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерваты қызыл жалынға оранды. Салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қызметтік міндеттерін адал атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Орман өртін сөндіру кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен тағы бір адам, тракторшы Сергей Архиповтың да іздеу нәтижесінде мәйіті табылды. Қаза тапқан азаматтар Мемлекет басшысының Жарлығымен Абай облысында орын алған төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Дұрыс, бұл олардың ерлігіне берілген баға, еңбегінің өтеуі. Әйтсе де «тілсіз жау» қайта тұтанбастай бір амал қарастырмасақ болмайды. Олардың қиылған өмірі барлығымыздың қабырғамызды қайыстырғанымен жақыныңнан айырылып, жан азабын тарту әсте оңай емес. Абай облысы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың мәлімдемесіне сүйенсек, өрт 8 маусымда күндізгі сағат 12:03-те Семей қаласынан 25 шақырымдай қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66-кварталында шыққан. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. «Тілсіз жауды» тез арада ауыздықтау мүмкін болмапты. – Оған себеп – «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жерден қашықтығы 11 шақырымды алса, техника жеткенше өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды, – деген еді Д.Гариков өз мәлімдемесінде. Сондай-ақ Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың шешімімен орман өртіне байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайды жою бойынша штаб басшысы болып қала әкімінің орынбасары Рамиль Досмағанбетов белгіленді. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Семей маңында орналасқан өрт жақындау қаупі бар үш ауылдың тұрғындары эвакуацияланды. Олар үшін облыс орталығында тоғыз пункт дайындалды. Ал 9 маусым күні Абай облысының орман алқабында орын алған өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі, нақтылап айтсақ, абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды. «Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Сонымен қатар адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді. Оны тергеп-тексеру аясында жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Алапат өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді. Сондай-ақ Президент Абайдағы өртпен күресу үшін барлық қолда бар ресурстарды жұмылдыруды тапсырды. Оқыс оқиға орнына жедел жеткен ел Президенті өрт аумағын тікұшақпен аралап шықты. Бұдан кейін Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты. Президент бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет екенін атап өтіп, 12 маусым, яғни дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялағанын жеткізді. – Бұл – халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Президент жанынан арнайы қор құрылатынына тоқталып, зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалатынын айтты. Сондай-ақ Президент Жарлығымен ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылды. Ведомствоның жаңа басшысы болып генерал-майор Сырым Дүйсенғазыұлы Шәріпханов тағайындалды. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды. Жаңадан тағайындалған министр БАҚ өкілдеріне сұхбат беру барысында өртке қатысты жағдай тұрақты екенін жеткізіп, халықты сабырға шақырды. Сырым Дүйсенғазыұлының айтуынша, ауа температурасының көтерілуі мен екпінді жел салдарынан өрт одан әрі өршуі де мүмкін. Өртті оқшаулау үшін құрылған топтың құрамында 1,5 мыңға жуық жеке құрам, өрт сөндірушілер, орманды қорғау қызметкерлері, Қорғаныс министрлігі және Ішкі істер министрлігі қызметкерлері бар. Сондай-ақ алапат өртті ауыздықтауға 300-ге жуық техника мен 12 тікұшақ жұмылдырылыпты. Қою түтінге байланысты екі ауылдың тұрғындарын эвакуациялау жұмыстары жүргізілген. Олар «тілсіз жау» толық жойылғанша үйлеріне қайтарылмайды. «Greenpeace» халықаралық үкіметтік емес экологиялық ұйымының мәліметі бойынша, Абай облысының аумағындағы өрт – әлемдегі ең ірі өрт болып танылған. Реті келгенде айта кетсек, аумағы 665 мың гектардан асатын табиғи резерват 2003 жылдың қаңтарында Үкімет қаулысымен құрылған. 2005 жылы қорық құрамына Үржар ауданының 1 610 гектар жері, 2008 жылы Знаменка ауылдық округінің босалқы жерінен 1 725 гектар жайылым қосылған. Ал 2014 жылы Үкімет қаулысымен резерваттың жалпы ауданы 804,2 гектар жері Бұлақ су электр стансасын салуға берілген. Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» Абай облысының Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар және Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандарының аумағын алып жатыр. Резерваттың 10 филиалы және олардың құрамына кіретін 35 орман шаруашылығы бар. Эколог мамандардың пікірінше, еліміздегі экожүйе үлкен шығынға ұшырап отыр. Қаншама табиғи байлығы бар «Семей орманының» қалпына келуіне кемінде 30-40 жыл керек көрінеді. Жаз маусымы басталғалы өзіміздің өңірде де өрт оқиғалары жиілей түсті. Алайда облыстық өрт сөндірушілер жасағы «тілсіз жаумен» дер кезінде арпалысып, адам қазасы мен үлкен шығындарға жол берілген жоқ. Осы орайда біз облыстық төтенше жағдайлар департаменті тосыннан келген табиғи апаттарға қаншалықты дайын екенін сұрап білдік. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың айтуынша, орман және дала аумақтарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру мақсатында облыс әкімінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу шаралары туралы» қаулысы қабылданған. – Сәуір айының соңында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында дала өрттерінің алдын алу және оларды жедел жою мәселесі қаралды. Аталған жиында облыстағы мемлекеттік орман қоры аумағында және дала массивтерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Биыл аумақтардың ғарыштық мониторингіне облыстық бюджеттен 8,83 миллион теңге бөлінді. Осы жылдың 1 мамырынан бастап аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері «Қазавиалесохрана» мемлекеттік кәсіпорнының ұшақтарымен облыстың мемлекеттік орман қоры аумағынан күніне үш рет ұшуда. Облыстық бюджеттен «Қазавиакөлік» акционерлік қоғамының өрт туындау қауіпі басым аймақтарының авиациялық техникасының ұшуларына және олардың өртке қарсы жағдайын бақылауға 47,478 милион теңге қаражат қарастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік орман қоры аумағын өрттен қорғауға 88 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттік орман қорының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін облыс әкімдігі биыл 280 миллион теңге бөліп отыр. Бұл қаражатқа 10 трактор, өртті сөндіруге қажетті 12 техника, сондай-ақ 10 мотопомпа сатып алынады. Ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі барлық мекемелерде 15 орман өрт сөндіру бекеті құрылды. Оның ішінде 135 адамнан құрылған штат, 18 өрт сөндіру көлігі, 36 трактор, 174 сөмкелік өрт сөндіргіш, 24 мотопомпа және 246 радиостанса кіреді, – дейді Е.Момбаев. Сондай-ақ департамент басшысының айтуынша, ауылдық округтерде 165 ерікті өрт сөндіру жасағы құрылған. Олар 49 су тасымалдағышпен, табиғи өрттерді сөндіруге бейімделген 508 бірлік техникамен, 88 моторлы өрт сөндіру сорғысымен және 175 сөмкелік өрт сөндіргішпен қаруланған. Жеке құрамды жолы қиын таулы аймақтарға жеткізу үшін 10 бірлік жол талғамайтын техника күту режиміне қойылған екен. Табиғи өрттерді сөндіруге 68 жол талғамайтын автоцистерна, 139 сөмкелік өрт сөндіргіш дайындалған. Техника мен жеке құрамды дайындау шеңберінде осы жылдың 26-27 сәуірінде барлық 15 орман шаруашылығы кәсіпорнын қамтитын симуляциялық табиғи өрттерді сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізіліпті. Мамыр айының соңында трансшекаралық табиғи өрттерді жою бойынша Қырғыз Республикасымен бірлесе шекарадағы өртті жоюға қатысты тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар жүргізіліпті. Айта кетсек, өткен жылы облыста 407 және 162 гектар аумақты қамтыған екі орман өрті орын алған. Аталған өрттен келген шығын 652 мың теңгені құрайды. Мұнымен бірге аймақта өткен жылы 15,3 гектар аумақты жалмаған 2 дала өрті болған. Тілсіз жаудан келген шығын 2 миллион теңгеге жеткен. Қасиетті қазақ даласының бір аймағы Семей – хакім Абайдың елі. Ол заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өскен топырағы. Сол аялы топырақ, саялы орман өртке оранғанда, ондағы қызметкерлер ажал құшқанда барша қазақ елінің жүрегі қан жылады, көкірегі қарс айырылды. Қазақ даласында мұндай алапат өрттің орын алуы, бірнеше азаматтың қаза табуы – қасірет. Бұл азаматтардың қазасы – барша қазақтың қайғысы. Мұндай жағдай барша қазақтың жанын жылатты. Әлі де бұл оқиғадан Арқа, Атырау, Алатау мен Қаратау есін жия алмай, есеңгіреп тұр. Абай өңірінің барша жұртына қайғырып көңіл айтамыз. Болған іске бекемдік танытқаннан басқа амалымыз да жоқ. Десек те енді мұндай қасіреттің қайталануына жол бермейік! Ақтоты ЖАҢАБАЙ  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар