Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАСТАР ЖӘНЕ ДІНИ СЕНІМ

ЖАСТАР ЖӘНЕ ДІНИ СЕНІМ
ашық дереккөз
ЖАСТАР ЖӘНЕ ДІНИ СЕНІМ
...Күннің шақырайған ыстығына, ауаның қапырығына дес бермей басынан тобығына дейін қара киім жамылып, бет-жүзін бүркеп, маңдайы тершіп жүрген жап-жас қыздарды, әйелдерді қала көшелерінде, көпшілік орындарда, автобустарда көру бұл күндері ешкімді таңғалдырмайды. Барлығына көз үйренді. Тіпті жетектеп жүрген кішкентай бүлдіршін қыздарына да адамды тұншықтырар қара киім кигізіп, олардың ұзын көйлектері жер сыпырып кетіп бара жатқандарын көргенде ішкі дүнием әлем-жәлем, астаң-кестең болады. Мейлі, өздері «біз иман жолына түстік, бес мезгіл намазымызды оқып, Аллаға сиынып жүрміз» дейді...  Бірақ мына бесіктен белі шықпаған жас бүлдіршіндердің не кінәсі бар? Олардың балғын, армансыз балалық шағын кім ұрлап жатыр? Олар да барлық балаларға тән ойын ойнап, асыр салып жүгіргісі келмей ме? Неге олардың ата-анасы сәби кезінен «торда», «құрсауда» ұстап отыр? Кішкентайынан қыздарын қара жамылдырып қойғандары жөн бе екен? Олардың кінәсі неде? Ертеңі, алдағы тағдыры не болады? Олар жас жанына пананы кімнен табады? Хиджаб кию бұрындары қазақ қыздарына, әйелдеріне тән бе еді? Жетпіс жылдан аса орыстардың айтқанына көніп, жетегінде жүріп, мәдениетін қабылдап, солардай болуға ұмтылдық. Тілімізден, салт-дәстүрімізден айырыла жаздадық. Енді егеменді ел болғанымызда арабтарға еліктеп, олардың дініне бас идік. Солардың тілін, дәстүрін енгізуге ниет білдіріп, хиджаб киюді «модаға» айналдырдық. Әсем де әдемі, жинақы да жарасымды ұлттық киімдерімізден жеріп, арабтардың сөздерін, киім үлгісін қабылдай бастағанымызға не себеп? Діннің де әр ұлтқа тән ерекшеліктері бар емес пе? Неге біз басқа ұлттардың жетегіне ұрынамыз, тұзағына түсеміз?. Осы сияқты сандаған ой мені әлгілерді көргенімде қатты толғандырады, тіпті шындыққа келсем, жүрегімді сыздатады. Жұма күндері кез келген мешіт төңірегіне зер салып, көңіл аударыңызшы. Топ-топ болып жұма намазға кетіп бара жатқан жастардан көз сүрінеді. Олардың басым көпшілігі мектеп оқушылары. Жұмыстарын, оқуларын бірер сағатқа тастап, «жұма намазға барамыз» деген желеумен мешітке қарай ағылады. Ораза ұстау да жастар арасында бұл күндері «модаға» айналып кеткенін байқап жүрміз. Түн ұйқысы сәресіге бөлініп, шала болған оқушы, айтыңыздаршы, мұғалімнің сабақ үстінде айтқанын, түсіндіргенін қалай ұғады? Жастар арасында ораза ұстау өзара жарысқа, қызығушылыққа, бәсекеге айналғаны жасырын емес. Жас балалар жетіліп келе жатқан ағзаларына (ас қорыту ағзаларын, жүйкелерін) күндізгі аштықпен зиян келтіріп жүргенін көрмейміз бе? Неге ата-аналары, мектептегі ұстаздар ораза туралы жөнді түсінік беріп, жастардың денсаулығын қорғамайды? Көптеген ата-ана балаларының ораза ұстағанын, мешітке барғанын жетістікке, мақтанышқа айналдырып, «менің балам имандылық жолына түсті, ораза ұстады, жұма намазға барып жүр» деп көкитіні несі? Айналайындар-ау, одан да олардың мектепте алып жатқан біліміне, сапасына, кіммен достасып, қандай кітап оқып жүргеніне, ой-санасы қай дәрежеде екеніне неге мән беріп, олардың білімді, тәрбиелі, отансүйгіш, ұлтжанды азамат болып қалыптасқандарын қадағаламайсыздар? Дінге сенудің де нормалары бар шығар. Аллаға құлшылық етіп, ислам жолына түскенде ол не табады? Жарайды, ол иманды болсын, діни сауаты жетілсін делік... Ал жалпы білімі таяз болған ол ертең мына қоғамнан өз орнын тауып, бақытқа кенеліп, халқына пайда келтіре ала ма? Неге біздің жастар басқаларға тым еліктегіш? Расын айтқанымыз жөн, дінге сенгіштер елімізде жыл өткен сайын көбеймесе азаяр емес. Жаңа мешіттер, намазханалар мен медреселер жер-жерде ашылып жатыр. Ортамызда ислам дінінің бір ағымы «сақалдылар», яғни салафиттер тобы көбейіп кеткені көпшілікті алаңдатады. Қазіргі жастар арасында мешіттегі жұма намазды жібермейтіндер де аз емес. Тіпті жұма күндері мектеп, колледж, ЖОО оқушылары сабаққа барудың орнына мешітке баруды әдетке айналдырды. Уақыт оған куә. Діннің жақсылығы мен керісінше зияны да барын мына жалғаннан көріп жүрміз. Бірақ сол діни сенім келе-келе соқыр сенімге, қадір-қасиетімізден айыратын діни фанатизмге айналып кетпей ме деп ой қаузайсың. Неге әртүрлі діндер ағымы жастардың миын улап, қоғамымызды қожыратып барады? Одан ел-жұртымыз не ұтады? Діни идеологияға кім жауапты? Осылай түйдек-түйдек ой қуып, оны терең қорыта алмай, санама салмақ салып, тұңғиыққа сүңгіп кете бердім... Кез келген дін, соның ішінде ислам да адамның білім алуына шектеу қоймайды. Қазіргі заманда сауаты бар адам ешқашан көш соңында қалмақ емес. Сондықтан жастар Алла Тағала берген жастық шақ пен алтын уақытты дұрыс бағалап, білім алуға, кәсіптің белгілі бір саласын игеруге барынша күш жұмсауы қажет. Жастар заманауи техникалық байланыс құралдарының барлық түрін игеріп шығуы тиіс. Діни тұрғыдан алсақ, әркімнің өз халқының дәстүрлерін біліп, сақтап, құрметтегені абзал. Біздің қазақи көшпенді мәдениетіміз басқа мәдениеттерден көпқырлылығымен және біртұтастығымен ерекшеленеді. Бұл дегеніміз, біздің ата-бабаларымыздың дін мәселелерінде ақ-қараны айыра білсе де дінді арнайы салаға немесе өмірдің міндетті бөлігіне айналдырмағанын аңғартады. Ислам діні ешқашан басқа сенімдерге немесе қоғамның құндылықтары мен дәстүрлеріне қарсы шыққан емес. Қазақтар дінді сыртқы атрибутика ережелері мен шартты жоралар жиынтығы ретінде емес, этникалық мәдениет пен халықтың философиясымен табиғи байланысы бар әмбебап діни ілім ретінде қабылдады. Мұның бәрі біздің бабаларымыз ұстанған және қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде насихаттайтын исламдағы «Ханафи мәзхабы» ілімінің арқасында мүмкін болып отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздегі жастарды діни ұстазды таңдауда барынша сақ болуға шақырар едім. Жалған уағызшылардың шақыруын ойланбай қабылдап, жетегінде кетпей, әрбір іс-әрекеттеріңіз бен қадамдарыңызды ақылға салып, оларды қоғамда белгіленген жүріс-тұрыс және адамгершілік нормалары тұрғысынан пайымдауға тырысқандарыңыз жөн. Таяуда Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті. Іс-шараға ата-аналар комитеттері, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымының өкілдері қатысты. Алқалы жиынның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және рухани-адамгершілікке негізделген отбасылық құндылықтарды дамыту мен насихаттауда ата-аналар қауымының белсенділігін арттыру болатын. Іс-шарада Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева баяндама жасай отырып: «2022 жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 155 және өз-өзіне қол жұмсаудың 309 фактісі тіркелді. 2023 жылдың 4 айында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 47 фактісі және өзіне қол жұмсауға оқталудың 137 фактісі болған. Ата-аналардың балаларын дәстүрлі емес діни секталар мен топтарға тарту фактілері де жиілеп барады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде ата-анасы деструктивті діни көзқарасты ұстанатын 2 383 бала бар», деді. Ой таразысына салсақ, ата-аналары әртүрлі діни секталарға, топтарға кіріп, өздерінің жап-жас балаларын сол бұлыңғыр дінге қаратып жатқаны жасырын емес. Елімізде қазіргі кезде 17 конфессия өкілінен құралған 3 088 діни бірлестік жұмыс істейді. Олар қолданыстағы заң талаптарына сәйкес құқықтық рәсімделуден өткен. 3 088 діни бірлестіктің басым көпшілігін мұсылмандық бірлестіктер (2 229) құрайды екен. Бұл халқымыздың тарихи дамуымен байланысты заңды құбылыс та шығар. Ресми мәліметтер бойынша, республикамызда 3 226 ғибадат үйі жұмыс істейді, олардың 70 пайызы (2 269) – мешіттер. Елімізде әртүрлі діндер мен конфессия өкілдерінің бейбіт өмір сүруі және өзара тиімді іс-әрекет етуі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Мұсылмандар, христиандар және басқа діни сенім өкілдері біздің көпконфессиялы және көпұлтты ортақ үйімізде қоян-қолтық араласа өмір сүріп жатқаны белгілі. Ел арасына айқын немесе жасырын теріс пиғылды ниеті бар жат діни идеологияның еніп бара жатқаны анық байқалуда. Осының салдарынан дінге сенуші тұрғындардың кейбір бөлігінің қоғамдық қатынастардың қалыптасқан жүйесін қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартып, өктемдік пен радикализмнің шектен шыққан түріне бой алдыруы аса қауіпті болып отыр. Діни экстремизм мен терроризм – радикализмнің кең тараған түрлері. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары атап көрсетіп отырғандай, мұндай қылмыс түрлері де елімізде етек алуда. Осы жағдайлар көрсеткендей, түрлі қағидалармен және нұсқаулармен қоса берілген діни идея, басқаша айтқанда, «дініңді ұстай алсаң – қасиетіңе, ұстай алмасаң – қасіретіңе» айналады. Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің. Соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды. Бүгіндері жастарымыздың шет мемлекеттерге теологиялық білім алу үшін шығу үдерісіне мемлекет пен тиісті органдар (ҚМДБ) біртіндеп бақылау жүргізуде. Кейбір мұсылман елдеріндегі діни оқу орындарын тәмамдаған отандастарымыз елге оралған соң исламдағы «Ханбалит мәзхабы» іліміне негізделген мәдениетті уағыздап жүргенін байқап жүрміз. Бұл жағдайдың біздің дәстүрлі рухани құндылықтарымызға сәйкес келмейтіні айтылып та жүр. Бұл өз кезегінде дінге сенушілер арасындағы алауыздыққа әкеп соқтыруда. Өйткені қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанған діни дәстүрлеріне қайшы келеді, соның салдарынан қоғамдық және діни қауіпсіздікке айтарлықтай зиянын тигізіп жатқанын мойындауымыз керек. Мысалы, арабтардың салт-дәстүрлерін дәріптейтіндер қазақ әйелдердің хиджаб киюі міндетті екендігін даурыға дәлелдеуге тырысуда. Ат төбеліндей дүмшелер өмірден өткен марқұмдарға Құран бағыштау салтын теріске шығарып, бейіт басындағы құлпытастарды қиратушыларды дұрыс санап, оларды ақтап алуға тырысуда. Сондай-ақ олар адасып жүрген бауырларымыздың тарапынан жасалып жатқан мән-мағынасыз лаңкестік әрекеттерді де дұрыс деп қолдауда. Бәрімізге белгілі, Конституцияға сәйкес азаматтар тарихи және мәдени мұралардың сақталуына, балаларға қамқорлық жасауға міндетті. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың құқығы әрi мiндетi. Бұл ретте кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар да еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауы тиіс. Біздің елімізде орта білім алу міндетті болып саналады. Азаматтардың денсаулығы тек медициналық мекемелер арқылы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың өз тарапынан қамтамасыз етілуі қажет. Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті. Бүгінде жекелеген діни конфессиялардың кейбір өкілдері ойдан шығарылған діни шектеулердің салдарынан қоғамдық тұрмыстың осы бір маңызды компоненттерін жиі елемей жүргендіктен осы аспектіге жіті назар аудару маңызды болып отыр. Жекелеген субъектілердің дінді саясиландыруға талпынып жүргені де жасырын емес. Бұған Конституция және елдегі заңнама арқылы тыйым салынғанын ерекше атап өткен жөн. Қазіргі кезде дінге бет бұрған жастар арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында ислам мемлекеттеріне барып, ілім ізденіп келушілердің саны көбейді. Сол жастарымыздың исламның қазақ қоғамының дәстүрлі ұстанымы мен ерекшеліктеріне, құндылықтарына ешқандай да қарама-қайшылық туғызбайтын тәлім үйреніп келіп жатқандары бар. Десек те діни сауаттылығының таяздығынан жат елде алып жатқан ілімнің парқына бармай, қазақтың ұлттық құндылықтары мен ерекшеліктерін мүлдем жоққа шығарып, кейбір мемлекеттердің идеологияларын дұрыс санап, соны қабылдап, бүгінде ел арасына іріткі салып жүрген жастар да, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті басқа бір беймәлім діни ағымдарға еніп, өздерін және отбасын құрбан етуге, шейіт етуге барып жүргендердің бары қоғамды әжептәуір алаңдатуда. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар әлемдегі көптеген елдер үшін үлгі болып отыр. Жалпы дін қоғам мен мемлекет дамуының қажетті және сөзсіз жағымды факторына айнала бастады. Дейтұрғанмен дінмен байланыстының бәрі бірдей оң сипатқа ие бола бермейді. Сондықтан біз діннің жағымды жақтарын айтып қана қоймай, әрбір жағдай мен үдеріске әділ көзбен, шыншылдықпен қарап, тиісті бағасын беруіміз керек. Өкінішке қарай, дін рөлінің арта түсуі барысында халықтың діни өмірінің кейбір келеңсіз көріністері ашыла бастағанын айта кеткен жөн. Аталмыш мәселені зерделеу көрсетіп отырғандай, елімізде қалыптасқан қағидаларға мойынсынбайтын азаматтар да жоқ емес. Кейбір дінге сенушілердің қоғам алдындағы конституциялық, азаматтық борышын атқарудан бас тарту оқиғалары көрініс алуда. Мысалы, олардың арасында балаларын азаматтық борышы – әскерге жіберуден бас тартып отырған отбасылар бар. Ал базбір жастарымыз, өкінішке қарай, радикалды дінді уағыздаушылардың сөздеріне еріп, соғыс қимылдары жүріп жатқан Шығыс мемлекеттеріне – шетелдерге заңсыз асып, өздерінің кеудесін оққа тосып, «Құдай үшін жанымды қиямын!» деп соқыр сенімге уланып жатыр. Олармен бірге арбауға түсіп, қыр асқан отбасы мүшелері (әйелдері, балалары) одан зардап шегіп, адам төзгісіз қиындықтарға душар болғандықтан Мемлекет басшысының шешімімен арнайы «Жусан» операциясы ұйымдастырылып, жүздеген қандасымыз елге кері жеткізілді. Сөйтіп, соқыр сенімге жеңіл қарап, орынсыз ерген отандастарымыздың балалары мен жұбайлары қалыпты бейбіт өмірге оралды. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, ойлау санасына және олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Қазіргі уақытта мемлекеттің құзырлы мекемелері экстремистік ұйымдардың және олардың идеологтарының қызметін айқындап, тыйым салу бағытында ықпалды шаралар қабылдауда. Сонымен қатар бір мезгілде ақпараттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізіп, әртүрлі діндер өкілдері арасында сұхбат орнату қажет. Рухани-ағарту және тәрбие жұмыстарының сапасын көтеріп, тиімділігін арттыру үшін біз қазақ халқының рухани құндылықтары мен дәстүрлерін, қазіргі жастардың еліктеуіне лайықты қаһарман тұлғаларды белсендірек насихаттауға тиіспіз. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екендігі даусыз және де қоғамның ең иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас. Сондықтан да жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Бұл тұрғыда жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Өйткені ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен емес, шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы тура жолдан адастыруы әбден мүмкін. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауатының жоқ екенін көріп жүрміз. Тіпті базбір имамдар шындықтан алшақтап, «мына қазіргі өмір жалған, уақытша, ал өмірдің рахаты о дүниеде» деп көпшілік құлағын нешебір аңыз әңгімелермен, негізсіз шариғаттармен, ешбір логикаға келмейтін қасаң мәліметтермен қандырады. Оны тыңдаған әлі психикасы, көзқарасы қалыптасып үлгермеген жастар әлгідей жартылай сауатсыз имамдардың сөзіне еріп, теріс пиғылы пайда болады. о дүниенің керемет екеніне сеніп, Алла Тағала үшін жанын құрбан етуге дайын болып, кез келген қиындықты, көңіл жабырқауын жеңудің, қарсыласудың орнына өздеріне өздері қол салуға баратыны жасырын емес. Дін шырмауына түскен қаншама жас суицидпен өз өмірлерін қиюда. Ойланатын мәселе... ...Таяуда Сарысу ауданының Көкжон өңірінде тұратын жақын ағайыным жазылмайтын аурудан көз жұмды. Жоғары білімі болмаса да мына қазіргі өмірдің ағысын білетін, парасатты, ойы терең, тіршілікке көзқарасы дұрыс, ортасы мен ел-жұрт сыйлайтын, ауылдың жөн айтар қариясына, ел ағасына айналған дегдар азамат еді, жарықтық. Бүкіл алыс-жақын өңірлерден, сол аймақтағы ауылдардан жиылып келген ағайын-жекжаттар, жанашыр жандар бас қосып, арулап ақтық сапарға аттандырдық. Қазақтың бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрін сақтап, жаназасы берілді, жылқы сойылып, садақа ас таратылды. Жергілікті ақсақалдардың айтуымен жиналған жұрттың әрбіріне бір мың теңгеден ақша және беторамалдар таратылды. Оған қосымша, жергілікті елдің дәстүріне айналған «төрт төбе» деп аталып кеткен әр рудың сыйлы ақсақалдарына бір-бір шапан мен қой таратылды. Марқұмның жаназасын шығарған имамға бір құнан аталды. Астан кейін, ел-жұрт аяғы басылғаннан соң ретін тауып жергілікті имамға: «Бүгіндері әр ауылда кем дегенде медресені, тіпті діни университеттерді тәмамдаған сауатты имамдар отыр. Олардың айтқан уағызы мен шараларына халық сеніммен қарайды, құлдық етеді. Бірақ олар неге еліміздің Мұсылмандар діни басқармасының қабылдаған шешімдерін жалпы халыққа жеткізіп, о дүниеге аттанып бара жатқан жандардың жақындарына жерлеу, ас беріп, еске алу мәселелері туралы, оларды қалай атқару, ысырапқа жол бермеу жайлы хабардар етпейді. Жақындарының шектен тыс шашылып, қарызға енгізіп, салмақ салмай кетпеуіне неге тоқтау салмайды екен?» деген көңілімдегі сұрақтарды қойдым. Сонда әлгі имам: «Аға, әркімнің өз ойы, ниеті бар. Олар біздің айтқанымызды естісе де өздерінің ойындағысын іске асырады. Өйткені соңғы сапарға аттанып бара жатқан кісінінің жаназасын шығарғанда бұрын өмірден өткен жандарда атқарылған істерден еш кем түспеуге тырысады. Ел-жұрт әңгіме етеді, «туыстары жарамады, дүниелерін қимады, жөндеп шығарып салмады» деген сөздерден қаймығады. Намыстанып, елден қалғысы келмейді», деп жауап қатты. Иә, «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген қазақтың мақалы ойға еріксіз түседі. Бұл нені көрсетеді? Жергілікті дін істері басқармаларының қауқарсыздығына дәлел. Әлі ел арасында сақталып қалған ескі түсініктің мұртының бұзылмай тұрғаны. Жергілікті имамдардың өз қызметтеріне, іс-әрекеттеріне бейжай, немқұрайды қарауы, олардың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімдеріне, Бас мүфтидің нұсқауларына құлақ аспауы. Оларды халық арасына толық жеткізбей, ескі, үйреншікті, қалыптасқан тұрпайы дәстүрлерді бұзбай, жаңашылдық енгізбей отырғаны қынжылтады. Содан барып халық арасында оларға деген сенім жоғалады, жалпы дәстүрлі дін талаптарын орындау істерінде алшақтық орын алады, халықтың діни түсінігінің адасуына себеп болады. «Ата-аналардың балаларын дәстүрлі емес діни секталар мен топтарға тарту фактілерінің орын алу себептерінің бірі осы емес пе екен?» деген ой туады. Ойланатын дүние... Жастарымыздың дін жолында адасуының тағы бір себепкері – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда. Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір нысаны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміздегі жастардың санасының улануына шетелдердегі күмәнді діни оқу ордаларында білім алған азаматтардың тигізген зияны орасан зор. Тәуелсіздіктен кейін шекаралар ашылып, шетелдерде білім алу қолжетімді болған сәтте, қазақ жастары жапа-тармағай алыс-жақын мемлекеттерге жөнелді. Ең өкініштісі, ол жақтарда біздің ұлттық дәстүріміз бен дінімізге сәйкес келмейтін, басқа бір біліммен сусындады. Шетелге барған, діни сауаты аз жастар заңсыз хұжраларда, тіл курстарында сабақ беретін «шейхтардың» улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елімізге оралған кезде әр жерлерде қызметке (мешіттерге имам, ауылдық молда, шырақшы және т.б.) орналасып, жастардың санасының улануына себепкер болды. Сөйтіп, ортамызда ұлттық салт-дәстүрлерімізге іріткі салу әлі де жалғасып келеді. Мәліметтер бойынша, облысымыздың бас мешіті жанындағы медреседе ұлдармен қатар, діни білім алатын қыздар тобы жасақталыпты. Әрине, қолдауға тұрарлық жайт. Өйткені, расына келгенде, ер-азаматтардың көңіліне келмесін, отбасындағы балаларды тәрбиелейтін, сауатын ашатын – олардың аналары. Егер олар балаларына дін туралы сауатты түсінік берсе, олардың дінге деген көзқарасы дұрыс қалыптасады. Бірақ әлгі медреседе білім алып жүрген қыз балалардың ата-аналары кім, олар қандай дінді ұстайды, мақсаттары не екен деген мәселелерге көңіл бөлген жөн деп есептейміз. «Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет. Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді», деді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Астанадағы бас мешітте берілген ауызашар барысында. Сол жиында мемлекет басшысы Қазақстанның рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты екенін қадап айтты. Қазіргі таңда елімізде халықтың, әсіресе жастардың рухани-танымдық тәрбиесін, діни сауаттылығын арттыру маңыздылығы көпшіліктің аузында жүр. Қоғамның діни өмірінің тенденцияларын, діни ахуалды ескере отырып, оны жастарға жеткізіп отыру қажет. Кез келген мемлекеттің жарқын болашағы мен кемелденуі осы жастардың болмысы мен санасына, мәдени дамуына, білім мен тәжірибе деңгейіне байланысты болады. Сондықтан жастардың заманға сай діни білім деңгейлерін арттырып, дәстүрлі құндылықтарды сақтау – бүгінгі күннің басты мәселесі.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар