Экология
«БОНН ШАҚЫРУЫ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
- author AR-AY
- 7 маусым, 2023
- 188
«БОНН ШАҚЫРУЫ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Жолдауларында табиғатқа, жалпы экологияға ұқыпты қараудың маңыздылығы туралы үнемі айтып келеді. 2020 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін, сондай-ақ бұл бағыт өркениетті мемлекеттерде мықтап қолға алынғанын айта келе, осы жаппай үрдістен шет қалуға болмайтынын жеткізген еді.
«Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн.
Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді.
Қазақстанның ұлттық саябақтары мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғап, бұл салада құқық бұзған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапқа тарту тәртібін қатайту керек.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн», дей келе, ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту маңызды міндетіміз екенін жеткізді.
Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес барлық облыс және министрліктің ведомстволық бағынысты мекемелерінде орманды көбейту мен өсірудің бес жылдық кешенді жоспары бекітілді. Мекемелердің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Алдағы бес жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 миллиард теңге, жергілікті бюджеттерден 60 миллиард теңге бөлу жоспарланды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасы «Бонн шақыруы» жаһандық бастамасының елімізде сәтті жүзеге асырылуына мүмкіндік бермек.
«2022-2030 жылдар кезеңінде орман жамылғысын ұлғайту мақсатында Үкімет жеке өнеркәсіптік плантациялар мен орман тәлімбақтарын құруды ынталандыратын қолдау тетіктерін жетілдіруді, сонымен қатар осы салада мемлекеттік-жеке серіктестікті қолдаумен пилоттық жобаларды іске асыруды жоспарлайды. Ормандарды қорғау бойынша ары қарай шаралар жоспарланады. 2020 жылы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық жоспар қабылданды. Жоспарға сәйкес бес жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам ағаш және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызуды қамтамасыз ету қажет, бұл «Бонн шақыруының» мақсаттарына сәйкес келеді», деп жазылған Үкіметтің Климаттың өзгеруіне жаһандық ден қоюға Қазақстан Республикасының жаңартылған ұлттық үлесін бекіту туралы Қаулысында.
Бүгінгі таңда Қазақстан 2018 жылы қосылған «Бонн шақыруы» жаһандық бастамасы аясында орман-тоғайлы аумақтарды көбейту, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Аталған жаһандық бастама шеңберінде 2030 жылға дейін орман өсіру және орманды қалпына келтіру есебінен кем дегенде 1,5 миллион гектар тозған жерді қалпына келтіру жоспарлануда.
Облысымызда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бонн шақыруы» негізінде Жолдауда берілген тапсырмасын орындау мақсатында орман алқаптарын ұлғайтуға және қалпына келтіруге бағытталған «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар дайындалған.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектар болса, 2 миллион 357 гектары орман ағаштары көмкерген жер екен. Орман қоры облыс аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,5 пайызын алып жатыр.
«Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспары аясында 2021-2022 жылдары 35,1 миллион ағаш отырғызылған. Ал 2023-2025 жылдары 105,5 миллион ағаш отырғызылмақ. Оның 16 миллион 655 мың көшеті биыл егіледі. Көшеттердің арасында сексеуіл, қарағаш және тағы да басқалары бар.
Мәселен, Тараз қаласының өзінде «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023 жылы 12 гектар жерге 15 мың тал көшетін отырғызу жоспарланыпты. Қазіргі таңда 7,8 мың тал көшеті отырғызылған. Қала көшелерін абаттандыру және көгалдандыру мақсатында 2023 жылы 3 мың түп, 2024 жылы 5 мың түп, 2025 жылы 5 мың түп 3-5 жылдық ағаш отырғызылады екен.
Қазіргі уақытта еліміздегі орман қорының жалпы алаңы 12 миллион гектар жерді алып жатыр. Бұл Қазақстан аумағының 4,8 пайызын құрайды. Олар Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында шоғырланған. Егер Президент тапсырмасы орындалып, 2 миллиард ағаш отырғызылған кезде еліміздегі орман көрсеткіші толық 5 пайызға жетеді.
Таза ауа мен табиғаттың, қоршаған ортаның жайлылығы әркім үшін де алаңсыз өмір сүруде ең басты қажеттіліктердің бірі. Технология қарыштап дамып, өндірістің қарқыны артқан сайын әлемде экологиялық ахуалдың ақсап тұрғаны жасырын емес. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау әлем жұртшылығының күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің қатарында. Осы орайда «Бонн шақыруы» және басқа да экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жаһандық бастамалар қоршаған ортаны қорғап, өзімізге және болашақ ұрпағымыздың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасамақ.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала