Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, ағымдағы жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы сараланды. Оған облыстық басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Жиында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бюрократтық кедергілерді жою, халықтың сеніміне ие болу бақылау органдары жұмысының басты бағыты болуы тиіс екенін атап айтты. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.
Онда бірінші мәселе бойынша алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғани Тубаев баяндама жасады. Ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік қызметшілер, басшылар заңды сақтап, елге адал қызмет етулері керек екенін жеткізді. Сонымен бірге биыл тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мәлімдеді.
Баяндамашының мәлімдеуінше, республикалық және облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты 6 қылмыстық іс тіркелген.
Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, былтырғы жыл сыбайлас жемқорлықтың азаюының оң динамикасын көрсетсе, тек жыл басынан бері тіркелген қылмыс саны да, келтірілген залалдың көлемі де айтарлықтай өскен. Тіркелген қылмыстық істер бойынша 459,5 миллион теңге көлемінде залал келтірілсе, оның 378,2 миллион теңгесі қайта өндірілген.
Ғани Салиұлы өз сөзінде департамент сыбайлас жемқорлықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтау және оны жою мақсатында да нақты шаралар қабылдап жатқандығын жеткізді.
– Кешенді сыртқы талдау жұмыстарымен ауыл шаруашылық басқармасына – 30, көліктік бақылау инспекциясына – 21 ұсыныс енгізілді. Аталған екі органның ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметі тиісті деңгейде іске асырмағандығы белгілі болды. Сол сияқты, ұзақтығы 83 шақырымды құрайтын «Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент» жолы да 9 рет 2 миллиард 394 миллион теңге көлемінде жөнделген. Ал ұзындығы 92 шақырымды құрайтын «Ақкөл-Ойық-Ұланбел» жолы 7 рет жөнделіп, оған 2 миллард 582 миллион теңге қаражат жұмсалған. Аталған өңірдегі карьерлерге ауыр жүк тасымалдаушы көліктер жиі жүруіне қарамастан, инспекция қызметкерлері бақылаумен тек «Күйік» немесе «Қордай» бағытындағы жол учаскелерін ғана қамтып келген. Осылайша автомобиль көлігіндегі бақылауды тиісінше жүзеге асырмауының және де салынған жол сапасыздығының салдарынан жергілікті маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде, – деді Ғани Тубаев.
Басқосуда «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарған жұмыстары туралы Назима Жұбандықова баяндады. Сонымен қатар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаевтың есебі тыңдалды.
Жиынды қорытындылай келе Нұржан Молдиярұлы ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептерін егжей-тегжейлі талдау және нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жүйелі, кешенді шаралар жүргізу қажет. Жергілікті атқарушы органдар халық үшін ашықтықты қамтамасыз етуге
міндетті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала