Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қордайда қомақты іс көп

Қордайда қомақты іс көп
Автор
Қордай ауданы соңғы жылдары тұрақты дамып келе жатқан аудандар қатарына жатады. Әсіресе аудан экономикасының жетекші салаларының қарқыны тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне соны серпін беруде. Өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету секторы, құрылыс пен әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында да бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Солардың ішінде ауылшаруашылығы саласының алар орны ерекше.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбектің айтуынша, осы жылға бекітілген жоспар бойынша ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 89 миллиард 170 миллион теңгеге жетуі тиіс. Бұл көрсеткіш өткен жылдың нәтижесінен жоғары. Былтыр аудан шаруалары 83 миллиард 587 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Ол кезде нақты көлем индексі 104,8 пайызды құраған екен.

Мемлекет басшысы қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қазіргі таңда ең өзекті міндеттің бірі болып отырған ауылшаруашылығы және логистика орталықтарын дамыту жайына баса тоқталды. Президент өз сөзінде: «Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту. Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз 100 пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят. Бұған қоса, дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту керек. Сондықтан аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек»,– деді.

Ауданымызда ауылшаруашылық саласы экономиканың басты бағыттарының бірі болғандықтан бұл салаға әуелден-ақ баса мән беріліп келеді. Соның нәтижесінде өнім көлемі жылдан-жылға артуда. Мәселен, биылғы ауылшаруашылығы бойынша жалпы жоспардың ішінде егіншаруашылығының үлесі – 54 миллиард 86 миллион теңге болып белгіленген. Бұл бағыттағы нақты көлем индексі 108,6 пайыз деңгейінде межеленді. Салыстыра айтқанда, былтыр егіншаруашылығы саласында 49 миллиард 990 миллион теңгенің өнімі алынып, нақты көлем индексі 109,3 пайыз болған еді. Ал малшаруашылығы бойынша биылғы жоспар – 35 миллиард 83 миллион теңге, нақты көлем индексі 104,9 пайыз болып отыр. Былтыр бұл салада 33 миллиард 467 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 98 пайызды құраған.

Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін аудан бойынша жалпы 29 миллиард 896 миллион теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл кезеңдегі нақты көлем индексі 96,7 пайызды көрсетті. Оның ішінде егіншаруашылығы бойынша 12 миллиард 202 миллион теңге, ал малшаруашылығына қатыстысы 17 миллиард 693 миллион теңге болып отыр.

Ауданда егістік жердің жалпы көлемі 137 мың 787 гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 386 гектарға артық. 2025 жылы ауылшаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары жоспардан асыра орындалды. Нақтырақ айтсақ, күздік бидай 18 мың 713 гектарға, жаздық арпа 39 мың 313 гектарға, дәндік жүгері 7 мың 845 гектарға себілді. Сондай-ақ 3 мың 820 гектарға көкөкніс, 349 гектарға бақша өнімдері, 650 гектарға мақсары, 2 мың 678 гектарға картоп, 61 гектарға қант қызылшасы егілді. Бұдан бөлек, көлемі 30 мың 476 гектарды құрайтын мал азығы дақылдары бар. Жалпы егілген алқаптың көлемі 104 мың 106 гектарды құрады. Бұл бекітілген жоспардағы 103 мың 780 гектардан 326 гектарға артық, яғни жоспар 100,4 пайызға орындалды, – дейді Бекзат Сейсенқұлұлы.

Осылайша, жыл басынан бері малшаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетсе, егіншаруашылығы өнімінің көлемінде ауа райы қолайсыздығының әсерінен аздап төмендеу байқалған. Дегенмен аудан шаруалары жылдық жоспарды орындау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Соның нәтижесінде диқандар биылғы егін орағын жоспарға сай толық аяқтаған. Мысалы, дәнді масақты дақылдардың жиналған көлемі 65 мың 871 гектарды құрап, меже 100 пайызға орындалыпты. Қамбаға құйылған астық мөлшері 70 мың 468 тоннаға жеткен. Орташа өнімділік әр гектардан 12,2 центнерді көрсетсе, оның ішінде күздік бидай 18 мың 713 гектардан жиналып, 23 мың 291 тонна өнім алыныпты. Күздік бидай әр гектарына орта есеппен 12,5 центнерден өнім берген. Ал жаздық арпа 39 мың 314 гектардан орылып, 47 мың 177 тонна астық бастырылыпты. Өнімділік гектарына 12 центнер болған. Жаздық дақылдар жайы да қуантарлық нәтиже беріп отыр екен. Бақша өнімдерінің 349 гектары толық жиналып, одан 9 мың 877 тонна өнім алынған. Әр гектардан орта есеппен 283 центнер өнім жиналған. Картоп жинау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2 мың 678 гектардың бүгінде 1 мың 760 гектары жиналып, 42 мың 381 тонна өнім алыныпты. Орташа өнімділік гектарына 240,8 центнерді құрапты. Көкөніс алқаптарының 3 мың 813 гектарының бүгінге дейін 3 мың 478 гектары жиналған екен. Нәтижесінде 113 мың 936 тонна көкөніс жиналыпты. Оның ішінде қырыққабаттың 122 гектарынан 2 мың 721 тонна өнім алынып, гектарына 223 центнер берген. Сәбіздің 135 гектарының 106 гектарында жиын-терін науқаны жүргізіліп, әр гектар 250 центнердан, жалпы 2 мың 650 тонна өнім берген. Пияз алқабының 2 мың 267 гектарынан бүгінде жиналатын 247 гектар қалды. Бұл дақылдың орташа өнімділігі гектарына 380 центнерді құрап, әзірге 76 мың 760 тонна пияз жиналған.

Жүгері алқабына да орақ түскелі біршама уақыт болды. 7 мың 845 гектардың бүгінгі күнге дейін 1 мың 804 гектары орылып, одан 11 мың 726 тонна жүгері алыныпты. Әр гектардың өнімділігі орта есеппен 65 центнерді құраған.

 

ШАРУАЛАРДЫҢ ІСІ ШИРАҚ

Жалпы күз мезгілі жиын-терін жұмыстарының қызатын шағы. Себебі шаруалар ала жаздай төккен терінің рақатын осы мезгілде сезінетіні белгілі. Осының ішінде пияз дақылын өсірумен айналысатын диқандар жайын сөз етсек, оны күтіп-баптау, жинау, сатып пайда табудың қыр-сырын толық меңгерген, осы істі көпжылдан бері кәсіпке айналдырған тәжірибелі шаруалар жетерлік. Бұл аудан аумағындағы шаруалардың пияз өсіруді дәстүрлі кәсіпке айналдырғанын көрсетеді. Бұл осы пайдалы өнімге деген сұраныстың көптігіне байланысты деуге болады. Осы ретте біз өнім жинау үстіндегі Степное ауылдық округіне арнайы барып, шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Соның бірі – пияз өнімімен айналысып келе жатқан шаруагер Ибрагим Нуну.

– Шаруа қожалығымда 60 гектар жер бар. Алқапқа тамшылатып суару әдісін қолданудың арқасында өнім де нәтижесін беріп отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшыларымыз жүзден асып кетеді. Одан бөлек, 4 бірлік ауылшаруашылығына қажетті техникаларымыз бар. Биыл гектарына 70-80 тоннадан өнім алып жатырмыз, – дейді ол.

Шаруашылық басшысының айтуынша, жұмысшылардың жалақысы төккен теріне қарай төленеді екен. Мұнда аянбай, адал еңбек етсең алатын ақың да қомақты болмақ. Жергілікті жүз адамды жұмыспен қамтып отырған оның шаруа қожалығының әлеуеті зор. Сондықтан Ибрагим Нуну биылғы көрсеткішпен тоқтап қалмай, алдағы жылы егістік алқабының көлемін ұлғайтуға ниетті.

– Мен маусымдық жұмыстарға жылда қатысамын. Себебі біз сияқты жұмыссыз ауыл тұрғындары үшін бұл өте тиімді. Аз уақыт болса да еңбек етіп, ақысын аламыз. Шаруашылық тарапынан жұмысшылардың өнімді еңбек етулері үшін барлығы қарастырылған. Таңалакеуімнен күн батқанша еңбек етудеміз. Алқап көлемді болғандықтан жүзден аса жұмысшы отбасының нәпақасын табу мақсатында еңбекке қызу кірісуде. Бір айта кететін жайт, алқапта жұмысшылардың шын көңілімен еңбек еткені көрінеді. Қазіргі нәтижеге тоқталар болсам, бізге жоғары сұраныс пен тұрақты жұмыс күшінің арқасында мол өнім терілуде. Маусымдық жұмыстар кезінде әріптестеріміздің саны артты, – дейді жұмысшылар тобының бригадирі Тұрдыгүл Дәулетбаева.

Пияз өсірудің жоғары көлемі аймақ экономикасына да оң әсерін тигізуде. Нарықтағы сұраныстың тұрақтылығы және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының пайда болуы – барлығы да күзгі жиын-терінде көрініс табады.

Бүгінде ауданда егіншаруашылығына заманауи технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде суды үнемдеу әдістеріне ерекше назар аударылып отыр. Өткен жылдары ауданда 17 мың 188 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілген болатын. Бұл әдіс шаруалардың өнімділігін арттырып қана қоймай, суды үнемдеп, шығынды азайтуға үлкен мүмкіндік беруде. Осы жылға бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтып, 18 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланыпты.

Осы жылы іске қосылған жаңа жобалардың ішінде 666 гектар алқапқа жаңа технологияны енгізілген. Мәселен, «Жайсан и К» шаруа қожалығы 60 гектар жерге дәндік жүгері егіп, су үнемдеу технологиясын қолдануда. «Байзақ» шаруа қожалығы да 64 гектар жүгерісін осы әдіспен ылғалдандырыпты. «Нұр» шаруа қожалығының үлесі – 132 гектар, ол да дәндік жүгері еккен. Сондай-ақ «Аухаттылық» шаруа қожалығы 60 гектарға жүгері егіп, жаңа тәсілдің рақатын көруде. Бұдан бөлек, Масанчи ауылдық округінде 100 гектар, ал Сортөбе ауылдық округінде 250 гектар жерге пияз бен сарымсақ егіліп, заманауи технологияның арқасында су үнемді пайдаланылуда.

2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі нақты есеп бойынша аудандағы ірі қара мал саны 89 мың 300-ді құрапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,6 пайызға артық. Жылқы түлігінің де саны көбейіп отыр, бүгінде 20 мың 400 жылқы тіркелсе, өсім – 110,3 пайыз. Қойшаруашылығында да тұрақтылық сақталған. Ауданда 479 мың 900 қой бар болса, бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейде қалып отыр. Ешкі саны 8 мың 400 басқа жетіп, 3,1 пайызға өскен. Құстар саны 110 мың 500 болса, есепті кезеңмен салыстырғанда аз да болса өсім бар, яғн 100,2 пайыз.

Малшаруашылық өнімін өндіру көлеміне тоқталсақ, ауданда тірідей салмақта 7 мың 634 тонна ет өндіріліпті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,2 пайызға жоғары. Сүт өндіру көлемі де артқан, жыл басынан бері 31 мың 625 тонна сүт сауылып, көрсеткіш былтырғыдан 101 пайызға орындалған. 2025 жылдың сегіз айында барлығы 13 миллион 405 мың жұмыртқа өндіріліпті.

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы болғандықтан қоғамда оларға деген құрмет арта түскені белгілі. Соның ішінде шопандар қауымына деген көзқарас та өзгеруде. Қазақта «қойдай қоңыр едік» деген сөз бар. Бәлкім, бұл қойдың адамзатқа пайдасынан басқа залалы жоқ, киелі мал деген ұғымынан келіп туған ой болса керек. Негізінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі алма ғайып кезеңде қойшаруашылығының кенжелеп қалғаны жасырын емес. Бірақ соңғы уақытта қайта жанданған бұл кәсіп түрі тұрғындардың тұрмысының жақсаруына дем бере бастады.

Жалпы Қордай ауданы малшаруашылығын өркендетуге өте қолайлы аудан. Жері жайсаң, суы мол. Содан болар мұнда жұртшылықтың дені мал мал ұстағанды қолайлы санайды. Жаз жайлау, қыс қыстауда мал өргізген шаруашылықтың бірі – Керу елді мекеніндегі «Бесқайнар» шаруа қожалығы. Мал бағу – маңдай тер мен төзімділікті талап ететін, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін кәсіп. Арнайы оқуды талап етпейтін бұл істі бала күнінен бойына сіңіріп, өмірінің мәніне айналдырған жандардың бірі Сәрсен Шүйіншалиев. Жастайынан мал өсіруге қызығатын Сәрсен Бекболатұлы бүгінде шаруа иелігіндегі 40 бас сиыр және 600 бас асылтұқымды «Еділбай» қойына жауапты.

– Шаруа қожалыққа тиесілі егістік жерлеріміз де бар. Орақ кезінде ол жерлерді орып, малдың қыстық азығын дайындаймыз. Биыл қолдағы малды аман-есен төлдетіп, санын арттырдық. Мал өсіру оңай шаруа емес. Ала жаздай малдың жайымен жайлауда жүрсең, ал қыста қорадағы қарбалас тірліктің барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді, – дейді Сәрсен Бекболатұлы.

Қойшаруашылығының қайта жаңғыруы ауыл тұрғындарының табысын тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтау және жаңа мүмкіндік ашуға көмектесуде. Бұл – ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтудың нақты көрінісі.Табиғи байлық пен іскерлік ниетті жоғары ұстай отырып, малшаруашылығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған тұрақты даму жолына түсті. Жалпы малшылар Шопан ата тұқымын көбейту жолында жанқиярлық еңбектің үлгісін танытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген еңбеккерелер.

Президент Жолдауынан туындаған міндеттердің орындалуы ең маңызды мәселенің бірі. Ауылшаруашылығына қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасынан алда бірқатар ауқымды іс атқарылуы қажеттігін аңғаруға болады. Мемлекет нақ осы салаға қаржы құюда аянып жатқан жоқ, шаруаларға төмендетілген пайызбен несие беру, субсидиялау секілді қолдау шаралары жыл сайын көрсетілуде. Президент осы қаржыны дұрыс пайдалануды меңзеп отыр. Шетелден де, өз елімізден де қаржы құйып, ірі жобалар жүзеге ысырылуы керек. Енді астық, ет, сүт секілді кез келген шикізатты сол күйінде емес, өңделген күйінде өткізуге басымдық беріледі. Әр облыста өнімді алқаптан дүкенге дейін жеткізетін толық тізбек құру жоспарлануда. Бұл ретте жүйелі жұмыс жүргізуді қолға алған серіктестіктер бар, енді солардың тәжірибесін елге таратылып, өңір-өңірде тиімді жұмыс істеле бастайды. Бұл жерде саланы цифрландыру, жаңа технологияны көптеп енгізу маңызды болмақ. Сондай-ақ өнімді сақтау, тасымалдау, өткізу жеңілдетіледі. Шетелдік серіктестермен де жұмыс істеу, жасанды интеллектіні пайдаланау, инвестиция көлемін арттыру ісі жанданады. Бүгінде Қордай ауданына да инвестиция тарту қарқынды жүргізілуде. Жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Инвестиция тарту саясатына басқаша көзқараспен қарауымыз керек» деген сөзі уақыт талабынан туындап отырған маңызды жайт. Инвестицияның өңдеу саласына бағытталуы қосымша жұмыс орындарын ашады әрі жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Бұл ретте Қордай ауданында ауылшаруашылығы өнімдері мен өңдеу әлеуеті жоғары өңір ретінде инвесторлар үшін тиімді аймаққа айналып келеді. Сондықтан инвестиция тарту жүйесінің жеңілдеуі, қағазбастылықтың азаюы аудандағы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болып отыр. Ауданның ауылшаруашылық саласына биылға арналған инвестиция жоспары 8 миллиард 31,5 миллион теңгені құрапты. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 2 миллиард 566,4 миллион теңгенің қаржысы тартылған. Бұл қаражатқа нақты жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда мал қора салуға бағытталған сегіз жоба қолға алынып, оған 1 миллиард 910 миллион теңге жұмсалған. Сондай-ақ бір бордақылау алаңының құрылысына 360 миллион теңге қарастырылыпты. Бұдан бөлек, шаруалардың жұмысын жеңілдету үшін 52 дана ауылшаруашылығы техникасы сатып алынса, оған 296,4 миллион теңге бөлініпті. Қазіргі уақытта ауданда жалпы 2101 ауылшаруашылығы техникасы бар екен. Оның ішінде 33 комбайн, 809 трактор, қалған 1259-ы басқа түрлі техникалар көрінеді. 2025 жылы жаңа 81 техника алынған, оның ішінде 60-ы трактор, 21-і басқа құрал-жабдықтар, ал комбайн әзірге сатып алынбаған. Бұл ретте ауылшаруашылық техникасын жаңартуға жұмсалған қаржы көлемі – 662,3 миллион теңге. Жалпы жоспар бойынша биыл техниканың 10 пайызын, яғни 160-тайын жаңарту керек еді. Бірақ 1 қыркүйекке дейін 61 жаңа техника ғана сатып алынған. Сондықтан әзірге жаңару деңгейі 3,8 пайызды құрапотыр. Аудан мұнымен тоқтап қалмай, қосымша инвестиция тарту бағытында тағы да жаңа жобалар қарастыруда.

 

АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕР ДАМЫП КЕЛЕДІ

Ауыл шаруашылығы сөз болғанда ойға ауылдық елді мекендер оралатыны белгілі. Бұл ретте ауылдық округтерде дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарып келе жатқанын да айта кетуіміз керек. Мәселен, Қарасу ауылдық округінің әкімі Жанияз Әлханның айтуынша, осы ауылдық округ құрамында Қарасу және Өтеген ауылдары бар. Мұнда 5872 адам тұрып жатса, олардың қатарындағы 13 өзге этнос өкілдері де тату-тәтті ғұмыр кешуде. Тұрғындардың кейбірі ауылдық округте 4 мектеп пен 2 балабақшада, бір спорт мектебі мен амбулатория, фельдшерлік пункт, Мәдениет үйі, ауылдық клуб, сондай-ақ жекелеген дүкендер, дәріханалар мен өзге де шағын бизнес нысандарында жұмыс істеп, күнелтіп отыр.

– 2021 – 2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 35 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік осал санаттағы үш отбасы жалпы сомасы 1,6 миллион теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды. Сонымен қатар онкологиялық және туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеуге, газ желісіне қосылудағы көмекке және тыл ардагерлеріне қолдау көрсетуге тиісті қаражат бөлінді. Ауыл тұрғындарының бастамасымен 2 миллион теңгеге жуық көлемде қайырымдылық көмек көрсетілді. Округтегі мектептерде 782 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, оның 128-і әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан. Қазіргі таңда Қарасу ауылында 300 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектеп 2025 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Денсаулық сақтау саласында екі медициналық мекеме жұмыс істейді. Есепті кезеңде округте 52 сәби дүниеге келді. Қарасу ауылдық округіне барлығы 95 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Оның 45-і Қарасу ауылында болса, оның 27-сі егін егумен, 18-і малшаруашылығымен айналысады. Ал Өтеген ауылында 42 шаруа қожалығы бар, олардың сегізі малшаруашылығына ден қойған. Мал санын сөз етсек, Қарасуда 20 мыңнан аса төрт түлік бар. Оның ішінде 1545-і сиыр, 18 776-сы уақ мал, 325-і жылқы және 2435-і құс. Ал өтегендіктерде 2895 мал бар. Оның 934-і сиыр болса, 1979-ы қой мен ешкі, 184-і жылқы және 565 құс ұстап отыр. Ауылдық округте жер көлемі де жеткілікті. Жалпы округтің жер қоры 29 682 гектарды құрайды. Округтегі ауылшаруашылығы мақсатындағы жер – 26 726 гектар. Оның 18 708 гектары Қарасуда, ал 8018 гектары Өтегенге тиесілі. Егістік жердің көлемі – 7121 гектар болса, жайылым – 18 860 гектар, шабындық – 745 гектар. Егін жинау науқанына келсек, кейбір дақыл түрлері болмаса, егін жинау ісі түгел аяқталды. Биыл «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 750-ден астам ағаш отырғызылып, санитарлық тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Көшелерге жарық шамдары орнатылып, бейберекет қоқыс орындары жойылды. Сонымен қатар су құбырлары мен жарықтандыру желілерінің күтімі жүргізілді, қазір стадион мен саябақты жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. 2025 жылға ауылдық округ бюджетінің кіріс бөлігі 106 миллион теңге болып жоспарланған. Жылдың 8 айына дейін 33,6 миллион теңге, яғни 31,6 пайыз көлемінде кіріс түсті – дейді ауылдық округ әкімі.

Жанияз Әлхан өз сөзінде округ бойынша жыл басынан бері бірде-бір қылмыстық құқықбұзушылық тіркелмегенін, бұл ауылдық округте «Заң мен тәртіп» қағидатының көрініс тауып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын таба беретінін тілге тиек етті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар