Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БІР АУЫЛДЫ ЖЫЛАТҚАН АҚЖАЛ АЙҒЫР

БІР АУЫЛДЫ ЖЫЛАТҚАН АҚЖАЛ АЙҒЫР
ашық дереккөз
БІР АУЫЛДЫ ЖЫЛАТҚАН АҚЖАЛ АЙҒЫР
Өткен ғасырдың сексен бесінші жылы. Сәуірдің аяғы. Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетінің редакциясында бөлім меңгерушісі қызметіндемін. Редактор Базар Қилыбаевтың тапсырмасымен Социалистік Еңбек Ері Байгелді Кейкиевтен сұхбат алу үшін Ерназар ауылына тарттым. – Мен соғысқа қатысқан жоқпын. Тылдан майданға керекті азық-түлік, киім-кешекті жіберіп тұрдық, шамамыз келгенше. «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен ғой баяғы. Тылда болғаны құрысын. Ажал сеуіп тұрған оқтан аулақтығы демесең, соғыстағыдан ауыр. Майданнан жеткен суық хабардан екі күннің бірінде ауыл іші азан-қазан болып, жақыны қайтып жаны күйзелген адамдардың мүшкіл хәлін көргенде, пошташының «қара қағаз» келіп кісісі қайтқан үйге қазасын естірткенде жан азабын шекпей тұра алмайсың. «Бұдан гөрі майданда жаумен шайқасқаным жақсы еді-ау!» деген кездер болды ғой, – деп бір тыныстап алды көзі тірі шежіре қария. – Адам түгіл айуанды күйзелтті ғой бұл соғыс. Мен соны айтайын саған, жазып ал, – деп әңгімесін әрі қарай жалғады Еңбек Ері. ...Майданға Жамбыл стансасынан бір үйір жылқы жөнелттік. Ауылдағы мініске, шаруаға жарайтын жылқыны іріктеп алып айдап барып, вагонға арттық. Майданда арба, зеңбіректер сүйреу үшін керек болса керек. Жылқыны жайдақ вагонга артты. Өткізіп ауылға қайттық. Ауылда шаруаны жайлап, кешке қарай адамдармен әңгімелесіп тұрғанбыз. Ертеңгі тірлік,соғыс туралы ғой баяғы. Осы кезде Жұма жақтан шаң көрінген. Ауылға қарай ұрып келеді жалғыз қара. «Басыңа көрінгір, ауылға қарай шапқаны несі!» деп қалды тұрғандардың бірі. Ырымшыл халықпыз ғой, бізге аттылы адам шауып келе жатқан сияқты көрінген. Жақындай келе айқындала түсті. Шауып келе жатқан жалғыз жылқы. Үстінде адамы жоқ. «Ой, мынау аттылы адам емес, Науаттың атасының ақжал айғыры екен ғой» деп қалды тұрғандардың бірі. Ал шауып келе жатқанда кісінеген айғырдың үнінен кісінің аза бойы қаза болғандай. Ерекше! Мен жылқының олай кісінегенін көрген емеспін, қанша жыл мал ішінде жүрсем де. – Жануар-ай, мықты екен. Біз артқан вагонның ысырмалы есігін белдеу ағашпен мықтаған-ақ сияқты еді, – деп қалды жылқы айдап барғандардың бірі, – Одан қарғып шығуы да мүмкін емес. Адамдар ол кісінің таңданыспен айтқан сөзіне онша көңіл бөліп жатқан жоқ. Екі көздері жақындап қалған ақжал айғырда. – Ойпырмай, жануар-ай! Сонау Әулиеатадан ауылды тауып келгенін айтсаңшы! – Қамбар ата түлігі – текті ғой. Жылқы ауылды, жайылған жерін, үйірін айшылық алыс жерден де тауып келе береді. Мәселе, аттылы кісінің бойы көрінбейтін вагоннан қалай шыққаны туралы болып тұр ғой. – Біз артқанда, вагон онша тола қоймаған болатын. Келесі бір әкелінген үйірді артып жатқанда ашылған есіктен сытылып шаққан-ау шамасы! – Сен де айтасың-ау, сытылып шығатын бұл адам ба еді?! Құдайдың құдіретімен шығып кеткен-ау жануар! Әркім әртүрлі әңгіме айтып жатыр. Адамдардың көздерінде жас. Бәрі де киелі жануардың ауылға қайта айналып келгенін қан майданнан азаматы аман оралғандай қабылдаған сыңайлы. Көз жастары тыйылар емес. – Жылқы киелі мал ғой. Азаматтарымыз жауды жеңіп, ауылға жеңіспен аман-есен оралады екен! – деді бір қария осы бір оқыс оқиғаны жақсылыққа жорып. – Аузыңызға май! Айтқаныңыз келсін! – Иншалла, періштенің құлағына шалынсын!- десіп жатыр барлығы да. Содан кейін көңілге үміт ұялағандай болған. Ауыл жаққа қарасам, еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін есік алдына шығып қарап тұр екен. Бәрінің де тамашалағандары – әлгі көрініс. Әйелдердің жаулықтарының ұшы көздерінде. Қарттардың да кемсеңдеп тұрғаны айтпаса да түсінікті. Кешегі қу соғыс адам түгілі айуанға да зардап шеккізді ғой... Сол кезде тоқсанға қарай аяқ басса да, Байгелді қарияның сөзі тың еді. Зерделі қарт «осылай да болғанды» аңғартып отыр. – Қалай десек те киелі малдың сол бір әрекеті ауыл адамдарын жылатты да, жұбатты да. Көңілге үлкен үміт ұялатты. Жазғыш болсаң, мен айтқан осы бір әңгімені жаз келістіріп, – деп сөзін түйіндеді қария. «Қарғыс атқыр, соғыс-ай! Сен салған жара адамдар жүрегінен әлі де жойыла қоймапты-ау!» деген оймен оралдым жұмысқа. Енді соғыс болмаса екен. Балалар көрмесе екен ата-әжелері көрген соғыс ауыртпашылығын! Қазір әлемнің әр түкпірінде болып жатқан қақтығыстар шошытады көңілді. Бүкіл әлемде соғыс болмасын! Жер бетінде тек бейбітшілік салтанат құрсын!

Болат ЖАППАРҰЛЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар