Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ – ҒАЛАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАҒАН ДИАЛОГ АЛАҢЫ

АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ – ҒАЛАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАҒАН ДИАЛОГ АЛАҢЫ
ашық дереккөз
АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ – ҒАЛАМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАҒАН ДИАЛОГ АЛАҢЫ
Астана қаласында 8-9 маусым күндері Астана халықаралық форумы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әлемдегі жағдайды ашық талқылау, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту мақсатында өткен форум жұмысына әлемнің 70 елінен келген қонақтар қатысты. Форумның ашылу салтанатына Қасым-Жомарт Кемелұлы қатысып, алқалы басқосу серіктестікке бастайтынына сенім білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Президент жиынға қатысу үшін елімізге арнайы келген Қатар Әміріне, Қырғызстан Президентіне, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасына, Өзбекстан Премьер-министріне ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы жаһандық экономиканың қазіргі жай-күйі мен өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасу үшін аталған форумның маңызы зор екенін атап өтті. – Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы. Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен негізі қаланған әлемдік тәртіптің іргетасының бұзылу үдерісіне куә болдық. БҰҰ бүкіл адамзатты біріктіретін бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала береді. Осы ретте Қауіпсіздік Кеңесінің жан-жақты реформаларынсыз бұл сын-қатерлерді шешу ісінде табысқа қол жеткізе алмаймыз. Кеңестегі «Орта державалардың» өкілдерінің пікірі мейлінше салмақты болуға тиіс. Жуырдағы COVID-19-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі «жаңа дағдарыстар» біздің нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін бұрынғы «блоктарға» бөлінушілік ой-санасына қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Жікке бөлінушілік күші тек геосаяси мәселемен шектеліп қалмайды, оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды», дей келе, әлемдегі жаңа дағдарыстың ықпалына қатысты ой-пікірімен бөлісті. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан сенімді сауда-экономикалық серіктес ретінде Орталық Азияның экономикалық локомотиві рөлін атқарып отыр. Сөз соңында Президент форум ортақ мәселелерді шешуге, сондай-ақ әріптестікті, даму мен прогресті ілгерілетуге өз үлесін қосатынына сенім білдіріп, жиынға қатысушыларға табыс тіледі. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуле, ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмид және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – ЭСКАТО ұйымының атқарушы директоры Армида Салсиа Алисджабана сөз сөйледі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш форум қатысушыларына видеоүндеу жолдады. Форум аясында сарапшылар сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік мәселесін жан-жақты талқылап, ойларын ортаға салды. Сарапшылардың айтуынша, жаһандағы геосаяси тұрақсыздыққа соңғы 30 жыл ішінде әлемде орын алған 170 әскери қақтығыс себеп болыпты. Соңғы 10 жылда Ирак, Ливия, Сирия, Украина, Таулы Қарабақ, басқа аймақтардағы қанды қақтығыстар – соның куәсі. Тіпті технологиялық әлеуеті жоғары Корея, Жапония секілді мәдениетті елдердің де қарсыласы бар. Ал жиында баяндама жасаған Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиевтің сөзіне сүйенсек, Орталық Азиядағы жетекші ел Қазақстан көпқырлы саясатының арқасында әлемде бейбітшілікті сақтап отыр. «Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ұтымды әрі прагматикалық көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанған дұрыс екені тағы да дәлелденді. Біздің Еуразия орталығындағы геосаяси жағдайымызда маңызды экономикалық, энергетикалық, көлік-логистикалық әлеуетімізге орай шектеулі аймақтық проблемаларға ғана назар аударып отыра алмаймыз. Сондықтан еліміздің сыртқы саясатының көпвекторлылығы әлемдік және аймақтық істерде маңызды рөл атқаратын және біздің міндеттерімізді іске асыруда практикалық қызығушылық тудыратын барлық мемлекетпен көпқырлы, достық, өзара тиімді және болжамды қарым-қатынастарды дамытуға бағытталуын білдіреді», деді спикер. Сондай-ақ форумда сөз сөйлеген саясаткерлер, сарапшылар Астана халықаралық форумы оң өзгерістер жасауға бағыт беретінін айтты. «Астанада өтіп жатқан форумның әлемдік мән-маңызы ерекше. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ашық әңгіме алаңы дағдарыстарды еңсеру үшін бүкіл әлемнің күшін біріктіріп отыр. Осы тұрғыда Экономикалық және әлеуметтік кеңестің негізгі мақсаты – барлық елдерде «қуатты, инновациялық және нақтылы іске асырылатын саяси басшылықты» қамтамасыз ету екенін баса айтқым келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген дипломаттар, БҰҰ өкілдері мен сарапшылар геноцид, этностық тазарту, әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстардың алдын алу шараларын жан-жақты талқылады. Геноцид белгілі бір ұлтқа, нәсілге немесе дінге жататын адамдар тобына қарсы бағытталған әрекеттерді білдіреді. БҰҰ жаһандық дағдарыстар, соның ішінде қақтығыстар мен азық-түлік пен энергия бағасының өсуі аясында мұндай қатыгездіктің қаупі арта түсті деп біледі. Жағдайды COVID-19 пандемиясының салдары және климаттың өзгеруі қиындатып жіберді. Осы тұрғыда бүкіл адамзатқа ортақ негізгі құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың рөлі ерекше. Оларды жүйелі жүзеге асыру үшін халықаралық үнқатысуды күшейтіп, осындай өзара тиімді форумдарды жиі өткізіп тұру керек», дейді Болгарияның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің төрағасы Лачезара Стоева. Ал Эфиопияның экс-президенті Мулату Тешоме әлемнің әр жерінде соғыс өрті тұтанып, саяси шиеленістер орын алып жатқан күрделі кезеңде достық пен ынтымақтастықты нығайту маңызды екеніне тоқталды. «Бұл Форумға үлкен үмітпен келіп отырмыз. Африка құрлығы үшін өткен ғасырдың 1980 жылдарына дейінгі кезеңді мемлекетаралық қарым-қатынас, әріптестік тұрғысында «жоғалған уақыт» деуге болады. Қара құрлықтың көптеген елі милитаристік басқару жүйесіне жүгінді, соғыс-жаугершілік бағытын ұстады. Көп жылдар бойы осы қауіп-қатерлі режим үстемдік етті. Тек 1990 жылдарға қарай жағдай жақсара бастады. Сөйтіп, әлемдік озық үлгілі басқару үлгісіне арқа сүйеген бірқатар ел «жоғалған уақыттың» есесін қайтаруға құлшына кірісті. Қазіргі таңда Африкаға, ең алдымен, тұрақтылық пен ынтымақтастықты ұстану, дамыту керек. Эфиопия елінің мемлекетаралық ынтымақтастықты қалыптастыру, дамытудағы әлеуеті қандай? Кезінде Эритерия елімен арада жасалған бейбіт көршілік туралы келісімшарттың әлі күнге сақталмай, орындалмай келе жатқаны белгілі. Басқа да бірқатар ел арасында дау-жанжалдар, кикілжіңдер жиі орын алып тұрады. Бұл мәселелерді, әлбетте, өзара бейбіт диалог, келісім арқылы шешуге болатын еді. Бірақ біз қақтығыстарға жол беріп алдық, әлі де сол «әдеттен» арылмай келеміз. Біздің нарық кез келген елге ашық. Тендерлер ашық жүргізіледі. Бүгінде Қытаймен қоса Үндістан, Түркия, Жапония, бірқатар Еуропа елі – Испания, Португалияның құрылыс компаниялары да жұмыс істеп жатыр. Осы форумға 10 кәсіпкер келді. Олар қай салаға қаржы салуға болады, Қазақстан Эфиопия үшін не бере алады – осы бағытта өзара пайдалы, әріптестік әңгімелер жүргізеді, серіктестік қарым-қатынастар орнатады деп сенемін. Біздің елде тау-кен, өндіріс саласы, пайдалы қазбаларға барлау жүргізу, табу ісі, сондай-ақ ауылшаруашылығы – ашық нарық алаңы. Климаттың өзгеруі әлемдік деградацияға алып келе жатқаны белгілі. Жер тозып, су ресурстары азайып жатыр. Біз – ауылшаруашылығымен тікелей байланысты елміз. Сондықтан «Жасыл ел» бағдарламасын қызу қолға алып жатырмыз. Жаңартылған энергия, жел, күн энергиясын, қатты отындарды тиімді пайдалану, орман аумағын кеңейту шараларын жүйелі жалғастырамыз. Африка – мемлекет емес, үлкен құрлық, ол жерде 55 мемлекет орналасқан, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, айырмашылығы бар. Ал оларды ортақтастыратын басты белгі – бір-біріне деген жанашырлығы, ынтымағы», дейді Мулату Тешоме. Форумға қатысқан сарапшылардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен Астана халықаралық форумының өтуі талай жыл қордаланған проблемалардың тоңын жібітіп, мемлекетаралық қарым-қатынастарға жаңа серпіліс береді. Жалпы Қазақстан Президенті екі күндік Астана халықаралық форумы аясында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен кездесті. Сондай-ақ Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваны қабылдады. Мұнымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Мемлекет басшысы сонымен қатар шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысына қатысты, БҰҰ делегациясын, бірқатар белді компаниялардың басшыларын қабылдады. Сондай-ақ форум аясында көптеген келіссөздер жүргізіліп, келісімшарттар жасалды.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар