«КӨК КУӘЛІКТІҢ» ҚАНДАЙ КӨМЕГІ БАР?
Ана болу – үлкен ерлік, ал көпбалалы ана болу – нағыз ерліктің ерен үлгісі болар, бәлкім. Баланы әр ана өзі үшін дүниеге әкеледі. Десе де демографияға үлес қосып отырған алтын құрсақты аналарымыздың әлеуметтік жағдайы қандай? Қандай жағдайда бала тәрбиелеп отыр? Көпбалалы ана статусын дәлелдейтін «көк куәліктің» көмегі бар ма? Біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Көпбалалы ана дегеніміз кім? Нақтылап алайық, заң бойынша Қазақстанда бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар көпбалалы болып саналады.
Алты баласы бар аналар «Күміс алқа», ал 7 немесе одан да көп баласы бар аналар «Алтын алқамен» марапатталады. Бүгінде облысымызда 43 мыңнан аса көпбалалы ана болса, 5 мыңға жуығы «Алтын алқа», 12 мыңға жуығы «Күміс алқа» иегері екен.
Сонымен, негізгі тақырыбымызға оралсақ... «Көк кітапшаның» беретін бірінші мүмкіндігі – көпбалалы отбасы ретінде 2 пайыздық мөлшерлемемен баспаналы болу. Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гаухар Олжабаеваның айтуынша, көпбалалы, аз қамтылған, толық емес отбасылар және І, ІІ топ мүгедектері «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несие рәсімдей алады.
– Жалпы көк құжатты көпбалалы аналар зейнетақы төлеу орталығынан ала алады. Тек жеке куәлік пен 3/4 үлгідегі фотосы қажет. Белгіленген мерзімде көк құжатты алып кетеді.
Біздің қаламызда көпбалалы аналар «Бақытты отбасы» бағдарламасымен пәтер ала алады. Және жағдайы төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке ие болады. Тағы бір айтарым, Қазақстанның әр қаласында көпбалалы аналарға берілетін көмек түрі әрқилы. Яғни облыстың, қаланың бюджетіне байланысты, – дейді Г.Олжабаева.
Осы орайда «Отбасы банкі» акционерлік қоғамының облыстық филиалына хабарласып, көпбалалы аналарға арналған бағдарламаның жайын білдік.
– «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 37 000-нан аса өтінім қабылданды. 1 064 қатысушы «Отбасы банкінен» 12 миллиард теңгеден аса сомаға заем алды. Өңірлер бойынша несиенің басым бөлігін Астана қаласының тұрғындары алды. Одан кейінгі кезекте Алматы облысы (112), Маңғыстау облысы (94), Алматы қаласы (91), Жамбыл облысы (84), Ақтөбе облысы (77), Қарағанды облысы (74) және тағы басқа аймақтар орналасқан. Негізгі тізімдегі тағы 2 991 қатысушы өзінің төлем қабілеттілігін растап, жалпы көлемі 35,5 миллиард теңгеге қазіргі уақытта қолайлы баспана іздестіруде, – дейді облыстық филиалдың клиенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова.
Маман айтып өткендей, шынында, еліміздің әр өңірінде көк куәліктің көмегі әртүрлі екен. Мәселен, Астана қаласында көк куәлігі бар аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сондай-ақ тіс жөндету және басқа да емнің кез келген түріне 50-70 пайыз жеңілдік қарастырылған. «ЭКСПО» көрмесіне, түрлі демалыс орталықтарына да жеңілдікпен кіре аласыз. Айрықша атап өтер жайт, еліміздің кез келген өңірінен елордаға барған көпбалалы ана аталған жеңілдіктерді пайдалана алады.
– Астана қаласына көшіп келгелі 15 жылдың жүзі болды. Мұнда көпбалалы аналарға жақсы жағдай жасалған. Жақында ғана көпбалалы ана ретінде 1,5 миллион теңге грант жеңіп алдым. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек аламын. Мектепте балаларым ыстық тамақ ішеді. Қоғамдық көлікте тегін жүремін. Бала-шағамды Астанамыздың көрікті жерлеріне қыдыртқым келсе, әрине, көк куәлікті пайдаланамын, – дейді астаналық тұрғын Индира Бекқұлиева.
Көк куәліктің екінші мүмкіндігі – аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек берілуінде. Әрине, атаулы әлеуметтік көмекті жағдайы төмен отбасылар ғана ала алады. Баршаға бірдей емес. Дегенмен аты айтып тұрғандай, аз қамтылған отбасының балаларына аталмыш куәлік орта мектептерде көпбалалы отбасылардан шыққан 1-4-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасын беруге жарамды.
Астана қаласында бірнеше жыл тұрған журналист Гүлжан Рахманның да тақырыпқа байланысты өз айтары бар. Әріптесіміз 6 баланың анасы. Айтуынша, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иелеріне алтыншы немесе жетінші сәбиі бір жасқа келгенде ғана беріледі екен.
– Біріншіден, әр балаға бөлінетін жәрдемақы мөлшері өте аз. Ал жәрдемақыны төртінші балалы болған кезіңізде ғана бергені тіпті дұрыс емес. Әрбір отбасы тұңғышы дүниеге келген кезінен бастап алсын. Екіншіден, көпбалалы аналарға еліміз бойынша барлық қалаларда жол жүру ақысын тегін етіп қою керек. Қазіргі таңда аталған жеңілдік Астана қаласында ғана бар. Дәл сол тәртіпті барлық өңірде орнату қажет. Сонымен қатар көпбалалы аналар жылына бір рет шипажайда демалу мүмкіндігіне ие болғаны жөн. Тағы бір мәселе – «Күміс алқа», «Алтын алқа» төңірегінде. Бұл статусты анаға алтыншы баланы босана сала беру керек деп ойлаймын. Ал бізде баланың 1 жасқа толғанын күтеді. Ол дұрыс емес. Оны күтеді. Құжатын өткізіп қойып, кемі алты ай тағы күтеді. Сондағы ардақты аналарға беретін жәрдемақысы 18-ақ мың теңге. Оның несін күтеді? Алтыншы, жетінші баласын босанып жатқан анаға рақмет айтып, бірден беру керек емес пе? Базаны неге автоматтандырмайды? Жәрдемақысын да сөйтсін. Жоқ, бізде керісінше ананы шаршатып, табанынан тоздырып барып береді. Берсе де баланың өмірге келген күнінен бастап есептеп, жәрдемақысын толық берсе жақсы ғой. Олай емес, алқаны екі жылдан соң барып алса, сол сәттен бастап бекітіледі. Менің ойымша, демографиялық саясатымызға соны сипат, үлкен өзгеріс керек, – деп түйді әріптесіміз.
Әр бала – индивид. Ол мемлекет үшін адам капиталы. Ана баласын өмірге әкелу жолында денсаулығын береді. Қазір қараңызшы, 5, 6, 7 бала босанған қай әйелдің денсаулығы мықты? Сондықтан көпбалалы аналарға шын мәнісінде мемлекеттен мықты қолдау керек. Алайда жүргізілуі тиіс жұмыстардың жүйесіздігі кейінгі кездері онсыз да жүйкесі жұқарып жүрген жұртшылықты әбігерге салып қойғанын жасыра алмаспыз. Кемшілік уақыт өте келе жойылып, кілтипандар шешімін табады деп үміттенейік.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА