БІРЛІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Биыл дүнген этносының қазақ жеріне қоныс аударғанына 145 жыл толып отыр. Көпшілігіңіз білетіндей, қазақ жағынан Ноғайбай би мен қырғыз елі тарапынан Шабдан манаптың рұқсатымен дүнгендер негізінен Шу өзенін бойлай, екі елдің шекарасына қоныстанған. Біздің елдегі дүнгендердің негізгі бөлігі бүгінде Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Бұлар батыр сынды бірнеше елді мекенінде шоғырланған. Тараздың іргесіндегі Жалпақтөбе ауылында да бұл этностың өкілдері аз емес.
Осыған орай Қордай ауданындағы Масаншы ауылында салтанаты жарасқан, мазмұны терең үлкен іс-шара өтті. Оған ҚР Парламентінің қазіргі және бұрынғы бірнеше депутаты, Үкімет және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, көрші Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары шақыртылды.
Дүнген этносының қазақ халқына алғыс айтуы ретінде өткен іс-шара Масаншы ауылындағы «Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.
Тарихтан тағдыр табыстырған дүнген ұлтының қазақ ұлысына алғыс айту шарасы барысында Масаншы ауылының ардагер ұстазы, дүнген этносының ұлы көшін орта Азияға бастап келген әйгілі Биянхудың ұрпағы Арсма Биянху сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке ізгі лебізін жеткізді. Қазақ халқына алғысын білдіріп, көпұлтты Қазақстанның халқымен бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуге мүдделі екендерін жеткізді.
– Осынау 145 жылдың ішінде қазақ-дүнген ұлттарының тыныс-тіршілігі бір, ырысы мен ынтымағы жарасымды, қуанышы ортақ болып кетті. Қазір көшеден көргендердің өзі қайсысымыздың қазақ, қайсысымыздың дүнген екенімізді ажырата алмай жатады. Мұның бәрі қазақ халқының дарқан пейілінің арқасы. Қиын-қыстау кезеңде өздеріңіздің бауырларыңызға басып, қуаныштарыңызбен бөліскендеріңіз үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бейбітшілігіміз баянды болсын, – деді ол.
Өз кезегінде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ұлтаралық бауырластық ұрпақтар сабақтастығына ұласып отырғанын айрықша атап өтті.
– Міне, тағдырында өзі қанша нәубет көрсе де дүнген ағайындарды қазақ халқының бауырына басқанына да 145 жыл өтіпті. Қазіргі уақытта біздің елде дүнген этносының 5-6-буыны өмір сүріп жатыр. Сондықтан біз еліміздің дамуы жолында бір үйдің баласындай күш біріктіре еңбек етуіміз керек. Барлықтарыңызды бірлікке, елді гүлдендіру жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, – деді Б.Әлімбет.
«Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махусеев Зайнутдин пейілі дарқан, құшағы кең қазақ халына мың да бір алғыс айтты.
– Осы бауырластық үрдісті жемісті жалғастырып отырған мемлекетіміздің саясатына да разымыз. Ауызбіршілік үстемдік құрған жерде қашанда нәтиже болады. Еліміздің басты жетістігі – бейбітшілігі. Татулықты ту еткен еліміздің тұғыры қашанда биік болсын, – деп тілегін жеткізді.
Мұнан соң айтулы шараға арнайы келген қонақтар «Қазақ халқына алғыс» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір жарым ғасырға аяқ басқан бірлік пен ынтымақтың берік болуына тілеулестік білдірді.
Алғыс айту шарасына арнайы келген меймандар Әл-Фараби атындағы №50 мектеп аумағында ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Көрме алаңындағы киіз үйлерде Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері, облыс қолөнер шеберлерінің туындылары, достық нышаны мен ұлттық нақыштағы құндылықтар, салт-дәстүр, жөн-жоралғы, аңшылық-саятшылық тақырыптарынан мол мағлұмат беретін көріністер көпшілік назарына ұсынылды. Масаншы, Сортөбе, Бұлар-Батыр ауылдарының мұражай экспонаттары, дүнген этносының киім үлгілері мен көкөніс дақылдарының көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Дүнген халқының жусай, пияз, сарымсақ, қырыққабат, брокколи өсіру әдістері мен жемістер көрмесі жиналғандардың назарын аударды.
Мұнан соң «Халық бірлігі – әділетті Қазақстанның негізі» атты салтанатты жиыны өтті.
LED-экран арқылы дүнген ұлтының қазақ жеріне қоныстану тарихы туралы алтын қордан шағын деректі фильм көрсетілді.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының театрландырылған көрінісімен ашылды. Сахналық көріністе дүнген батыры Биянхудың қазақ биі Ноғайбай мен қырғыз манабы Шабданмен болған кездесуі, сол басқосудағы дүнген этносының бүгінгі болашағына жол ашылған тағдыршешті келіссөздер баяндалды.
Қазақ халқына алғыс айту шарасын құттықтау сөзімен ашып берген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов ізгі тілегін жеткізді.
– Бұл – баршамыз үшін айтулы күн. Тек дүнген ұлтының ғана емес, халықтар бірлігін көрсететін айтулы дата. Аталған 145 жылда дүнген ұлтының жеті ұрпағы қазақ халқымен қуаныш, мұңды бөлісіп өсті. Сол уақытта қасиетті топырағынан жер беріп, бауырына басқан дүнген халқы күні бүгінге дейін Ноғайбай бимен Кебекбай шешеннің атын ұрпақтан- ұрпаққа ұмыттырмай келеді. Дүнген ұлты елімізге келіп, егіншілікті дамыта бастады. Ауылшаруашылықтағы табыстары еңбекқорлықтың жемісі. Қазақ халқы оларға ешқандай қысым жасамай, ұлттық құндылықтары мен тілінің сақталуына дарқандық танытты. Осынау баянды байланыс ешқашан ажырамасын, – деді Марат Алмасұлы.
Сонымен қатар ол қазақ еліне, ғылымына, мәдениеті мен руханиятына еңбегі сіңген дүнген ұлтының қайраткерлерін, спорт саңлақтарын да айрықша атап өтті. Шара барысында ұлтаралық бірлікті нығайтуға белсенді атсалысып жүрген бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісімен және алғыс хатымен марапатталды.
– 1850-1870 жылдары Қытайдағы Цинь билігінің жазалаушыларынан құтылу үшін 3 мыңнан аса дүнгеннің пана іздеген алғашқы толқыны Қазақстанға жер аударылды. Қазақ тарихындағы білікті басшы Ноғайбай би қонақжайлылық танытты. Содан бері елімізде ауызбіршілікте мамыражай ғұмыр кешуде. Әрбір ұлт –
өңір мен ел дамуының күші. Сондықтан қоғамдық келісім мен тұрақтылық біздің ең жоғарғы жетістігіміз. Баршамыз сол тұрақтылықты сақтауға бір кісідей атсалысайық, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров бірқатар азаматқа «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін және облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этностараралық қатыныстарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин көпэтносты қоғамның ортақ даму мүддесі жолында және жастарды бауырмалдық пен патриоттыққа тәрбиелеу бағытында мұндай шараның маңыздылығы жоғары екенін жеткізіп, марапат легін жалғастырды.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Закиржан Кузиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары –
Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрымова, Ерболат Саурықов, Геннадий Шиповских, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің экс-депутаттары Сауытбек Әбдірахманов, Шакир Хахазов, Илияс Буларов және Р.Б.Сүлейманов атындағы шығыстану институтының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлы сөз сөйлеп, татулықты ту еткен байтақ еліміздің болашағы баянды болуына тілеулестіктерін жеткізді. Салтанатты шара К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концертке ұласты.
Жиын соңында Мәжілістің бұрынғы депутаты Илияс Буларов, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Әбдібек Сейілханов, Қырғызстандағы дүнген қауымдастығының төрағасы Ахмет Мамумов журналистерге сұхбат беріп, осы іс-шараның еліміздің ынтымақ-бірлігінің артуына қосар үлесінің орасан екенін жеткізді. Және осы шараның өтуіне мұрындық болған Қазақстан халқы Ассамблеясына және қазақ халқына айрықша алғыс білдірді.
Іс-шарадан соң тілшілер тобы көрші жатқан Сортөбе ауылын бетке алдық. Онда кіл дүнгендердің ортасында тату-тәтті, бақуатты тіршілік кешіп жатқан қазақ отбасының шаңырағына бас сұқтық.
Ербол Дәркенбаев – Дәркенбаевтар әулетінің дүнген ауылында өмір сүріп жатқан төртінші ұрпағы екен. Атасының әкесі Матай кезінде 1930 жылдары көршілес Күнбатыс-1 ауылынан осында көшіп келіп, тұрақтап қалған. Өздері арып-ашып, жат жерге әзер үйреніп, енді-енді жерсініп келе жатқан дүнген ағайындарға көмегін аямаған екен.
Татулық пен бірлікті ту етіп ұстап, ұйымшылдық танытып келе жатқан Дәркенбаевтар отбасы мұнда төрт ағайынды екен. Ербол өз бауырларымен бірге шаруашылықты да, кәсіпті де қатар алып, елден қалмай тірлік етіп келеді.
– Көршілерімнің бәрі жақсы. Атам Матай ешкіммен дауласпаған, жаға жыртыспаған екен. Сондықтан да шығар, ол кісінің осы ауылда беделі асқақ болған. Дүнген ағайындарымыздың 62 баласына кіндік әке атаныпты. Өйткені ашаршылық жылдары ешкімге оңай соқпаған. Балаларының амандығы үшін Матай атама үлкен сенім артып, әрі туыстық байланысты нығайту мақсатында осындай қадамға барған. Есесіне сол үрдістен біз де шет қалмай келеміз. Әкемнің осы ауылда оншақты өкіл баласы бар. Дүнгендермен ынтымақта өмір сүруді үлкен атамыздың аманаты деп қараймыз, – дейді Е.Дәркенбаев.
Қай қоғам, қай елде, қай заманда болсын бірлік бәрінен қымбат, басты құндылық болған, осылай бола бермек. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегенді дана қазақ тағдырындағы талай қиыншылықты көре келе айтса керек.
Бірлік – бүгінгі дамуымыздың да алғышарты болып қала бермек. Масаншы жерінде өткен осынау айтулы шараны дүнген этносының Алаш жұртына алғыс айтқан күн деп қабылдадық.
Жасұлан СЕЙІЛХАН, Қордай ауданы
Келесі мақала