Қоғам
«Ұлттық қор – балаларға»: Бір отбасы перзенттерінің қаражатын біріктіруге бола ма
- author AR-AY
- 14 маусым, 2023
- 191
«Ұлттық қор – балаларға»: Бір отбасы перзенттерінің қаражатын біріктіруге бола ма
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында бір отбасы балаларының бәрі 18 жасқа толғанда ғана олардың қаражаттарын біріктіруге болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ айтты, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Кейбір заңнамалық актілерге Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Дәулет Мұқаев бір отбасы балаларының қаражатын біріктіру мүмкіндігіне қатысты сауал қойған еді.
«Үйде ағайынды балалар болады. Үлкені 17 жаста делік. 3 500 долларды 18 жылға есептегенде, ол бір жылға 200 доллар ғана алады. Бұл қаражат білім алуға да, үй алуға да жетпейді. Оның артынан еріп келе жатқан бауыр-қарындастарына ақшасын аудару мүмкіндігі бар ма?», - деп сұрады Дәулет Мұқаев.
Сауалға жауап берген Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың нақтылауынша, бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы ақшасы 10 жыл сақталады.
«Бір отбасының балаларының бәрі 1 жылда 18 жасқа толмайды. Сондықтан соңынан ерген бауырларының жасы 18-ге толған сәтте ғана қаражаттары біріктіріледі. Осыған дейін қолданылып келген зейнетақы қорынан ақша алу тетігімен бірдей болады. Бұл заңда көзделген», - деді депутат.
Келесі мақала