Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – ЖАҢА ЛЕП

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – ЖАҢА ЛЕП
ашық дереккөз
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – ЖАҢА ЛЕП
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтты. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», деді Жолдауда Мемлекет басшысы. Сонымен бірге өткен жылы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы аталған жоба туралы: «Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын», дей келе, Үкіметтің «Samruk-Kazyna Construction»-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдаған еді. Президент тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жылда облыста 9 500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Яғни Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандарының әрқайсысында 1, ал Қордай ауданында 3, Шу ауданында 2, Тараз қаласында 4 мектеп оқушылар игілігіне беріледі. – Жоспарға сәйкес биыл 7 мектептің құрылысын бастаймыз. Бүгінде барлығының жері рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Жалпы білім ұяларының ерекшелігіне келсек, «Жайлы мектеп» деп аты айтып тұрғандай, онда оқитын оқушыларға да, ұстаздарға да барынша жайлы болады. Мәселен, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Және бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Арнайы білімді қажет ететін балалар үшін тиісті жағдай жасалады, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан мектептердің құрылысын жобалау тәртібі, мердігерлер мен жобалаушылардың тізімі анықталған. Айта кету керек, 2023 жылы іргетасы қаланатын 7 мектептің құрылысына 15,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жалпы «Жайлы мектеп» жобасынан бөлек, өңірде биыл 17 мектеп және 7 мектептің қосымша құрылысы мен 1 ангар құрылысына 23,1 миллиард теңге қаржы қарастырылған. 10 мектеп және 4 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Айжан ӨЗБЕКОВА  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар