Еліміздің ішкі-сыртқы саясаттағы жетістіктері мен əлем елдерінің алдындағы асқақ беделін айтпаған күннің өзінде, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштық – біздің ең үлкен жетістігіміз һəм баға жетпес байлығымыз. Еліміз өз Тəуелсіздігін жариялаған соң 1992 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскері құрылды. Әскеріміздің әлеуетін көтеру мақсатында 2015 жылдың 21 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Сол арқылы тыныштықтың тұғырында тұрған күш - қуат құрылымына заң аясында жаңа арнайы міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды.
Бүгінгі таңда ұландықтар халқымыздың сенімді қорғанына айналды. Осы орайда 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында газетіміздің «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында Тараз қаласындағы 5513 əскери бөліміне барып, елін-жерін анасындай сүйген ұландық сарбаздардың бір күндік өмірімен танысып қайттық.
Төле би көшесінің бойында орналасқан әск ери бөлімге келгенімізде сағат тілі таңғы 06:00-ді көрсетіп тұрды. Жеке басымызды қатаң тексеруден өткізген күзетші бізді 5513 әскери бөлімінің жауынгерлік қамтамасыз ету рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, к апитан Қанат Тәбетовпен таныстырды. Амандық-саулықтан кейін жол бастаған Қанат Есмырзаұлы бірден №1 казармаға алып келіп, бойымызға шақ келетін әскери форманы табыстады. Біз киініп үлгереміз дегенше мұндағы сарбаздар күнделікті таңертеңгі дене шынықтыру жаттығуларына кірісіп кеткен еді. Сағат тілі 06:40-ты соққанда ұландар да таңғы жаттығуларын аяқтап, үзіліске шықтық. 30 минуттық үзіліс кезінде біз қатардағы жауынгерлердің бірін сөзге тарттық. – Менің мұнда келгеніме алты ай толды. Өзім Алматы қаласының тумасымын. Бала күнімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін өз еркіммен әскери борышымды өтеуге бел байладым. Әскери өмір мені өзім қалаған мамандықтың негізіне баулып жатыр. Әскерден соң оқуымды жалғастырамын, –дейді қатардағы жауынгер Болат Әбілхан. Қатардағы жауынгер Болат Әбілханмен аз-кем әңгімелесіп болғанша таңғы тексеру де аяқталып, сарбаздар таңғы асқа отырды. Орайлы сәтті пайдаланып біз сарбаздардың тұрмыстық жағдайымен танысуға мүмкіндік алдық. Мұндағы жауынгерлер барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимарат ішінде темірдей тәртіп бірінші орында екені ә-дегеннен көзге түседі. Казарманың аумағы толықтай бейнек амералардың бақылауында. Сардарлар сол арқылы сарбаздар арасындағы ірілі-ұсақты құқықбұзушылықтың едәуір азайғанын алға тартады. – Ел арасында әскерде әлімжеттік бар деген сөз көп айтылады. Әрине, естіген құлақта жазық жоқ. Бірақ қазіргі жас сарбаздар әскери бөлім басшылары тарапынан немесе қаруластары тарапынан ешқандай да қысымға ұшырамайды. Әрі қазір әскерге іріктеуде сарбаздардың моральдық-психол огиялық дайындығына баса мән беріледі. Әлімжеттікке бола әскерден қашып жүргендер әскери өмірден хабары жоқтар деп айта аламын. Қазір мемлекет тарапынан ел қорғаны болар сарбаздарға бар жағдай жасалған. Сол арқылы олар өздерін үйіндегідей сезіне алады, – дейді капитан Қанат Есмырзаұлы. – Мен қазір ғана сарбаздарға «Жалпы әскери пәндері бойынша» сабақ өттім. Олар сабақ үстінде өздерінің қызметтік міндеттерін қайталайды. Сарбаздардан әр алты ай сайын қорытынды сынақ алынып, оқып-үйренгендерін бекітіп отырады. Шыны керек әр дәріс сайын сарбаздардың жанарынан Отанға деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілікті аңғарамын, – дейді аға лейтенант Нұрсейіт Наурызбек. Теориялық дәрістер түс ауа тәрбие сағаттары мен нұсқаулық сабақтарға жалғасады. Дәрістер заманауи үлгіде жабдықталған арнаулы оқу орталықтарында жүргізіледі. Айтпақшы сарбаздар арасында жауынгерлік рухты көтеріп, оларды ынтыландыру үшін күн сайынғы дәрістерде ерекше көзге түскендерге мадақталып тұрады. Кешкі жауынгерлік есептен кейін сарбаздар кешкі ас ішеді. Кешкі ас пен ұйықтар алдында сарбаздар теледидар көріп, елдегі, әлемдегі соңғы жаңалықтармен танысады. Ал түнгі сағат 22:00-де сарбаздар ұйқыға бас қояды. Әрине, сырт қарағанда мектеп-интернаттың күн тәртібіндей көрінетін әскери бөлімнің өз ережесі бар. Еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығын күзету үшін ант берген жауынгерлер қашан да сақадай сай. Дабыл қағылған сәтте қолына қаруын алып, қызметтік борышын өтеуге кірісетіндерге мол жауапкершілік артылған. Жас та болса сол жауапкершілікті жете сезінетін сарбаздардың қай-қайсысы болмасын өз ұйқысынан бұрын елдің тыныштығының бұзылмауын қалайды. Бұл жолда олар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, кірпік қақпай тыныштық күзетінде тұруға әзір.Шапағат ӘБДІР