Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ӘКЕ ӨЗ БИІГІНЕН АЛАСАРМАСА, КЕЛЕШЕК КЕМЕЛДЕНЕДІ»

«ӘКЕ ӨЗ БИІГІНЕН АЛАСАРМАСА, КЕЛЕШЕК КЕМЕЛДЕНЕДІ»
ашық дереккөз
«ӘКЕ ӨЗ БИІГІНЕН АЛАСАРМАСА, КЕЛЕШЕК КЕМЕЛДЕНЕДІ»
Отан қорғаушылар күні қарсаңында мемлекеттік қызметпен қоса отбасында әкелік міндетін адал атқарып, халқына қалтқысыз қызметін көрсетіп жүрген ер азаматтардың қоғамдағы беделін танытатын рөлі жайлы сөз қозғасақ деп түйдік. Осы мақсатта бүгінде мемлекеттің әр азаматының құқығының қорғалуына қызмет етіп, еңбегімен де, адамгершілігімен де өзінің азаматтық болмысын танытып жүрген облыстық Әділет департаментінің басшысы Дәурен Дайрабаевпен сұхбаттастық. – Дәурен Жигулиұлы, тарихқа үңілсек кезінде ел мен жердің тұтастығына елім деп туған ер азаматтардың жауапты болғанын аңғарамыз. Негізінен бұл ұғым қазір де маңызын жойған жоқ. Сондықтан да мемлекетімізде ер азаматтардың әскери борышын өтеуі бұлжымас парыз. Ал сіз әскер қатарында болдыңыз ба? – Барлық ер азаматтарды мерекемен құттықтаймын. Әрбір ер азамат өз отбасын асырап, сыртқы сұғанақ пиғылдылардан қорғап жүруінің өзі Отан қорғаушымен пара-пар деп білемін. Себебі «Отан отбасынан басталады» дегендей, әрбір отбасының бақытты, жарасымды тұрмысы – Отанымыздың бейбіт те бақуатты болуы. Отан – әрбіріміздің қасиетті ортақ шаңырағымыз. Оны қорғау – әрбіріміздің абыройлы міндетіміз, азаматтық борышымыз. Біздің қазақ халқы ежелден-ақ ер баланы 9 жасынан тайға отырғызып, ат құлағына ойнайтындай шапшаң да шымырлылыққа тәрбиелеп, жауынгерлік тұрғыда баптаған. Сол заманда қазіргідей әскерге бару міндеті болмаса да әр ер балаға жауынгерлік міндетті сезіндіре білген халықтың даналығынан да еліміз талай нәубетті батылдығымен, бірлігімен, қайсарлығымен еңсерді. Талай шетелдік саяхатшылар «Қазақ – жауынгер халық» деп бағаласа, өз халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп күш те, бақыт та бірлікте, ырыс ынтымақта екенін дәріптеді. Ұлы дала мектебі берген сол ғұламалық сабақ бүгінгі Тәуелсіз де бейбіт ел атандырған бақытқа жеткізді. Ал өзіме келсем, әскер қатарына шақырылар жасымда жоғары оқу орнында білім алып жүргендіктен бара алмадым. Анығында жоғары оқу орнының студенттері әскерге алынбайтын жағдайға тап келдім. Оқуды тәмамдағаннан соң бірден қызметке араластым. Әйткенмен, әскер қатарына бармағаныммен елге қызмет ету арқылы да Отаныңның баянды болашағына елеулі үлес қосуға болады деп ойлаймын. Еңбектің майданында да бар күш-жігеріңді салып, туған халқыңның игілігі үшін перзенттік борышыңды өтеуге мүмкіндік бар. Отан алдындағы перзенттік борышты өтеуде тек ер жігіттер ғана емес, қыз балалар да аянбай еңбек етуде. Бүгінде әскери қызметте күндіз-түні уақыт талғамай қызмет етіп жүрген қыз-келіншектерді көріп жүрміз. Өз Отанының өркениеті үшін еңбек етіп жүрген барша жанға қажымас қайрат, талмас қанат, істеріне сәттілік пен табыс тілеймін. Еліміздің бірлігі бекем болып, жұртымыз тыныш, халқымыздың әл-ауқаты тұрақты болуын тілеймін! – Сіз қызмет ететін сала әр азаматтың құқығының заңмен қорғалуын қамтамасыз ететін болғандықтан, елге сіңіріп жатқан еңбектеріңіздің өлшеусіз екені даусыз. Десе де бір тоқтала кетер жайт, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта Конституциямызға толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, азаматтардың құқығының қорғалуына басымдық берілетінін атап айтты. Бұл өзгерістер бізге не береді? – Әр мемлекет өзінің Ата Заңымен ішкі-сыртқы жағдайларын тұрақтандырады. Конституция – жоғары заңдық күші бар нормативтік-құқықтық акті. Қабылданған салалық заңдар қоғамдағы қарым-қатынасты жүзеге асырады. Біздің Конституциямызды еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі қабылдаған. Әлемнің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыған алпауыт елдерімен тереземіз тең тұрарлықтай деңгейге жету үшін, қоғамның беталысына қарай заңға да толықтырулар, өзгерістер енгізіліп отырады. Кейін 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қазіргі қолданыстағы Конституциямыз қабылданған еді. Сол Заң талаптарымен бүгінге дейін өмір сүріп келе жатырмыз. Қоғамдық қарым-қатынас пен саяси, әлеуметтік-экономикалық даму да сол Заңның негізінде жүзеге асып жатыр. Өмірдің ағымымен бүкіл әлем өзгеруде, мемлекеттік даму жолы да жаңаша бағыт алып, қоғам да жаңалануда. Соған сай осы уақытқа дейін де Заңға бірнеше өзгерістер енгізілді. Биылғы жылдың басындағы қаңтар оқиғасы мемлекетке жаңа бетбұрыс, Заң талаптарына тағы да өзгерістер керегін көрсетті. Құзырлы органдар халықпен байланыста бүгінгі талаптарға сай енгізетін Заңдағы өзгерістер мемлекетіміздің болашаққа бастаған қадамына тың қарқын, соны серпін беретініне сенемін. Қандай да болсын жаңа бастама тек халықтың игілігіне негізделеді. Тек соны өз орнымен, мақсатты түрде қолдана білсек, ешкім де ұтылмайды және оң нәтижесін де бірге көреміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан жаңа Қазақстанды құруға серпін беретін өзгерістер болады деп ойлаймын. Бүгінге дейін де елімізде ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай іс жасалды. Оны Қазақстанымызды әлем елдеріне бейбітсүйгіш, дос пейілді ел ретінде танылғанынан да байқауға болады. Елдің әлеуметтік жағдайында да, экономикамызда да алдыңғы уақыттардан көш ілгері алға жылжыған өзгерістер бар. Енді сол үрдісті бүгінгі уақыттың талабына сай жалғастыруға әрбір азамат өз үлесін қосуымен мемлекетіміз жан-жақты дамыған ел ретінде нығаямыз. Жаңа Қазақстанды мен экономикасы дамыған, халқының әл-ауқаты жоғары, саяси тұрғыда да әділдігімен дамыған мемлекет деп сипаттар едім. Әрине, мұның бәрі де экономикаға тікелей байланысты. Себебі тұрақты да табысты жұмысы бар азаматтар құраған мемлекеттің тұғыры биік, қадамы нық болады. – Бүгінде көптеген азаматтар өз құқығын білмегендіктен қиындықтарға тап болып жатады. Еңбек даулары, құлдықтағы өмір деген секілді жаға ұстатарлық жайттардың бәрі де құқықтық сауаттылықтың төмендігінен орын алатыны белгілі. Кез келген азаматқа тегін заңгерлік кеңес қолжетімді ме? – Ата Заңымызда Қазақстан – құқықтық мемлекет деп айқын белгіленген. Әрине, адамның бәрі заңгер емес, бәрі бірдей өз құқықтарын жетік біледі дей алмаймыз. Мұндайда жоғары білімді заң қызметкерлері өз қызметтерін көрсетуі керек. Сондықтан азаматтардың құқықтық деңгейін көтеру мақсатында әділет органдары үнемі заңдық тұрғыда біліктілікті арттыруға бағытталған насихат жұмыстарын ұйымдастырып тұрады. «Ашық есік күні» немесе «Адалдық жобасы» аясында азаматтарды қабылдап, құзыреттілігіне сай кеңес беру секілді түрлі іс-шаралар өткізіліп отырады. Мемлекетпен кепілденген тегін заң көмегін көрсету заңмен белгіленген. Сол талаптарға сай адвокаттар алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға тегін құқықтық көмек көрсетеді. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды. Бұл қызметі үшін адвокаттарға мемлекет тарапынан ақы төленеді. Бұл туралы барлық азаматтар хабардар болуы үшін біз де өз тарапымыздан насихат жұмыстарын жүргіземіз. Өткен жылы облысымызда 10190 адам, ал биылғы 4 ай ішінде 2346 адам тегін заңдық көмек алды. Бұл жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілгенін әділет органдары қадағалап отырады. Мұнда тек азаматтарға тегін адвокаттық кеңес беру ғана қамтылмаған, егер тегін заң көмегін алуға құқылы азамат қандай да бір іске душар болса, тегін көмек көрсететін адвокат оның ісі толық қаралып аяқталғанша қызмет көрсетеді. Яғни тегін адвокаттық көмек кеңес беруден бастап, ары қарайғы соттың нәтижесі шыққанға дейін көрсетіледі. Аумақтық әділет органы жыл сайын 25 желтоқсаннан кешіктірмей мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттардың тізімін тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Нұр-Сұлтан аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында жариялайды және өзінің www.gov.kz/memleket/entities/adilet-zhmb интернет-ресурсына орналастырады. – Елдің өркениет биігіне жетуіне бірден-бір кедергісін тигізетін індет – сыбайластық жемқорлық әрекетке адамды не жағдай апарады деп ойлайсыз? – Мемлекеттік қызметке келген адам сол міндетті мойнына алып, статусты иемденгеннен кейін өзіне жүктелген жауапкершілікті шынайы түйсінуі керек. Бұл қызметке келген адам «байимын, жағдайымды жақсартамын, туған-туыстарымды қызметке тартамын» деген ойдан мүлдем аулақ болуы керек. Шынайы еңбегімен елге қызмет етемін деген ниетте болса, оны ешбір алтын да, ақша да азғыра алмайды. Басшы ретінде де менің қарамағымдағы қызметке келген кісіге ең алдымен осыны айтамын. «Сіздің бұл жұмысқа келудегі басты мақсатыңыз не?» деп сұраймын. Егер қабілетін қызмет барысында көрсетіп, карьерасын ілгерілетіп, мойнына алған міндетіне адал болуды көздесе, қуанамын. «Егер баюды ойласаңыз, бизнеске барыңыз, мемлекеттік қызметте жүріп байлықты көздеу бекершілік» деп түсіндіремін. Қазір мемлекеттік қызметкерлерді қаржыға тәуелді болмау үшін жалақысын жоғарылатып жатыр. Бұл жемқорлықты болдырмаудың алдын алатын жақсы жолы деп ойлаймын. Себебі қызметкер халыққа көрсеткен қызметі үшін мемлекет жақсы жалақы төлеген соң ешкімнен де артық ештеңе алуды ойламайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызмет бойынша біліктілікті арттыруға елордадағы Мемлекеттік басқару академиясына барғанымызда Сингапур университетінің профессоры сабақ берді. Сонда мемлекеттік басқарудағы жемқорлық мәселесі тақырыпқа арқау болды. Әлгі профессор бізден айлығымыздың қанша екенін сұрады. Ол кезде шынында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өте төмен еді. Біз сол жалақымызды айтқанда ол кісі күліп, олардың елдерінде мемлекеттік қызметшілерге ұлттық компаниялармен бірдей жоғары жалақы төленетінін және отбасының барлық әлеуметтік жағдайын мемлекет өз жауапкершілігіне алатынын айтты. Яғни баласының балабақшасы, мектебі, медициналық сақтандырылуы мемлекет тарапынан қамтылған. Сонымен қатар жылына екі рет отбасымен бірге шетелде демалып келуге жолдама беріледі екен. Мұндай мүмкіндіктерге ие болған адам пара алып, сотталумен қатар осыншалықты жасалған жағдайдан айырылатынын біледі. Отбасының қажеттілігінің бәрі мемлекет тарапынан қамтылып отырса, ол тек қызметін мүлтіксіз атқаруды ғана ойлайды емес пе? Міне, дамыған мемлекетте жемқорлықтың алдын алу жолдары осылай да қарастырылыпты. Жемқорлықпен күресудің бірден-бір жолы да оның нәтижесіне қарай жаза қолдану емес, болдырмаудың амалын жасау. Тағы бір тиімді жолы – қазіргі көптеп ашылып жатқан «Халыққа қызмет көрсету орталықтары». Яғни ешбір кедергісіз, бір ғана жерден керекті қызметін алуға халыққа жасалған мүмкіндік. Тіпті кейінгі уақытта мұндай қызметтер электронды форматқа көшірілді. Кез келген азамат өзіне керекті мемлекеттік қызметтерді қолындағы смартфон құрылғысының көмегімен-ақ ала береді. Бұл екінші жағынан мемлекеттік қызметші мен қарапайым тұрғынның бетпе-бет отырып кездесуін де шектейді. Бұл қазіргі уақытта қағазбастылықтан арылып, барлық істі электронды түрде жүргізуге көшіп, бармақбасты, көзқысты әрекеттердің орын алуына тосқауыл болуда. Дегенмен мұндай жағдайлар жасалғанымен де әр адамды адалдыққа жат қылықтардан аулақ ету үшін психологиялық тұрғыда биік өре керек. Парасаты жоғары адам болмашы дүние, алдамшы ақша үшін адамдық абыройын сатпайды. Қызметтік беделден де бөлек адамзатқа өзінің адами абыройы қымбат. «Өлімнен ұят күшті» деп бекер айтылмаған. Қолындағы билігі арқылы біреуге көмектесемін деп заңсыз пара алу сол сәтте жасырын қалғанымен түбі белгілі болады. Тіпті адал жолмен келмеген табыс берекесімен бұйырмайды да. Сондықтан адамды қылмыстық қылыққа апаратын жағдай ақшаның емес, адалдықтың жетіспеушілігі. – «Жақсы әкенің аты балаға 40 жыл азық» дейді халық даналығында, әкеңіздің қандай өнегесін ұстанымыңызға айналдырдыңыз, өзіңіз қандай әкесіз? – Әр адамның өзінің өмірде ұстаз тұтатын бір идеалы болады. Мен өз өмірімде әкемді идеал адам санаймын. Әкем Жигули Дайрабаев біз бала күнімізде қызметте жүрген еді, қазір де жасы 70-ке жетсе де аттан түскен жоқ. Қазақ «ат үстінде» деп қызметтің қызған ортасында жүрген кісіні айтады ғой, міне, менің әкем де дәл солай. Біз бала күнімізде әкеміздің таңалагеуімнен жұмысқа кетіп, қас қарайғанда үйге шаршап келетін, әрдайым халықтың қамы үшін ой үстінде, үздіксіз ізденісте жүретін қалпына қарап, қызығатынбыз. «Өскенде мен де әкемдей боламын» деп еліктейтінбіз. Әкемнің ізімен жүріп, туған халқымызға қызмет етуде аянбай тер төгуге бейімделдік. Сонау 90-шы жылдары еліміздің Жоғары Кеңесіне (қазіргі Парламент) депутат болып сайланып, сол кездерде 34-35 жастағы ең жас депутат болған. 1991 жылы еліміздің Тәуелсіздігін жариялаған Парламенттегі 360 депутаттың бірі еді. Яғни ол кісілерді тарихи тұлғалар десек, артық емес. Парламенттің Тәуелсіздік туралы декларация қабылдауына, рәміздеріміздің алғашқы нұсқаларының бекітілуіне атсалысқан. Алғашқы Ата Заңымыздың қабылданар алдында нұсқаларын талқылап, талас-тартысқа түскен 300-ден астам Заңдардың тиімді тұстарын іріктеуге үлес қосқан азаматтардың бірі – менің әкем. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жарияланған сәтін бізге сондай әсерлі әңгімелеп беретін. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды деп, төбелері көкке жетіп қуанғаны, ҚР Парламентінің ғимаратында депутаттар бір-бірін құшақтаса құттықтасып, мәре-сәре болған кездерін бізге әлі күнге дәл сол қалпында әңгімелейді. Ол сәттегі бақыттың дәмі де, әсері де бөлек. Соны тыңдаған сайын біз де толқимыз, ерекше күйге бөленеміз. Сол сәттен 30 жылдан астам уақыт өтсе де ол кісілер күні кешегідей деп еске алып отырады. Қазір де өзі әбден меңгерген еліміздің ауыл шаруашылығы саласы бойынша Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасы болып қоғамдық қызметін абыроймен атқарып жүр. Қазақстанымыздың түкпір-түкпірін аралап, шаруалардың қандай проблемасы бар, неге мұқтаж, бәрін зерттеп, зерделеп, олардың шешу жолдарын қарастырып, мұң-мұқтаждықтарын үкіметке жеткізіп отырады. Себебі өзі сол саланың қыр-сырын әбден бойына сіңіріп, меңгерген. Көз ашқалы ауыл шаруашылығының еңбек қазанында қайнап, шаруаға ысылған адам. Отбасымызда біз үш ұлмыз. Халықта «Балаңды аясаң, аяма» деген терең астарлы сөз бар ғой. Әкеміз біздің болашақта қажырлы, шымыр болуымыз үшін бала күнімізден аямай еңбекке ысылтып өсірді. Өзі де кішкентайынан еңбекке араласып, есейген. Өзінің алған тәлім-тәрбиесінің ең тиімдісін бізге берді. Оқудан жазғы демалысқа шыққанымызда бізді бірден мал бағуға, үй-жайды жөндеу, кеңейту секілді құрылыс жұмысына, егіндік алқапқа, шөп шабуға жұмсайтын. «Жаздың әр күні қысқа азық» дегенді берік ұстанып, бізді де жаздың күндерінде таңнан тұрғызып, ауылдың қайнаған қара жұмысына салатын. Сол арқылы дастарқандағы нанның қадірін ұғындырды. Бұл дүниеде ештеңе де еңбексіз келмейтінін біз осылай түйсіндік. Бұдан жақсылық көрмесек, зиян шеккен жоқпыз. Еңбекке араластыра жүріп, ешкімнің ала жібін аттамауды, ішкен асыңды адал болмаса, оның бойға жұқпайтынын, абыройдан жұрдай ететініне көзімізді жеткізді. Туған халқыңа қызмет етумен алған абырой ғана жұғымды болатынын, жай даңқ қуған дақпырт атақ жалған екенін санамызға құйды. Алматы қаласында заң факультетінде 5 жыл оқыдым. Әрине, «Оқу инемен құдық қазғандай» екенін білесіздер. Сонда да жазғы демалыста үйге келсек, тынығу деген атымен болмайтын, қым-қуыт қайнаған еңбекке араласып кететінбіз. Сонда «сабақтың соңында жүріп шаршадым, демалыста тынығайын, қыдырайын» деп әкемізге өз ойымызды жеткізу, қарсы сөйлеу бізде де болмайтын, ондайды тіпті ойламайтынбыз да. Қыркүйек айында оқу басталғанша жұмыс істейтінбіз. Қазір өзім де әке ретінде балаларымның бойына адалдықты көбірек сіңіруге барымды саламын. Қандай жағдай болса да адамгершіліктен аттамауға тәрбиелеудемін. Үлкен ұлым Нұр-Сұлтан қаласында министрлікте жұмыс істейді. Атасының қасында, менен гөрі сол кісінің тәрбиесін көбірек көреді. Ата мен әженің тәрбиесін көрген бала жаман болмайтынын өмір өзі көрсетіп, дәлелдеп жүр ғой. Мүмкіндігінше жас балаға ата мен әже тәрбиесін сіңіртіп өсірсек, құба-құп. Қоғам қандай бағытқа бет бұрса да оны жасайтын адам, яғни біз өзіміз. «Баланы жастан...» деп бабалар бекер айтпаған, жасөспірімнің тәрбиесіне барынша зейін қойсақ, заманның жақсаруы да, ел ішіндегі дау-дамайсыз татулық та, мемлекеттің өркениеті де болады. Әсіресе әке өз биігінен аласармаса, келешек кемелденеді. Себебі ана – үйдің ұйытқысы болса, әке шаңырақтың иесі. Иесі деген сөздің астарында талай мағына жатыр, жүктелетін жауапкершілік те жоғары. Сол отбасының моральдық-материалдық жағынан толыққанды қамтылуы, сыртқы қауіп-қатерден қорғалуы әкенің мойнында. Әкелер осы міндетін бір сәтке де естен шығармаса екен деймін. «Мен үйдің иесі екенмін» деп беталды қаталдыққа салынуға да, «асыраушымын ғой» деп сыртқы жұмыстан босамай, балаларға көңіл бөлетін уақыт таппай күйбең тірлік қамымен кетсе де болмайды. Барлық міндетті бір-бірімен қабыстыра үйлестіріп, бала-шағаны еркелете отырып, сөзін өткізе алған әке отбасында сыйлы, орны төрден болады. Отағасын құрметтеген отбасында бірлік те, береке де бар. Отбасы дегеніңіз – Отан, әрбір бақытты отбасы бүтін бір мемлекетті құрайды. Жаратушы міндеттеген жауапкершіліктің үдесінен шыға білсек, бақуатты, өркениетті ел боламыз. – Қай кезде де жастарға сын айтылатыны белгілі, бүгінгі жастарды сіз қалай бейнелер едіңіз? – Әрине, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді ғой. Айтылған сынды сабақ ретінде қабылдап, сол арқылы мінін түзете білген жас азамат көптің алғысына бөленері анық. Біздің халық жастарын сынай отырып дұрыс жолға тәрбиелеп, қамшылай отырып қайраттандыратын жауынгерлікті бойға сіңірген. Ел ішінде жиі айтылатын қалжың әңгімеде еуропалықтар баласы құлап қалса «Бір жеріңді жаралап алмадың ба» деп өбектейді, ал қазақтың баласы құлап қалса әкесі «Өй, неге абайлап жүрмейсің, тұр жылдам» деп ұрысады дейді ғой. Осы әзіл әңгіменің өзінен-ақ біздің халықтың баланы сынай отырып, жасымас жігерлілікке, өмірдің кезкелген кедергісіне төтеп бере алатындай өр мінезділікке шыңдайтын тәлімін көруге болады. Сондықтан жастар алдыңғы толқын ағалардың әр сөзін сын деп емес, сабақ деп қабылдағаны жөн. Әйтпесе ешкім де өз баласын жамандыққа қимайды. «Қарға баласын аппағым дейді, кірпі баласын жұмсағым дейді» дегендей, барлық ел жастарына үлкен сеніммен, үмітпен қарайды. Қазіргі жастарды мен жаңалыққа құштар, талпынғыш, білім ізденгіш деп сипаттар едім. Олар өте ақылды. Себебі заманы соған жетелеп отыр. Қазір ақпарат көзі көп, күнде бір жаңалық шығатын, нағыз техниканың дамыған шағы. Күнделікті жаңалықты игеріп отырмаса, көштен қалатынын жастар жақсы біледі. Тіпті кіп-кішкентай бөбектердің өзі сан алуан функциясы бар ұялы телефонның керекті тетігін басып, өзіне қажетті мультфильмді ғаламтордан тауып алуды біледі. Яғни бұл – өзіне не керегін және соған жету жолын біледі деген сөз. Ал жасөспірімдеріміз қай ортаға қандай киім киюден бастап, қай жерде нені сөйлеп, тіпті қай ортада нендей би билеуді де біледі. Бүгінгі балалар өнерге құштар, спортты сүйеді. Бұрынғыдай мектепте мұғалімдер спорт денсаулық кепілі екенін айтпай-ақ жастар спорттық секцияларға, бос уақытта велосипед теуіп, саябақта жүгіруге өздері-ақ барады. Себебі оның барлығын әлеуметтік желілерде жиі айтылып, көрсетіледі. Әрине, таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ғаламтордың жағымсыз жақтары бар, дегенмен берері де көп. Әрнені жаман дей берсең, жақсылық шықпайды. Сондықтан жастардан жақсылық күтсек, оларға сенім білдіруге тиістіміз. Мен жастарға Мағжан Жұмабаевша сенемін. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар