"ОРАЗА АЙТ БІР КҮН ҒАНА ТОЙЛАНАДЫ"
Мұсылманның екі мерекесі бар екенін білеміз. Олар – ораза айт пен Құрбан айт. Мухаддис Әбу Дәуіт сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы жайлы былай айтылады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде, олардың екi мерекесi болатын. Пайғамбарымыз: «Бұл қандай күндер?», деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және ораза айт күндерiмен алмастырды», дедi.
Биыл ораза айттың алғашқы күні 2 мамырға сәйкес келіп отыр. Бұл күні мол сауаптан дәм етіп, ораза ұстаған жандар Рамазан айымен қоштасып, ауыздарын ашады. Алла разылығы үшін туған-туысқандарына айттап, жетім-жесір, мүгедек-міскіндерге қол ұшын созады. Осынау қасиетті мерекенің тарихы қандай және оны қалай дұрыс әрі тиімді өткізу керек, айт намазын оқудың сауабы қандай деген сұрақтар аясында Тараз қалалық мешітінің бас имамы Орынбасар Дәуренбековпен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Орынбасар Орынбайұлы, алдымен «айт» сөзінің мағынасы мен ораза айттың тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз...
– «Айт» – араб тілінен алынған, «Қайта келу» деген мағынаны білдіреді. Бұл қазақшаға тікелей аударғанда «мереке, мейрам» деген сөзге саяды. Қазақта да «Отыз күн оразаның бір айты бар, жасаған жақсылықтың бір қайты бар» деген де мақал бар. Бұл дегеніміз, отыз күн істеген ізгі амалдарының бір қайтарымы, сауабы болады деген сөз. Бұл күні бір ай бойы ораза ұстаған адам марапат, құрметке ие болады. Тарихқа үңілсек, ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді екен.
– Бұл күнді қалай өткізген дұрыс?
– Жалпы айт күні мереке болғандықтан таңнан кешке дейін құлшылық жасап, мешіттен шықпай қойғанды дінде құп көре бермейді. Айтта шариғат мұсылмандарға мешiтке жиналып, бiрге айт намазын оқуды, одан соң бiрiн-бiрi мерекемен құттықтауды, үйлерiнде тәттi тағамдар жасауды, келген қонақтарды күтудi, алыс-жақын туған-туысқандарына барып жүздесудi, олардың iшiнде қиыншылыққа тап болғандарына көмек қолын созуды және басына қайғы келгендердің көңiлдерiн көтеруді, сырқат таныстарына зиярат жасауды, өткендi еске алуды, араздасқандарға мiндеттi түрде бiр-бiрiмен татуласуды бұйырады. Осы орайда бала-шағаға сыйлық үлестіріп, айттық алып берудің маңызы зор. Өйткені осы күні сыйлық алған бала келесі мерекені қуанышпен тағатсыздана күтетін болады.
Айтқа байланысты тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт күнi мешiтке барған жолмен қайтпай, басқа жолмен қайтатын едi», делiнген. Демек айт көпшiлiкпен жүздесіп, кең ауқымда өткiзiлетiн мереке.
– Ораза айт намазы қалай оқылады?
– Айт намазы таң намазы біткеннен кейін күн шыққан соң 20 минуттан кейін барып оқылады. Айт намазы жылына екі рет оқылады. Ораза айтта және Құрбан айтта. Екі айттың арасы 70 күн.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айт намазын ешқашан тастамаған және өзгелердің де намазға шығуларын бұйырған. Айт намазы екі рәкаттан тұрады. Мұнда азан мен қамат айтылмайды. Айт намазының өзге намаздан ерекшелігі, айт намазының әрбір рәкатында үш тәкбір айтылады. Бұл тәкбірлерді орындау – уәжіп. Бұл тәкбірлер бірінші рәкатта қырағаттан бұрын, ал екінші рәкатта қырағаттан кейін айтылады.
– Жалпы ораза айт қанша күн тойланады?
– Құрбан айт үш күн аталып өтіледі. Өйткені құрбан шалынады. Елдің бәрі 1 күнде құрбандық шалып үлгере алмайды ғой. Ораза айт бір күн ғана тойланады. Біз қазақ тойшыл, қонақжай халықпыз ғой. Үш күн айттап үйреніп қалғанбыз. Үш күн айттаса да болады. Болмаса бір күн айттап, екінші күннен бастап «Шәууәл» айының 6 күндік оразасын ұстаса болады. Отыз күн оразадан соң Шәууәлдің 6 күндік оразасын ұстаса – оған бір жылдық ұстаған оразаның сауабы беріледі. Өйткені Алла Тағала Құранда, «Кімде-кім бір жақсылық жасайтын болса, оған он есе сауабы беріледі» дейді. Сонда 30 күн оразаны онға көбейтетін болсақ, үш жүз күн болады. Ал отыз күн оразадан соң алты күн Шәууәл оразасын ұстайтын болсақ, 6-ны онға көбейтеміз, 60 күн болады. Жалпы 360 күн ораза ұстағанның сауабы беріледі. Сондықтан Шәууәлдің оразасын ұстаудың маңызы зор. Оны қатарынан ұстаса жақсы, күн аралатып ұстаса да болады. Болмаса дүйсенбі, бейсенбі күндері ұстап үлгерсе де болады. Бірақ Шәууәл айы өтіп кетпеуі керек. Қарыздары болатын болса, ол қарыздары 10-20 күндей көп болса, онда Шәууәл айының бірінші оразасын ұстап, сосын барып қарызын ұстайды. Өйткені Шәууәл айы тез өтіп кетуі мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Келесі мақала