БАЛАҢЫЗҒА ДЕПОЗИТ АШТЫҢЫЗ БА?
Бала – көзіміздің нұры, өміріміздің гүлі. Кез келген ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды. Ал бақыттың бір кілті баспана десек, қате айтқанымыз емес. Сондықтан көптеген ата-ана қазірден баласының атына жеке депозит ашып, болашағының жарқын болуын ойлап жүр. Осы орайда «Балаларға қандай депозит ашқан дұрыс?», «Депозитте жиналған қаржыны қандай мақсаттарға жұмсауға болады?» деген сауалдарға жауап іздеп, сала мамандарының пікіріне құлақ түріп көрдік.
«Отбасы банк» акционерлік қоғамы 2020 жылы «Арнау» балалар депозитін іске қосты. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай іске қосылған бағдарлама небәрі 2 пайыздық мөлшерлемемен пәтер алуға мүмкіндік береді. Ол үшін қаражатты балалық шақтан бастап жинақтай бастаған жөн. Салымшы кем дегенде пәтер құнының 10-15 пайызын жинауы қажет. Жиналған қаражатқа жыл сайын 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттен, ал банк тарапынан 2 пайыз сыйақы қосылады. Бұл туралы «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының клиенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова айтты.
– «Арнау» депозитін баланың заңды өкілі, яғни ата-анасы, қамқоршысы ғана аша алады. Жинақтау мерзімі өткен соң кәмелеттік жасқа толған балаға тұрғын үй несиесі рәсімделеді. Айта кететін бір жайт, депозиттің бағалау көрсеткіші 48-ге жету керек. «Арнау» депозитін өзге депозиттермен біріктіруге, басқаға табыстауға, өзге тарифтік бағдарламалармен ауыстыруға болмайды. Бұл депозиттің артықшылығы –
салымшының төлем қабілетін растауы әлдеқайда жеңілдетілген. Табысы аз болған күннің өзінде оған банк тарапынан несие беріледі. Екіншіден, бұл депозитті 18 жасқа толмаған барлық балаға ашуға болады. Егер баланың жасы 15-те болып, оның атына депозит ашылса, ол 25 жасқа келгенде 2 пайызбен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады. Сондай-ақ жиналған қаражатты тек үй алуға жұмсай аласыз. Көлік, оқу ақысы, кредит төлеуге болмайды, – деді Ж.Мейірманова.
Бұдан бөлек депозиттер нарығында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің шеңберінде іске асырылатын «AQYL» білім беру депозиті де бүгінде ең тиімді қаржы құралы. Осылайша Қазақстан Республикасының кез келген азаматы үшін өзінің немесе баласының атына білім беру жинақтау депозитін ашып, оны болашақта Қазақстанда және шетелде кәсіптік техникалық және жоғары білім алу үшін оқудың ақысын төлеуге жарата алады. Минималды бастапқы жарна – 3 айлық есептік көрсеткіш.
Жинақтау мерзімі үш жылдан жиырма жылға дейін. «AQYL» білім беру депозитін ашу үшін бар-жоғы баланың туу туралы куәлігі мен ата-анасының төлқұжаты қажет. Егер балаңыз грантқа түсіп жатса, депозитке жинақталған соманы басқа балаңыздың атына аудара аласыз.
– «AQYL» білім беру депозитіне банктің сыйақысынан бөлек, жинақталған сомадан 5-7 пайыз мөлшерінде мемлекет сыйақысы есептеледі. Бұл ретте мемлекеттің сыйақысы мен банктің сыйақысы капиталға айналады. Яғни негізгі салымға қосылады. Айта кету керек, «AQYL» – депозиттер нарығындағы табыстылығы ең жоғары депозит. Сондықтан мемлекеттің осындай қолдауымен оқу шығындарын едәуір азайтуға, сәйкесінше отбасылық бюджетке түсетін салмақты біршама жеңілдетуге болады, – дейді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қалалық өңірлік өкілдер басқармасының маманы Бибісара Мелтекбаева.
Балаларымыздың болашағы білім деңгейіне тікелей байланысты. Алайда көптеген қазақстандық ата-аналар үшін баланың жоғары оқу орнында оқу ақысын төлеу мәселесі соңғы мезетке, жоғары оқу орнына түскен сәтке ысырылады. Бірақ бұл кезде қаржылық мәселені шешу үшін банктен кредит алу керек болады немесе достардан қарыз сұрауға тура келеді. Мұндай қиын жағдайға түспес үшін қазірден депозит ашып қойған өте тиімді.
Қазір кез келген мәселе ақшаға келіп тірелетіні рас. Дейтұрғанмен балаларымыз болашақта қаржыдан тапшылық көрмесе екен дейміз. Осы орайда ата-аналар балаларға арналған депозит – болашаққа іргетас қалаудың ең тиімді бастамасы екенін ұғынса игі. Ең бастысы депозитке салған ақша балаңызбен бірге өсіп отырады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА