Әлеумет
Мұқтаж отбасынан шыққан студенттердің пәтер жалдау шығынын мемлекет өтеуі мүмкін
- author AR-AY
- 5 маусым, 2023
- 308
Мұқтаж отбасынан шыққан студенттердің пәтер жалдау шығынын мемлекет өтеуі мүмкін
Халықтың әлеуметтік осал тобынан шыққан студенттердің пәтер жалдау шығындары өтелуі мүмкін. Бұл жайында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттары қатарынан басқа қаладан келген студенттердің жатақханада тұруға жұмсалатын шығынын субсидиялау мәселесі пысықталып жатыр. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің деректері бойынша 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындары мен колледждерде халықтың әлеуметтік осал топтары санатынан шамамен 218,5 мың студент (ЖОО-да 168,1 мың адам, колледждерде 50,3 мың адам) оқып жүр. Осыған байланысты үш жылдық бюджетке қосымша қажеттілік шамамен 54,7 млрд теңгені (ЖОО студенттеріне – 42 млрд теңге, колледждер – 12,7 млрд теңге) құрайды», - деп атап өтеді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар вице-премьер студенттердің пәтер жалдауға жұмсайтын шығындарын өтеу үшін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік көмекке ең мұқтаж екі санатты анықтағанын айтады.
«Олар - жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер (1 846 адам), мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар (758 адам). Үш жылдық бюджетке қажеттілік - шамамен 1,9 млрд теңге», - деді Алтай Көлгінов.