Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қара өлеңнің «Қаршығасы»

Қара өлеңнің «Қаршығасы»
ашық дереккөз
Қара өлеңнің «Қаршығасы»
Тақыр жерге шөп шықпайды. Пенде баласы санаға сәуле түсірер есті сөзді алдымен өзі өсіп-өнген ортасынан бастайды. Сарысу елі де әуелден тұлпарлары оза шапқан, сұңқарлары биікке қонған жер. Бұл өңірден құнарлы топыраққа терең тамыр жіберген, тегіне тартып туған жүйріктер де аз шықпаған. Сонау Ықылас, Көзбенбет, Мәді, Сағынтай заманынан бермен көктей шолсақ та әңгіменің тиегін ағытуға жарап жатыр. Өнердегі сабақтастық, ұлы дәстүрдің ұлық уақыттың ағымымен жалғасын табуы да көп түсінікті қажет етпейді. Аты ел аузында жүрген Асанәлі, Илья, Тынышбайларды былай қойғанда, бүгінде тірі болса кешегі Дулат Шалқарбаев, Ескермес Ескендіров сынды дара ақындардың көркем көшін арыны алапат ағыспен ала жөнелген Қаратаудың Мұқағалиы – Артығалидың аты да аспандап тұрар еді-ау. Оған ешкімнің титтей де шүбәсі болмас. Артығали есімі еміс-еміс есімізде болатыны – біз ол тұста 5-6-сыныптың оқушыларымыз. Аудандық газетке енді хабар жазуға талпынып жүрген кезіміз. Кейінірек жоғары сыныптарда оның атына қанық бола бастадық. 70-жылдары Аманкелді Сембиннің аты күндей күркіреп тұрды. Италиядан оқып келген қазақ. Біздің көрші үйде қонақта болды. Киіз үйдің сыртындағы бір топ ойын баласы тәртіпті тыңдаушы бола қалған күнімізді қалай ұмытармыз? Үзіктің жабығынан үздігіп шыққан сол дауыс әлі күнге құлағымызда. Әншейінде жүз кісіні тік тұрып күтетін желбір жеңге-леріміздің шайын суытып, жұрттың кесесін ауыстырып асып-сасқаны да есімізде. Айтпағым, осы жылдарда біздің ауыл саз өнерінде Сембиннің, сөз өнерінде Артығалидың аурасымен тыныстады. Әкемнің ағасы Алдаберген Сәрсенбаев Байқадам қазақ орта мектебінің директоры еді. Кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Герольд Бельгерді мұғалімдікке қабылдаған. Талай тұлға шыққан осы мектепте Артығали да оқыды. Мектепті үздік бітірген ол 1970 жылы КазГУ-дың журфагына тұла бойын өлең кернеп келіп түсті. Бірде аға дос, Артығалидың курстасы, танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасаровтың сол күндерді жанары жасаурап отырып, былайша еске алғаны бар еді. – Артығалимен 1970 жылы тамыз айында таныстым. Абитуриенттік күнде-ріміз зу етіп өте шықты. Тамыздың 22-сі күні факультет деканы Тауман Амандосов бәрімізді бір аудиторияға жинады. «Қазір оқуға түскендердің фамилиясын атаймын, ол бүгіннен бастап студент болады», деп талапкерлердің тізімі жарияланған журналды қолына алды. Үн-түнсіз отырмыз. Ә дегеннен-ақ байқағанымыз, әскерден келгендер мен еңбек өтілі барлардың аты-жөні алдымен аталады екен. Мектепті жаңа бітіргендерге кезек соңынан тиді. – Аманжолов Қорғанбек, – деді ағай. – Мен, – деп Көкшетаудан келгенін мақтан етіп жүретін бозбала орнынан ұшып тұрды. Декан ағай тізімді әрі қарай оқи бастағанда аудиторияда шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнады. Өйткені журналистика факультетінің қазақ бөліміне 50-ақ студент қабылданады. Соның 42-сінің аты аталды. «Енді қалған сегіз талапкердің арасында бармыз ба, жоқпыз ба?» деген сұрақ мазалағандардың қатары көп еді. – Ыбыраев Артығали. – Мен, – деп орнынан сырбаз көтерілген әдемі жігіт бәрімізді өзіне жалт қаратты. «Түсің неткен зиялы еді», деп Тауман ағай Артығалиға сондай сүйсіне қарады. Артығалидың жүзі ғана емес, жаны да сұлу еді. Ол поэзияға ерте келіп, ерте баурады. Бойы да, ойы да келіскен жігіт болды. Бірде Сагалович деген ұстазымыз сабақ өткізіп жатып: –Үнемі байқаймын, лекция жазбайсыз, – деді Артығалиға. – Ол жазбағанмен сіздің айтқаныңыздың бәрін есіне сақтайды, – деп студенттер, әсіресе қыздар жағы жамырай жауап берген. Менің ойымша, ұстазды өзіне ұрлана қаратқан Артығалидың келісті келбеті еді. Әйтпесе лекция жазбай отырғандар аз емес қой. Бірінші курста Танабай Нарманов досымыз екеуі пәтер жалдап тұрды. Танабай да талантты ақын еді. Артығали 20 жасында, Танабай 22 жасында қайтыс болды. Тағдырдың жазуы солай болған шығар, өкінеміз, қайғырамыз, сағынамыз, еске аламыз. 1971 жылы жазда Торғай өңіріне бардық. Жаңадала ауданының Нахимов атындағы кеңшарында болдық. Комбайн айдап, астық орағына қатыстық. Сол базарлы шағымыздың керемет естелігі болып Артығалидың мына бір шумақ өлеңі қалыпты есімде. «Біз келген жердің аты – Жаңадала, Бір күнде болып шықтық қара бала. Қолды біз жуып жүрміз соляркамен, Бетті де жуамыз-ау бара-бара» Осы өлеңді әнге қосып айтып жүретінбіз. Тәкең көзі жасаурап осыдан 45 жыл бұрын түсірілген суретті көрсетті. Шамасы, бас корпустың 213-аудиториясында үзіліс арасында курстасы, сол кезде фотоөнермен айналысып жүретін, бүгінде танымал фототілші Совет Мағзұмов шырт еткізген болу керек деп болжайды Тәкең.

Артығалидың хаты

Тілеуқабылдың әлі есінде. 1973 жылдың 24 сәуірінде сағат 18:30-да «Ұшқын» бағдарламасының «Гүлдәурен» радио журналының басталған кезі. Хабарды жүргізуші – Тілеуқабыл Мыңжасаров. Содан біраз күндер өткен соң ол поштаға барады. Әрине, ол күндерді біз де ұмытқан жоқпыз. Қазіргі Жүргенов атындағы Өнер академиясы орналасқан КазГУ-дың ескі қонысының жанында атақты Главпочтамт болатын. Әлі де сол құтты орнында. Тіпті соның алдында бәліш сататын келіншекті де таяуда көріп қалдық. Қатқан кемпір болыпты. Сабақтан шығысымен сол «Главпочта. До востребованияға» барып, хат қараймыз. Тілеуқабыл да бір күні өзі күтпеген бөтен жақтан хат алады. Хат иесі Артығали екен. Қызыл сиямен маржандай етіп жазған. «Құрметті досым Тілеуқабыл! Байжанбаевты басып озып, Сержановты соңыңа ертіп, мықты диктор болуыңа тілектеспін» депті Сарысудың сайын даласында қой бағып жүріп, транзистордан досының даусын естіген сұлу досы. Қорғанбек Аманжолдың «Телетілші Тілеуқабыл» («Егемен Қазақстан») атты мақаласынан осы бір жолдарды оқығанда алтын тауып алғандай қуандым. Көңілінде кірі жоқ қандай ақындық аппақ тілек десеңші! Өзінің атын да тауып қойғанындай, Тілеуқабылдың жолының бұдан былай да оң болуына, бәлкім, ақеділ досының – алыста жатып арғымақтың жалына жабысқан арманшыл ақын жазған осы хаттың да тамшыдай үлесі бар шығар. Рухы шат болғыр, есіл ер! Осы хабарды естісімен журналистік әуестік тыным бермей, Тәкеңе те-лефон шалып, әлгі хаттың түпнұсқасын сұрадым. Қайдан болсын, әрине. Бәрімізде бар ұқыпсыздық, ұқсас тағдыр ғой. Оның үстіне пәтерден пәтер кезіп жүрген көшпелі елдің баласына тән нәрсе ғой деп қойғанбыз. Мына қамшының сабындай қысқа ғұмыр кімнің ер-тұрманын түгендеп, жоғын тауып кетуге мұрша берер дейсіз. Ал Артығалиға қатысты дүниенің табылмауы өкінішті, әрине. Жоқ демекші, Артығалиды бір еске алу кешінде Қадыр Мырза Әли былай деп толғанғаны ойға оралып отыр. «Бұл өзімізді өзіміз жұбату кеші. Артығали ақынның дүниеден озар алдында жазған біраз өлеңі жоғалып кеткен екен. Жоғалған нәрсе табылуы да мүмкін. Өйткені тарихта мұндай жағдайлар болған. Күдер үзген қолжазбалар да табылған. Мысалы, орыс жазушысы Ю.Домбровский со-ғыс кезінде романын бітіріп, баспаға тапсырған. Ол аласапыран кез. Қиын кезең. Сол роман баспадан жоғалып кеткен. Көпке дейін табылмаған. Кейіннен ғайыптан табылды. Француз жазушысы Альбер Камюдің де бір романының тағдыры солай. Жазушы өзі жүргізетін көлігімен апатқа ұшы-рағанда роман көлік ішінде ғұламаның өзі ғана білетін қуыста қалып қойған. Бұл да біраз жылдардан соң табылған», деп еді Қадағаң. Тілеуқабылдың ойының да Қадыр ағаның ойымен өзектес шығып, өзек өртеуін қараңызшы. Жақсылыққа жориық. Артығалидың хаты табылып, бірге оқуға жазсын. Рас. Мұндай ғажайыптар қайталанып тұрады. Әрине, Артығалидың жасы-мен есептесек, көп жаза алмағаны да ақиқатқа саяды. Дейтұрғанмен де ақынның інісі, танымал заңгер, зияткер азамат Рысқали Ыбыраев осыдан үш жыл бұрын Артығалидың «Бір қыз – бір гүл» атты балладасы табылғанын айтты. Бұл – өзі оқыған, зиялы әулет. Ақынның тағы бір інісі Ырысбек журфакта бізбен қатар оқыды. Қапшағайда тұратын еді. Әлгі баллада сол азаматтың көп қағаздарының ішінен шыға келген. Өз қолымен жазылған қолжазба. Кейін баспа бетіне шықты. Журфакқа түскен соң 1970 жылы 16 қазанда ауылға келгенде жазылып, ұмыт қалдырып кеткен. Міне, алдағы күндерде осындай «чудо» болуы да әбден мүмкін ғой.

«Мұқағалидың жас кезін еске түсіретін»

Асыл туған, асып туған Артығали. Құдай шебер ғой, ішкі, сыртқы фактурасындағы ғажап үйлесім қандай?! Көркем кісі, ұстазымыз Тауман Салықбайұлының тамсанатынындай бар. Өзі де көркем келіншек, оқымысты Сагаловичтің де сылтау тауып, сұқтануы да бекер дейсіз бе? Жеңгелеріміз «ол күлгенде күн шығып келе жатқандай» деп отыратын. Қалай болғанда да оның тағдыры сұлу тағдыр еді. Бұдан соң мұндай адамның өмірі ұлы үйлесімнен, сұлулықтан ғана тұратынына титімдей шүбә бола ма, онымен қоса найзағайдай жарқылдаған намысты болса ше?! Артығали өлең өлкесіне Танабай, Нарша, Ерлан, Ұлықбектей жүй-ріктермен бірге келді. Алғашқы өлеңдері «Лениншіл жастың» «Өркен» атты жоғары сынып оқушыларына арналған бетінде жарық көрді. Одан соң іле-шала Ерлан Бағаевтың өлеңдері шықты. Үшінші болып Ұлықбек жарқ ете қалды. Олар Алматыға осылай бір-бірін біліп келді. Өлең шіркіннің енді қанат жайып, студенттік өмірдің ертегі күндері басталғанда Артығали «істі» болып, оқудан шығып, тіпті бір жылға бас бостандығынан айырылды. Шығармашылық ортаны ойсыратып жіберген бұл сұмдыққа ол күнде араша түсер дәрмен қайда? Қанша кемелденген социалистік қоғам болса да кіші ұлттардың кемел ұлдарын кемсітуде алдына жан салмайтын заман еді ғой. Сол жылы Мәскеудің бір орталық басылымында Марченко деген сыншысымақтың М.Әуезовтің «Абай жолын» сынаған бір мақаласы жарық көреді. Университет жастары оны жатақханада, кафеде талқылайды. Жиырмадан асқан шағында «…Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау, соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен» деп «тұлпар өмірдің жалына ерте жабысып, намыстың жебесі боп ерте атылған» Артығали қайдан шыдасын. Мінез көрсетті. Найзағайдай шарт сынды. Айттық қой, ұлттық сананы ұлы империялық сезім әбден торлап алған заманда мұндай алапат дарын иесіне өмір сүру оңай болды деймісіз. Қанша артық туған Артығали болсаң да маңдайыңнан сипар жан жоқтың қасы еді ғой. «Тәкаппарлық талай жанды матады, Атса Құдай ойда жоқта атады. Барлық жұрттан биікпін деп ойлаған, Барлық жұрттың аяғында жатады», – деп «Тәкаппарлық» деген өлеңінде жырлағанындай, ол сырт көзге қанша тәкаппар көрінсе де жүрегі ұйыған иман, текті тентек еді. Жас та болса тобырлардан биік болып, ұлықтармен иық тірестірер дәрежеге ұмтылып өссе де, ең бастысы, оның қамшының сабындай қыршын ғұмыры адамгершілік формуласына негізделді. Тек көрер көзге атойлап тұратын пендешілікке адамдық ары, ақындық арынмен өзін тежей алмай, өз отына өзі өртеніп, «намыстың жебесі боп атылған» күндері де аз болмады. «Егіліп келем ескіден қалған жыршыдай», «…адамдар сыяр табытқа, ақындар бірақ сыймайды» деп егіліп, еміреніп өтті. Шүкір ғой. Осыдан отыз жыл бұрын «Егемен Қазақстанда» ақынның бір топ өлеңін алғысөзіммен жариялап, екінші ғұмырына түрен салған едім. Содан бері Жазушылар одағы бас болып, оның атын есте қалдыруда шығармашылық ортада, туған өңірінде игілікті іс-шаралар атқарылып жатыр. Тағдырлас курстасы Танабай екеуінің кітаптарын Ұ.Есдәулет И.Тасмағамбетов шығарып берген «Отырар кітапханасы» атты жүз кітап сериясына ендірді. «Қазақтың Лермонтовы», «Есенині» дейді оны. Алайда Ұлықбек Есдәулеттің «Ол Мұқағалидың жас күнін еске түсіретін еді» дегені жүрекке жылы тиеді. Шынында да Тәңіртауда Мұқағали, Қаратауда Артығали тандем болып, дүниені дүбірлеткені де ұмытылар ма?!

Автопортрет

Есенғали өмірден озғанда «Мұқағали. Артығали. Есенғали» деп, ғазал жырдың ғалиларын жоқтап едік. Мұндай ақындар артындағы пақырларының да жұмысын жеңілдетіп, өз артықшылығын өзгеден артық біліп, өз ғазалын өзі айтып кететіні де алғаусыз ақиқат. Мұқағали «шаң басқан архивтерден» ізде десе, қазір соның шаңы жұпар шашып жатқан жоқ па?! Төлеген «өле берсін күншілдер күйігінде, өз ғасырым өзімнің иінімде, ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, мен өлемін өзімнің биігімде» деп дүр етсе, Есенғали «…бізде нендей алысқа самғар күш бар, бәрі өтпелі арзу ой, арман құштар, қалатыны түк те емес, бір құлпытас, қонып ұшар қанаты талған құстар» дегендейін, Артығалидың «Ақын» атты өлеңіндегі «…қамықпа, досым, қамықпа, көктеме күнін сыйлайды, адамдар сыяр табытқа, ақындар бірақ сыймайды» деген жолдар қазір тәмсілге айналып, оқырман аузында жиі айтылады. Ақынның қай өлеңі де өз биігінде екені даусыз. Алайда оның «Қаршығасының» жөні бөлек. Паспорты, автопортреті тәрізді. Оқиық: Шүйкімдей дене шүмектей терге малшына, Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға. Қара жер шетін таба алмай, талып келеді, Қара жердің бетін көрместей болған қаршыға. Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге, Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге. Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен, Дөңгелек дүние таусылмайды-ақ екен де. Таулардан өтті шыңдарын биік табалап, Баулардан кетті қарағай бойын жағалап. Қара жер қалпы… Құлай ма соған қанатын босқа сабалап? Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады, Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады? Арманы үшін азапқа түскен осы құс, Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады. Айтқанымыздай, ұлы ақындар өз тағдырын өзі болжап кеткен. Неткен ұқсас тағдыр! Ақанның Қаршығасын бай-бектер түтінге тұншықтырса, Артығалидың «Қаршығасы» жүрегін жұлдызға соғып жарады. Тағдырын зерттеушіге өз тылсымының болашақ бекзат баянын «Қаршығасында» аңдатып кеткен жоқ па арманшыл, арынды ақын. Шіркін, талдаушысы табылса, бір есті эссеге нысана болғалы тұр. Бұл ойымыздың ұшқынын Аманхан Әлім сездіріп кетіпті. Ол «Қаршығаны» Лермонтовтың «Тұтқынымен» қатар қояды. Дұрыс-ақ. Сыншы Сағат Әшімбаевтың Артығали шығармашылығына жасаған қамқорлығы, бір жылдары Байқадамға арнайы барып, ақынның басына зиярат еткен азаматтығы өз алдына, осы өлеңді ақындар бас қосқан жерде оқуды дағдыға айналдырып, «өлең осылай жазылуы керек» деп отырады екен. Расында, бізді де кейде қазіргі кейбір өзін «Қаршыға» көріп, жер тепсініп, бір өлең жазса төбеңді ойып жібере жаздап, жер-көкке сыймай жүретіндер Артығали өлеңдерін де бір парақтап қойса, тәубесіне келер еді-ау деген ой иектейді. Қайран, қара өлеңнің «Қаршығасы», биігіңдесің!

Қали СӘРСЕНБАЙ

«TÚRKISTAN» газеті, №12 (1492), 24 наурыз, 2023 жыл

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұлы дала зары
Алдыңғы мақала
Ұлы дала зары

Ұқсас жаңалықтар