БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ОРДАСЫ
Еліміздің оңтүстік аймақтарында демографиялық өсiм республика бойынша алдыңғы қатарда тұр. Cондықтан аталған өңірлерде балабақшаға кезек мәселесі өзектілігін жоймай келеді. Бүгінде мемлекеттік балабақшалармен қатар, балалар санының артуына байланысты жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізіндегі балабақшалар да көбейген. Нақты мәліметтерге жүгінсек, облыста 230 жекеменшік балабақша болса, Тараз қаласында жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде 86 бөбекжай ашылған.
Тараз қаласындағы әрбір баланың жан сарайын ашып, тәртіпті, тәрбиені, өнегені үйретіп жүрген мектепке дейінгі мекеменің бірі – «Күнімай» балабақшасы. Мұнда 10 тәрбиеші, жалпы 25 қызметкер жұмыс істейді. Бөбектер топ-топқа бөлініп, ұжым болып ас ішуді, топпен сурет салуды, бірлесе ойнауды үйренеді. Ертегі тыңдап, салт-дәстүрлерді өздері сахналайды.
Мектепке дейінгі мекеме алғашқыда «Күнімай» түзету орталығы болып ашылған. Бөбекжайда жеке пән мұғалімдерімен бірге логопед, дефектолог, психолог сынды мамандар жұмыс істейді.
Жалпы балабақшада 5 топ бар. Онда 1 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер тәрбиеленеді. «Ас – адамның арқауы» демекші, жас сәбидің дені сау азамат болып өсіп-жетілуіне құнарлы азық ауадай қажет. Сол себепті мұнда 4 мезгіл құнарлы ас беріледі. Биыл 19 бүлдіршін бөбекжаймен қоштасып, мектепке аттанбақ.
– Біз 2020 жылдан бері балабақшада «Денсаулық сақтау», «Монтессори» технологиясы, «Жобалау» сынды жаңа бағдарламалармен жұмыс істейміз. Білім беру мен тәрбие бірге ұштасып жатады. Тәрбиелеудің үш көзі – «Бала. Отбасы. Балабақша» сабақтастығы бұрыннан бар. Міне, осы алтын қағиданы ұстанамыз. Жаңа технология бойынша білім бере білсек, балаларды жан-жақты азамат етіп тәрбиелей аламыз, – дейді балабақша меңгерушісі Тоқтасын Қапарова.
Балабақша ұжымы күнделікті оқу іс-әрекеттерін «Тәй-тәй» технологиясының элементтерін пайдалана отырып, орталықтарға бөліп ұйымдастырады екен. Бұл технологияның тиімділігі сол, балалардың қай салаға жақын екендігі айқындалып, ата-анамен байланыс нығаяды.
Сонымен қатар балалар ерте жастан сахнаға бой үйрете берсін деп түрлі шығармалардан сахналық қойылымдар дайындайды екен. Тәрбиешілер рөлдерді сомдау арқылы баланың өзіне деген сенімділігі жоғары болатынын айтады.
– Балалардың бос уақытын қызықты, танымдық ойын-сабақтармен өткізу өз алдына, ертегі тыңдату, мультфильмдер тамашалату олардың тәрбиесі мен ой-өрісін дамытуда үлкен орын алатыны белгілі. Өзім бүлдіршіндерге ағылшын тілін үйретемін. Біз тәрбиеленушілермен бірге «Мыстан кемпірді алдаған қыздар» деген ертегіні тамашаладық. «Шалқан», «Түлкі, аю, қойшы», «Қожанасыр», «Жыл басына таласқан хайуанаттар», «Қызыл телпек», «Тазша бала», «Мақта қыз бен мысық», «Кім неден күшті?», «Күншіл үйрек», «Бір уыс мақта», «Жеті лақ» ертегілерін мұндағы балалар жатқа біледі. Әрі соны сомдайды, – дейді балаларға ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген Жәния Тымбай.
Шындығында, баланың жан-жақты дамуында дамытушы ортаның маңызы зор. Қазіргі таңда балабақшада «Монтессори» технологиясына көптеп көңіл бөлініп, арнайы бөлме дайындалған екен. «Монтессори» технологиясын қолдану арқылы балалардың қол маторикасын дамытып, өз беттерінше жұмыстар атқарып, қиыншылықтарды жеңе білуге, еркін ойлауға тәрбиелейді. Кез келген оқыту технологиясы тәрбиешіден терең теориялық, психологиялық, педагогикалық шеберлікті, бала дүниетанымын терең танып, ұғына білуді мақсат етеді. Жаңа технологияның әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалану және оны ұйымдастыру үшін ақпарат құралдары да талапқа сай болу қажет. Сол себепті мұнда өткізілген әрбір іс-шара, кеш, ойындар, қойылымдар заманның ағымына сай «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасына салынып отырады.
Сонымен қатар ата-аналардың бейнебақылау камералары арқылы балаларын тұрақты бақылап отыруына да жағдай жасалған.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала