Сәрсенбектің сазы тұнған сағыныш
Елімізге танымал сазгер, ақын, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбек Бәкір ердің жасы 50-ге толды. Өнер иесінің мерейтойына орай «Баласағұн» орталық концерт залының төрінде «Аузынан айдың түскен қыз» атты шығармашылық кеші өтті.
Саxна шымылдығы тараздық әнші жігіттерден құралған квартеттің орындауында Сәрсенбек Бәкірдің сазы мен ақын Асылхан Сапаевтың сөзіне жазылған «Таразым» әнімен ашылды. Кеш барысында сазгер туындыларының шығу тарихымен бөлісіп, тыңдарманмен қосылып ән шырқады.
Шығармашылық кешке арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің құттықтауын жеткізді. Сонымен бірге Сәрсенбек Бәкірдің иығына қазақы дәстүрге сай шапан жауып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Кеште сазгердің халық жүрегінен орын алып, ретро әндерге айналған «Соғады сен деп жүрегім», «Сезімді қайтем тулаған?», «Не пайда?», «Аузынан айдың түкен қыз» сияқты әндерін «МузАрт» тобы, Айгүл Мақашева, Наркенже Серікбаева, Райым, Ғани мен Бота және тағы басқа әншілер орындап, көпшіліктің зор қошеметіне ие болды.
Тума таланттың мерейтойы мұнымен шектеліп қалған жоқ. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Аузынан айдың түскен қыз» атты ән жинағының тұсаукесері де өтті.
Іc-шараны елімізге белгілі ақын Қуаныш Қолқа жүргізді. Алғашқы сөз тізгінін алған әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі өнердегі інісі Сәрсенбек Бәкірді құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Жинақ авторы қызмет ететін Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Дүйсенбек Әбдірайымов та өнер саласындағы орны айрықша өнерпазға құттықтауын арнап, батасын берді. Сондай-ақ Дүйсенбек Исахметұлы ердің жасы 50-ге толып отырған Сәрсенбек Бәкірге шапан жауып, құрмет көрсетті. «Аузынан айдың түскен қыз» ән жинағының тұсауын Дүйсенбек Әбдірайымов пен Әбиірбек Тінәлі қиды.
Жырсүйер қауымның сүйікті ақыны Серік Томановтың асыл жары Бибігүл Оразбаева да қос таланттың шығармашылық байланысы жайлы әсерлі әңгімесімен бөлісті. Сонымен бірге ақынның жары кітап авторының Серік ақынның жанынан қалмай жүріп, бес танымал әнді шығарғанын тілге тиек етті.
Шара барысында Серік Томановтың інісі Сәрсенбекке арнап жазған «Сары бала» атты өлеңін колледждің белсенді студенті оқып берсе, журналист Есет Досалы ақ тілегін арнау өлеңімен білдірді. Іс-шараның тағы бір құрметті қонағы облыстық филармонияның әншісі Маралбек Бабақұлов «Аузынан айдың түскен қыз» әнін жүрекке жеткізіп шырқап шықты.
Кеш соңында Сәрсенбек Бәкір жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, қонақтарға кітабын сыйға тартты.
Аят БАТЕЙ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті
Келесі мақала