Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Байларды тәркілеу науқаны аяусыз жүргізілді

Байларды тәркілеу науқаны аяусыз жүргізілді
ашық дереккөз
Байларды тәркілеу науқаны аяусыз жүргізілді
«Кел, қазақ, кедейлер, Ұйымдас жалшымен, Молданы, байларды, Қойдай қу қамшымен», – деп ақын жырлаған саясаттың кесірінен туған топырағынан үдере көшіп, тіпті тоз-тозы шығып, үрім-бұтақтары жан-жаққа босып, жоғалып кеткен қазақтың байлары туралы кешегі кеңестік дәуірдегі пікірлер біржақты қаралып келгені бүгінде бәрімізге аян. «Күбіден көже құйып ішсең, байлар ұратын» деген кеңестік кезеңдегі пікірлердің орынсыз екеніне көзіміз әбден жетті. Рас, уақытында қазан түбінде ауылындағы кедей-кепшік пен малшыларына шеміршек қана қалдырды дейтін бірлі-жарымы болмаса, қазақ байлары тамаққа қытымырлық жасай бермейтін. Тұрмысына, экономикасына, салтына байланысты қазақта тегін тамақ, тегін төсек, қонақ болу жазылмаған заң екені көзіқарақты оқырманға белгілі дүние. Бұрын қазақ дәстүрінде үйге келген адамға тамақ бермеу, қондырмау деген атымен болмайтын. Егер ондайлар бола қалса, одан айып алынатын. «Бәленше үйіне қондырмапты» деген сөз сүйекке таңба болып есептелетін. Сондықтан емес пе, кетіп бара жатқан жолаушыны қазақ «Шырағым, сусын іше кет» деп өзі шақырып тамақтандыратын. Оның үстіне бірде-бір өзін қазақ санайтын еркек тамаққа, қазан-аяққа араласпайтын. Кімге тамақ беру, кімді тойындыру әйелдің ісі деп саналатын. Бай үйінің ас-суы, айран-сүті екінші бір қараша үйде, кедей-кепшіктің үйінде болатын. Оның қаншасын ішу, қаншасын жеу көбіне кедейдің өз қолында еді. Моральдік жағынан, киімнен жүдеуі мүмкін, бірақ кеңестік дәуірдегі кедей тамақтан тарықты деу көпе-көрінеу жала болады. Қысқасы сол, «қасқыр мен малшыдан қалғаны біздікі» деп серілікпен жүретін байлардың болғанын ұмытпау керек. Ауқатты шаруа атаулыға қырғидай тиген Ф.Голощекин Қазақ өлкелік партия комитетінің жалпықазақтық VI конференциясында «жартылай феодалдық түп-тамырымен құрту, байға күшті қысым жасау негізінде ауылды орташаландыру және қазақ батырағына, кедейіне және орташасына ерекше көмек беру» мәселесін партия бұқарасы алдында негізгі міндет етіп қойды. Айта кеткен жөн, бұл міндеттерді жүзеге асыруға қажетті алғышарттар Ф.Голощекин Қазақстанға келгеннен кейінгі алғашқы жылдарда-ақ жасалған еді. 1927 жылы жергілікті кеңестерді сайлау кезінде байлар дауыс беру құқығынан айырылды. Бірақ бұған Ф.Голощекин қанағаттана қоймады. Оның басты мақсаты – байларды түп-тамырымен жойып жіберу болатын. VI Бүкілқазақтық партия конференциясының қазақ байларын күшпен тәркілеу туралы қорытындыға келуі ел ішінде жаппай дүрлігу туғызды. Мәскеудегі БК(б)П ОК мен БОАК-нің бұл шешімді және осыған байланысты заңды бекітуді белгісіз себептермен тоғыз айға созып жіберуі жағдайды шиленістіре түсті. Тәркілеуге байланысты әртүрлі алыпқашпа өсек-аяңнан үрейленген халық байы бар, кедейі бар малды жаппай сатудың, жасырып қалудың жолдарын іздестіре бастады. Сондықтан 1928 жылы маусымның 21-інде ҚазОАК «Қазақстанның барлық еңбекшілеріне» үндеу жариялады. Онда «тәркілеу туралы заң 1928 жылғы сәуірдің 1-інен бері мыңдаған малы бар, Кеңес өкіметіне «анық жау» неғұрлым ірі байлар қожалықтары дүниелерін тәркілеу және оларды жер аудару бағытында жасалып жатқаны, алғашқы кезекте бұл бұрынғы хан, сұлтан тұқымынан шыққан ірі байларға қатысты жүргізілетіні» атап көрсетілді. Қазақ байларын тәркілеу туралы декреттің өзі 1928 жылы тамыздың 27-сінде қабылданды. Баспасөз беттерінде қазақ байларын тәркілеудің 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталатынын ескертті. Қабылданған декрет бойынша, ірі байларға көшпелі аудандарда ірі малға шаққанда төрт жүз бастан жоғары малы бар, жартылай көшпелі аудандарда үш жүз бастан жоғары малы бар қожалықтар жатқызылды. Ал отырықшы аудандарда мұндай меже жүз елу бастан жоғары қарай болды. Бірақ осы соңғы аудандарда Қазақ АКСР ХКК жүз тұяғы барларды ірі бай қатарына жатқызып, тәркілеуге құқықты болды. Декрет әсіресе көшпелі аудандардағы қожалықтарға шектен тыс қатал болды және Қазақ АКСР ХКК-не алғашқы көшпелі аудандағылардың малы көрсетілген саннан аз болған күннің өзінде бұл адамдарды егер ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қарсылас ретінде жер аудару құқығын берді. Қазақстанда ірі байларды конфискелеудің авторы Ораз Жандосов еді. Барлық жүргізілуге тиісті шараларды жасаған да, оған ілінген 695 байды іріктеген де сол болатын. Оған дәлел – 1926 жылғы Өлкелік партия комитетінің ІІІ пленумында үлкен талас тудырған сөзінде О.Жандосов ең басты назарда ұлт ішіндегі таптық міндеттерді шешуге аудару қажеттігін айтып, қазақ ауылында байларымен күресті тек бейбіт экономикалық әдістері арқылы ғана емес, сонымен бірге саяси зорлау әдістері арқылы да жүргізуді ұсынды. Оның түсінігі бойынша, бұл шара қазақ қоғамын байлардың зорлығына ғана емес, сондай-ақ феодалдық, рулық қатынастардың қалдығынан да құтқару үшін керек еді. О.Жандосов ұсынған бағыт О.Исаев, А.Мусин сияқты қайраткерлердің тарапынан қолдау тапты. Мәселен, Мусин: «Қазақстан үстімен қан төгусіз, Октябрьмен жүріп өту керек», деп, Голощекиннің пікірін қайталады. Қазақ байларын тәркілеу науқаны кезінде жергілікті шолақ белсенділер тарапынан жоғарыдағы нұсқаулар бұрмаланып, өте әділетсіздікпен жүргізілгенін біздер бүгінде архив қоймаларында сақталған құжаттардан аңғарамыз. Мәселен, тәркілеу кезінде байлар мен кулактардың «барлық киім-кешектері, іш киімдері, барлық азық-түлігі» тәркіленді. Ыдыс-аяқ, ұсақ-түйектің бәрі, балалардың іш киімдері тартып алынды. Мұндай жүгенсіздіктер Қазақстанға да тән болды. Қазақстанның өлкелік прокуратурасы 1930 жылы 25 наурызда өзінің жергілікті жерлердегі прокуратура органдарына жолдаған жабық нұсқау хатында «кулактарды тәркілеудің жергілікті жерлерде Партия мен үкіметтің 1930 жылғы 1 ақпандағы нұсқауларын көпе-көрінеу бұрмалау түріне ие болып бара жатқанын» ескертті. Бай-кулактар ғана емес, агрономдар, дәрігерлер, орманшылар, мектеп қызметкерлері де кулакқа жатқызылып, тәркілене бастады. Кеңес өкіметінің жете ойластырмай жүргізген саясаты, яғни қазақ байларын тәркілеу, ұжымдастыру науқандары елдегі жеке шаруа қожалықтардың күрт әлсіреуіне және жергілікті халықты алапат аштыққа алып келді. Мәселен, Әулиеата ауданында 1929 жылы 1,5 миллион бас қой болса, 1934 жылы оның 7 мыңы ғана қалған. Ал Т.Рысқұловтың 1933 жылы 9 наурызда И.Сталинге жазған хатында: «Сарысу ауданындағы 7000 қожалықтан тек 500-дей қожалық қалған» деген жолдарды кездестіреміз. Жалпы Әулиеата өңіріндегі тәркілеу мен ұжымдастыру науқандарын жете зерттеген М.Рысдәулет пен Н.Қожамарованың еңбектеріне сүйене отырып әзірлеген кестеде қазіргі Жамбыл облысы аумағындағы қуғындалған байлардың санын жариялап отырмыз.

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ОРДАСЫ
Алдыңғы мақала
БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ОРДАСЫ

Ұқсас жаңалықтар