Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Интернет алаяқтық өршіп тұр

Интернет алаяқтық өршіп тұр
ашық дереккөз
Интернет алаяқтық өршіп тұр
Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде инвестициялық жобаларға қатысты алаяқтық жиілеп кетті. Азаматтар жинаған ақшаларын қаржы жобаларына саламыз деп сан соғып қалып жатыр. Одан өзге әлі алмаған тауарына немесе қызметке алдын ала ақша жіберіп, алданып жатқандар да көп. Жыл басынан бері елімізде 4,5 мыңнан астам интернет алаяқтық жасалыпты. Бұл ретте еліміздегі қаржы ұйымдары мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрі туралы мәлімдеме де жасаған еді. Пысықайлар қазір елдің ақшасын интернет-мессенджерлер арқылы үптеп кетуге тырысып бағуда. Қаржы жобаларын ұсынып, өзін брокермін деп таныстыратын алаяқтар да қаптап кеткен. Бұл мәселе облысымыз үшін де өзекті болып тұр. Жақында ғана жамбылдық полицейлер әлеуметтік желі арқылы алаяқтықпен айналысқан Түркістан қаласының тұрғынын ұстады. Сарысу аудандық полиция бөліміне Жаңатас қаласының 50 жастағы тұрғыны белгісіз адамның сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 1 миллион теңгеге жуық ақшасын иемденіп кеткенін хабарлаған. Әлеуметтік желі арқылы хабарласқан күдікті банк қосымшасымен тауарлық несие рәсімдеп беретінін айтқан. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Түркістан қаласының 30 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті облысымызға жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Облыстық полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы тұрғындарды алаяқтықтан сақ болуға шақырып, қылмыстың алдын алу үшін тиісті шаралар қолдануда. Десе де оларға алданып жатқандар саны азаймай тұр. Сол үшін аталған департаменттің криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шохан Әлжанов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында осы тақырыпқа қатысты арнайы брифинг өткізді. Өз сөзінде ол алаяққа қатысты қанша оқиға тіркеліп, қанша іс қозғалғанын баяндай отырып, одан сақтану жолдарын түсіндірді. Спикердің баяндауынша, биылғы жылдың 29 мамырына қалыптасқан жедел ахуалға сәйкес жалпы алаяқтың саны 22,3 пайызға, нақты айтсақ, 452-ден 351-ге төмендеген. Бірақ киберқылмыстың ашылуы 4 пайызға өсіпті. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі қалалық жерлерге қатысты. Яғни шаһарларда интернет алаяқтықтың 229 оқиғасы тіркелген. Ал, алаяқтықтың ауыр санаты 4,2 пайызға, яғни 143- тен 137-ге төмендеген. – Интернет жүйесін пайдаланумен жасалған 59 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде өндіріспен 19 іс аяқталып, 42 істің мерзімі қысқарды. Интернет алаяқтықпен айналысқан 15 тұлға ұсталса, олардың 11-і Алматы, Шымкент, Семей қалалары мен Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарының тұрғындары. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген. Профилактика мәселесіне келетін болсақ, біріншіден, қазіргі уақытта 45 бейнеролик дайындалды. Екінші бағыт – арнайы дайындалған аудиожазбалар көптеген сауда үйлерінде, базарларда және де қызметтік автокөліктердің дауыс күшейткіш құралдары арқылы қоғамдық орындарда, аялдамаларда көпшілікке жеткізілуде. Үшіншіден, арнайы дайындалған буклеттер банкоматтар мен терминал орналасқан жерлерде ілінуде. Төртіншіден, профилактикалық мәтіндегі бейнероликтер мен буклеттер облыс бойынша 114 ұйым, мекеме мен кәсіпорындарға түсіндірме хатпен жолданды, – деді Шохан Берікұлы. Сонымен қатар департамент тарапынан профилактикалық іс-шараны күшейту мақсатында қазіргі таңда 110 мың қалалық абонентке арнайы дайындалған брошюралар тарату жоспарланып отыр екен. Мұнымен қоса облыстық «Jambyl» және «24 Тaraz» телеарналарына, «АR-AI» газетіне сұхбаттар берілген. Олардан бөлек, жүйелі түрде облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желі парақшаларына профилактикалық жазбалар жариялануда.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар