Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөз
БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Кеше «Соңғы қоңырау» салтанаты және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау» орталығы «Бар мейірім – балаларға!» атты мерекелік кеш ұйымдастырды.

Орталықтың «Үкілі домбыра» ансамблі нақышына келтіре орындаған «Жастар биі» күйі көпшіліктің көңілінен шықты. Аталған жиында өңір басшысы балаларға ақжарма тілегін арнап, сабақты жақсы оқыған оқушыларға ықылас-пейілін танытты. – Биыл жалпы ел тарихында тұңғыш рет «Соңғы қоңырау» мерекесі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде аталып өтуде. Сіздерді осынау айтулы мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Кез келген қоғамның қозғаушы күші – жас буын. Жастары белсенді, озық ойлы елдің келешегі де кемел болмақ. Себебі талантты жастар еліміздің жарқын болашағының қалыптасуына өз үлестерін қосатыны анық. Облысымызда 248 мың оқушы бар. Бүгінгі күні қаншама мектеп түлектері алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басуда. Осы балаларды білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге баулыған ұстаздардың да еңбегі ерекше. Өмір болғаннан кейін түрлі тағдыр болады. Бірақ қиындықтарға мойымай, алға ұмтыла білу керек. Ең бастысы – балаларымыздың жүзінен күлкі кетпесін! – деді Нұржан Молдиярұлы. Жиынға облыс әкімдігінің бірқатар басқармалары мен мекеме басшылары да қатысқан еді. Олар да өз сыйлықтарымен балақайлардың көңіліне қуаныш сыйлады. – Балалар – біздің болашағымыз. Егер бүлдіршіндерді бақытты ете алсақ, онда өмірде жеткен ең үлкен жетістігіміз. Жас буынның тәртіпті, тәрбиелі, зерек болып өсуі қоғам үшін маңызды. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бастысы балалар аман болсын, ауырмасын. Оқу жылын аяқтап жатқан ұландарымыз Отанымызға үлкен еңбек сіңіретін азаматтар болып өссін! Балалардың бақыты – біздің бақытымыз. Өмірлеріңіз қуанышқа толы болсын! – деді облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов. Мерекелік кеште талантты балалар «Кел, биле!», «Бақыттымын!» әнін шырқап, мың бұралған арулар «Қызғалдақтар» биін биледі. Бүлдіршін қыздар «Көңілді балақайлар» биімен жұртшылықты тәнті етті. Ұлтжанды жігіттер театрландырылған қойылымы арқылы ел ертеңі үшін аянбай тер төгетіндерін аңғартты. Сонымен қатар өнерлі жастар «Достық» жырын оқып, «Бақыттымын» әнін орындап, іс-шараға қатысушылардың көңілін толқытты. Жиын өнерлі оқушылар хормен айтқан «Атамекен» әнімен түйінделді. Кешті қорытындылаған аталмыш орталықтың директоры Айжан Мейірханова іс-шараға қатысқан қонақтарға алғыс білдірді. Бұдан соң облыс әкімі Қ.Рысқұлбеков атындағы орталық саябаққа ат басын бұрды. Балалар мерекесіне орай облыс орталығында көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар, қолөнер және сурет салу бойынша шеберлік сыныптары, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, тегін балмұздақтар таратылды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар