СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!
Биыл алғаш рет 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген «Соңғы қоңырау» шарасы еліміздің түкпір-түкпірінде салтанатты түрде ұйымдастырылды. Облыстағы 492 мектепте де «Соңғы қоңырау» соғылып, бітіруші түлектер алтын ұяларымен қоштасты.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында өткен «Бақытты бала шақтан – жарқын болашаққа!» атты шараға қатысып, ұстаздар мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ақ тілегін арнады.
– Облыстағы 492 мектептегі 248 мыңнан аса оқушы кезекті оқу жылын табысты аяқтап отыр. 12 мыңнан аса оқушы алтын ұя мектептерімен қоштасуда. Биылғы оқу жылында облыс оқушылары халықаралық, республикалық деңгейдегі білім, спорт, өнер байқауларында айтарлықтай жетістіктерге жете білді. Атап айтсақ, республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы он төртінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өткен республикалық олимпиадада облыс командасы І орынды жеңіп алды. Робототехникадан республикалық турнирде облыс командасы І орынды иеленіп, ел кубогына ие болды. Елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда, – деген Нұржан Молдиярұлы өз сөзінде бүгінгі күні өңірдегі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі тиімді шешіліп жатқанын да жеткізді.
Сонымен бірге дәстүрге сай облыс әкімі аталмыш білім ордасының 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша үздік сыныпты және оқушыларды марапаттап, сый-сияпатын жасады.
Мерекелік шара барысында гимназияның өнерлі оқушылары ән-биден шашу шашып, «Біз –
бақытты баламыз!» вокалды-хореографиялық және «Әрқашан күн сөнбесін» композицияларын көпшілік назарына ұсынды. 1-сынып оқушыларының түлектерге арналған тілектері, түлектердің ант беруі, вальсі, қоңырау соғу рәсімдері орындалды.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала