Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жондағы жұмыстарға жан сүйсінеді

Жондағы жұмыстарға жан сүйсінеді
ашық дереккөз
Жондағы жұмыстарға жан сүйсінеді
Түркістан ауылдық округі – Сарысу ауданының таулы өлкесінде орналасқан аймақ. Оңтүстік-батысында Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандарымен шектесіп жатыр. Кеңес одағы кезінде тың көтеру бастамасымен құрылып, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған «Түркістан солай туған» атты очеркке арқау болған өңірдің өткені өнегелі, бүгіні берекелі. Бұл аймақ туралы ел аузында халқына Жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз: «Шіркін, Көсегенің көк жоны, аттың қанжығасына сыймайсың, әйтпесе өңгеріп алып кететін жер екенсің» деп тамсанып, бір түнеп аттанып кеткен екен деген де аңыз бар. Бүгінде Түркістан ауылдық округінің құрамына Әшір Бүркітбаев, Үшбас, Арыстанды және Қаратас елді мекендері кіреді. Жергілікті жұртшылық негізінен ауылшаруашылық саласымен, оның ішінде егіншілікпен айналысады. Округте 13 500 гектардан аса егістік жері бар. Тұрғындар осынау аумақты тиімді игеріп, отбасын асырап келеді. Дейтұрғанмен биылғы көктем айларында ызғарлы шығыстың азынап тоқтамай, айлап соққан желі жерді кептіріп, шаруаға қолайсыз болып тұр. Егілген егіс тұқымы да суықтан көтеріліп кете алмап еді. Бойлап өспеген өсімдік енді жаздың ыстығына ұрынуда. «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, осы қуаңшылық жылы несібесін Жер-анадан емген түркістандық диқандар қауымы арасынан Асхат Сейілбеков алғаш рет микроқаржы ұйымдары арқылы 7 миллион теңгеге жаңбырлатып суғару құрылғысын лизингке алып, жоңышқа алқабына пайдалануды бастады. Асхат Мысыралыұлы 2016 жылдан «Әбілқайыр» шаруа қожалығын құрып, егіншілікпен айналысуда. Істің көзін таба білген ол «ДТ-75» маркалы тракторының шынжыр табанын жүріс өнімділігін арттыру мақсатында доңғалаққа ауыстырып, ол техникасымен жер жыртып, еңбек етуде. 2021 жылы сыйымдылығы 300 тонналық астық сақтау қоймасын да салып, игілігіне пайдалануда. Өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы «Белорусь-952.2» маркалы әмбебап тракторын 14,8 миллион теңге лизингке алды. Енді міне, қырықтың қырқасына енді шыққан жаңашыл азамат су үнемдейтін технология арқылы жақсы істі бастауда. Біз де іскер азаматтың суландырып жатқан егіс алқабына барып, «Еңбегің рәтті болып, қырманың астыққа толсын» деген тілегімізді білдірдік.

Жанысбек БАЙЫСБЕКҰЛЫ, Әшір Бүркітбаев ауылы, Сарысу ауданы

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар