Қаратау құлпырып келеді
Негізі осыдан тура 60 жыл бұрын қаланған Қаратау қаласы қилы-қилы кезеңді бастан өткеріп, қазір қайта түлеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Өндірістік әлеуеті зор өлкеде 8 ірі кәсіпорын жұмыс істеуде.
«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені, «Talas Investment Company», «Қаратау ПРО», «Жамбыл Недр», «Игілік» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, «Құрылыс-Жанар», «Wind Power City», «Wind Elektr City» серіктестіктері 1 550 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы қаланың жұмыс күші 16 189 тұрғынды құраса, жұмыспен қамтылғаны – 15 500, жұмыссыздар – 689. Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр.
Тұрғындардың біразы білім мекемелерінде қызмет атқарады. Қалада жалпы білім беретін 8 мектеп, 13 балабақша және мектеп жанындағы 6 шағын орталық, 3 мектептен тыс білім мекемесі, 3 колледж, №3 арнайы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы, 2 денсаулық сақтау мекемесі, 7 дәріхана, қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған «Үміт» арнайы мектеп-интернаты, Талас аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы, жасөспірім балаларға арналған 2 спорт мектебі, 1 спорт кешені, 6 мәдениет нысаны жұмыс істейді.
Инженерлік инфрақұрылым қай кезде де өзекті мәселелердің көшін бастап тұратыны анық. Қаратау қаласындағы ауызсу жүйелерінің ұзындығы – 128 шақырым. Қала ауызсумен толықтай қамтамасыз етілген. Тек қаланың шеткі бөлігінде орналасқан «Флора», «Достық», «Строительный» саяжайларында ауызсу жоқ. Ауызсу тарту мәселесі бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тарапынан бюджеттік өтінім берілді. Осы бағыттағы тиісті жұмыстар 2024 жылға жоспарланған.
Ал кәріз жүйесінің ұзындығы – 72,5 шақырым. Сондай-ақ жылу құбырының ұзындығы – 28,9 шақырым. Жылу желілерінің 12,5 шақырымы немесе 43,2 пайызының тозығы жетуіне байланысты ауыстыруды қажет етеді. «Игілік» кәсіпорнының мазут шаруашылығының тозу деңгейі 78 пайызды құрайды. Жалпы жылу желілерінің (5 жоба) орталық қазандық пен мазут шаруашылығына диагностикалық сараптама мен жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін 69,6 миллион теңге қаражат қажет.
Қалада ұзындығы 94,8 шақырымды құрайтын 130 көше болса, оның 28-і саяжай жерінде орналасқан. Аталған көшелердің жолдарын саяжайға толықтай ауызсу құбырлары жүргізілген соң орта жөндеуден өткізу жоспарлануда. 2023-2027 жылдары қаладағы тозығы жеткен 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде.
2023 жылға жоспарланған 6 көшенің алғашқы 2 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталды. Одан бөлек 2 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Бұрынғы саяжай көшелерін қоспағанда, қаланың 102 көшесі, оның ішінде 74 (72,5 пайыз) көше мен шағын және көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жарықтандырылған. Сондай-ақ қала орталығынан шеткері орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қажеттілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алдағы міндеттер де ауқымды. Мәселен, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, орта мектептерді, «Авангард» кинотеатры ғимаратын күрделі жөндеу, Талас аудандық орталық ауруханасының материалдық-техникалық базасын нығайту, спорттық инфрақұрылымды дамыту үшін 10 көше тренажерлерін, стрит-воркаут және балалар алаңдарын орнату, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қамтамасыз ету үшін жатақханалар мен тұрғын үйлерді реконструкциялау секілді мәселелерді шешуге басымдық беріледі. Сондай-ақ сарқынды суларды сүзу мәселесін шешу үшін Қаратау қаласындағы тазарту құрылыстарын реконструкциялау, қаланың автомобиль жолдарын жөндеу маңызды мәселелердің қатарында. Бүгінгі таңда қаланың жеке секторындағы көшелердің 42 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Өңірді электрмен жабдықтау мәселесі де шешуді қажет етеді. Электр желілерінің тозуы 56,9 пайызды құрайды.
Алдағы уақытта аталған және басқа да маңызды мәселелерді шешу мақсатында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс істеп, жуық жылдарда оң нәтижесін көреміз деп ойлаймын.
Дархан БАЙМБЕТОВ,
Қаратау қаласының әкімі
Келесі мақала