Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БІР ОТБАСЫН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

БІР ОТБАСЫН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ
ашық дереккөз
БІР ОТБАСЫН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ
Айналамызда жан-жағына нұрын шашып, мейіріміне бөлеп жүрген жандар өте көп. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де бір отбасын өлім аузынан арашалап қалған, өз істеріне шын берілген мамандар. Кез келген төтенше жағдай кезінде өз өмірін қатерге тігу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оқиға қалай болған дейсіздер ғой. Басынан баяндайық. 2023 жылдың 6 наурызында Тараз қаласындағы №22 орта мектептің 2-сынып оқушысы Бекжан Бақытжанұлы сабаққа келмей қалады. Мектеп әкімшілігі ата-анасына хабарласқан. Алайда ата-анасы телефон қоңырауына жауап бермеген. Бекжанның анасымен бірге жұмыс істейтін әріптестеріне де қоңырау шалады. Сөйтсе, оқушының анасы да жұмысқа шықпаған екен. Іле-шала №10 орта мектепте білім алатын сол отбасының 2 баласының да сабаққа бармағаны белгілі болады. Оқушының, бауырларының сабаққа келмегеніне, анасының жұмысқа шықпағанына алаңдап, мән-жайды анықтау мақсатында мектеп әкімшілігі сол отбасының үйіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаеваны, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аида Есенаманованы, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Исмаиловты, полиция инспекторы Әлішер Ермековті жедел аттандырады. Барған кезде қақпаның есігі құлыптаулы екен. Есіктің қоңырауын басып, қақпаны ұрғылап та көреді. Іштен тырс еткен дыбыс естілмейді. Сөйтіп, Әлішер Ермеков пен Қуаныш Исмаилов және көршісі қоршаудан асып түскенде табиғи газдың иісін сезеді. Үшеуі терезеден көз тастағанда ес-түссіз сұлық түсіп жатқан 5 адамды байқайды. Уақыт оздырмай азаматтар пластикалық терезені бұзып, үйге кіреді. Осылайша олар барлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, ұтымды әрекет еткен. Яғни қауіпті болғандықтан үйдегі жарықты да қоспаған. Газды өшіріп, барлық зардап шеккендерді шұғыл түрде таза ауаға шығарады. Жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнына жеткенше педагогтар мен инспектор қол қусырып отырмай, зардап шегушілерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетеді. – Көршісінің рұқсатымен аулаға кіріп, терезеден қарағанымызда бір баланың ес-түссіз жатқанын көрдік. Ойланбастан терезені сындырып, бөлмеге кірдім. Үйде өте жаман иіс болды. Ондағылардың уланғанын бірден түсіндім. Бірден газды жауып, барлық терезелерді аштым, – деді Тараз қалалық полиция басқармасы 2-полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Әлішер Ермеков. Барлық бөлмелерді аралап шыққан полиция қызметкері 58 жастағы отағасын, 47 жастағы әйел адамды, олардың 12, 10 және 8 жастағы балаларын сыртқа шығарған. Ал дәрігерлердің айтуынша, көмек сәл кешіккенде ешкімді құтқару мүмкін болмайды екен. Жақында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков газдан уланған бүтін бір отбасын ажалдан аман алып қалған №22 орта мектептің мұғалімдерін арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. – Өз өмірін қатерге тігіп, көмек қолын созуға ұмтылатын жандар қашанда мақтауға тұрарлық. Түрлі оқыс оқиғаларда төнген қатерге қарамастан, өзгенің өмірін құтқарып қалған азаматтарға айтар алғыс, көрсетілетін құрмет шексіз. Мұндай ерлік әркімнің қолынан келе бермейді. Сіздер бейбіт күннің батырысыздар, – деді қала әкімі. Осылайша учаскелік полиция инспекторы Әлішер Қалмұратұлы, мектеп директоры Шолпан Диханбаева, орынбасары Эльмира Әжібекқызы «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің атынан және өз атынан марапатталғандарға қырағылық, сауатты іс-әрекеттері, кәсіби міндеттеріне жауапкершілікпен қарағаны және азаматтық борышын орындағаны үшін алғыс білдірді.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар