Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әр адамның парызы – білім іздеу

Әр адамның парызы – білім іздеу
ашық дереккөз
Әр адамның парызы – білім іздеу
Жастардың діни сауаттылығы қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Ал өскелең ұрпақтың рухани санасын оятуда діннің алатын орны ерекше. «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дегенді Абай бір жарым ғасырға таяу уақыт бұрын айтса да осы тоқтамға жеткілікті көңіл бөлмей келе жатқан сияқтымыз. Жастардың арасында діни сауатсыздығының салдарынан өзге ағымның жетегіне еріп, исламдағы айтылған хадис мәтіндерінің мағынасын тікелей түсіну арқылы бұрыс жолға түсіп кетіп жатқандары аз емес. Елімізде осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Атап айтсақ, жастардың діни сауатты маман болуы үшін елімізде заманауи оқу үрдісіне сай 9 медресе, 1 университет, 1 институт жұмыс істейді. Сонымен қатар әр мешіттің жанынан діни сауат ашу курстары да ашылған. Сондай-ақ мектептерге дінтану пәні де енгізілді. Алайда мұнымен жастардың діни сауатын арттыру жолға қойылды деуге болмайды. Тағы бір айта кетерлік мәселе, Дін істері агенттігінің тарапынан арнайы баспалардан діни кітаптар шығару да жолға қойылды. Жалпы қазір жастардың діни кітаптарға деген сұранысын интернет қанағаттандырып отырған секілді. Өйткені ақпарат дамыған сайын адамның кітап оқуға қызығушылығы сәл төмендейді. Бірақ кітап оқу арқылы да белгілі бір дәрежеде діни сауаттылығымызды арттыруға мол мүмкіндігіміз бар. Себебі ғаламдық мәдениеттің бір бөлігін кітап құрайды. Кітап оқу-білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамның өзін тануын білдіреді. Күнделікті өмірде кітап оқитын адам мен оқымайтын адамның айырмашылығын тез байқауға болады. Кітап оқитын адам ақыл-парасат, таным, білім, елмен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі секілді бірсыпыра ізгі қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады. Шындап келгенде, әр кітап бір-бір тәжірибелі ұстазға, ақыл қалтаға ұқсайды. Басқалардың қанша жылғы білген-түйген нәрселерін, ізденісін біз сол адамның жазған кітабын оқу арқылы-ақ үйрене аламыз. Демек, кітап оқу өмірде қателеспеу үшін басқалардың тәжірибесімен танысу дегенді де білдіреді. Кітап – адамға таптырмайтын пайдалы дос. Ол жай уақытта ешкімнің мазасын алмайтын, қажет кезде үнемі қасыңнан табылатын, кез келген сәтте кеңес беруге әзір. Ақылына ақы сұрамайтын, жан сарайымызды серпілтіп, дұрыс жолды көрсететін жанашыр әрі жалықтырмайтын серік десек те болады. Бүкіл ғылым атаулы діннен шығады, діннен қуат алады, дін арқылы өсіп-өркеңдеп, жетіледі. Ғылымнан үміті бар жандар әрбір нәрсені өз жаратылыс мақсатын байланыстыра зерттеуі тиіс. Жастардың рухани және діни сауатты болуы кезек күттірмес мәселелердің бірі. Қазіргі қоғам жастардың діни сауаттылығының төмен дәрежеде сипатталуымен қатар, атынан да, затынан да шатасатын саяси миссионерлік секталарға толы. Бұндай жолдарға, керітартпа ағымдарға кетпеудің ең әуелгі жолы – діни сауаттылықты арттыру. Қазақстандағы дәстүрлі емес діни ұйымдардың және тоталитарлық секталардың көбеюі мен оның қатарына жастардың, жалпы халықтың көптеп тартылуы – көпұлтты мемлекетіміздің ұлтаралық татулық пен тұрақтылығына қауіпті фактор. Және ұлтаралық радикализммен шиеленісті тудыратын қосымша күш. Бүгінде Қазақстан бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығына айналған. Ислам діні – ақырғы дін, барлық діндердің керек асылдарын бойына жинаған дін. Сондай-ақ адам баласының даму жолындағы рухани, ғылыми, мәдени жетілген кезіне арналған дін. Қазіргі қоғамда жастардың діни сауаттылығын арттыруда материалдық игіліктермен шектемей, керісінше рухани құндылықтармен де байытып отырғанымыз жөн. Рухани құндылықтарды орыңдауды өзіне міндет етіп қойған адам, ең алдымен, негізгі құндылықтарды мұқтаждығымен қанағаттандырады. Содан кейін өзі үшін ең маңызды болып табылатын рухани құндылықтарға бағытталады. Қарапайым шарттардың өзінде негізгі құндылықтарды құндылық ретінде мойындамайтын кездері де болады. Экономикалық ахуалы тұрақты, күнделікті тұрмысқа қатысты қажеттіліктерін жеңіл жолмен қамтамасыз ете алатын бір адамның білім нәрімен сусындау, парасатты тұлға, жақсы өнер адамы болу, атаққа бөлену сияқты негізгі рухани құндылықтарға қол жеткізу мүмкіндігі мүмкіндігі шектеулі, экономикалық жағдайы төмен адаммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Іс, жұмыс, ақша табу рухани құндылықтардың қалыптасуына демеу болатын құндылықтар болып табылады. Экономикалық жағдайы төмен адамның сана-сезімі көбінесе негізгі құндылықтардың орындалуына кері әсерін тигізеді. Рухани құндылықтарды жоғары құндылық ретінде қабылдап, бірақ негізгі құндылықтардан асып шыға алмағандықтан оларды жүзеге асыра алмайды. Интеллектуалдылық құндылықтары ретінде әрбір мұсылманның парызы – білім іздеу. Білім іздеу арқылы адам әлемдегі нәрселердің жаратылысына ой жүгіртуге, оларды танып-білуге құштарланады. Ол арқылы ой-өрісі, білім мен ғылымға деген қызығушылығы оянып, адамзаттың көкжиегі кеңіді. Ислам – ең басты кезекте ғылымды қолдады. Себебі исламда ғылым – иманның серігі. Сондықтан ғалымның ғылыми еңбектері нәтижесінде шариғат жанданып, ислам заңдылықтары сақталды. Қазіргі қоғамымызда жастардың діни сауаттылығын дінге жаңадан бет бұрған жастарымыздан көруге болады. Жастарымыз шет мемлекеттерге шығып, діни ілім алып, елге келіп, лауазымды қызметтер атқарып жатыр. Біз өмір сүріп жатқан күрделі әрі қарама-қайшылықтарға толы бұл ғасыр өткен ғасырлардан мүлдем ерекше. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев атқандай, елдің болашағы рухани толықсыған, тұлғасы кемелденген жастармен жарқын. Сонымен қатар жастар рухани әрі саяси сауатты болса, қоғам жаңарып, өркендейді. Жанұзақ ӘНЕБЕКОВ, облыс әкімдігі дін істері басқармасының дін проблемаларын зерттеу орталығының Талас ауданы бойынша инспекторы  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар