Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көз тоймайтын көркіне, мүмкіндік көп Меркіде

Көз тоймайтын көркіне, мүмкіндік көп Меркіде
ашық дереккөз
Көз тоймайтын көркіне, мүмкіндік көп Меркіде
Әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып келе жатқан өңірдің бірі – Меркі ауданы. Мұндағы әрбір саланы жандандыруға мейлінше көңіл бөлінген. Өйткені ауданды өркендету жолында елге адал қызмет ету – меркілік әр азаматтың парызы. Оның үстіне Меркі жерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, табиғи мүмкіндігі мол. Аудан әкімі Жорабек Баубековтің бұл қызметке тағайындалғанына жақында бір жыл толды. Осы уақыт ішінде аудан әкімінің бастамасымен қандай жоспарлы жұмыстар атқарылды? Біз осыған назар аударған едік.

Мәселелер біртіндеп шешілуде

90 мыңға жуық халқы бар Меркіде мол мүмкіндіктер ғана емес, мәселелер де болатыны заңдылық. Әйтсе де түйткілді істің түйінін тарқату, тапсырмалар мен міндеттемелерді жүзеге асыру – алдымен ауданды басқарып отырған басшының іскерлігіне байланысты болмақ. Осыны ескерген Жорабек Нұрмергенұлы алғашқы сәттен бастап-ақ өз жұмысын ауданның жалпы ахуалын зерделеп, жұмыстың нақты бағыттарын айқындап алудан бастапты. Аудан әкімі мұндағы барлық елді мекенді жеке-жеке аралап, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізген екен. Онда тұрғындардың талап-тілектері тыңдалып, көтерілген әлеуметтік-тұрмыстық, коммуналдық-шаруашылық сынды көптеген мәселелердің барлығы назарға алыныпты. Сонымен қатар аудандағы әлеуметтік және кәсіпкерлік, қызмет көрсету нысандары мен өндіріс орындарының жұмыстары екшеліп, ауылшаруашылық бағытындағы өзекті мәселелер де сараланған. Осы зерделеу жұмыстарының нәтижесінде ауданның 2025 жылдарға дейінгі даму жоспары дайындалып, бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарға түзетулер мен толықтырулар енгізіліпті. – Ауданның 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес алдағы жылдары бюджет есебінен құны 42,1 миллиард теңгені құрайтын 156 жоба, инвестиция тарту арқылы 11,5 миллиард теңгеге 132 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Халықпен болған кездесулерінде көтерілген мәселелердің басым бөлігі жол жөндеу жұмыстарына қатысты болды. Бұл ретте қандай да бір мәселені шешу үшін алдымен жұмыстар негізгі басымдықтар бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта аудан бойынша жалпы 453 көше жолы болса, оның 103-і жөндеуді қажет ететіні анықталды. Жөндеуді қажет ететін көшелердің ішінде, ең алдымен, жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылған көшелерді жөндеуден өткізу күн тәртібіне қойылып, 2025 жылға дейін аудан көшелерін 100 пайыз қанағаттанарлық жағдайға жеткізу межесі бекітілді. Осы орайда өткен жылы аудан аумағында 16 жоба аясында 48 ауылішілік көше жолы жаңарды. Ал биыл жалпы 72 көшені жөндеу жоспарланса, оның ішінде 31 көше «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен, 41 көше жергілікті бюджет есебінен жөнделетін болады. Сонымен қатар ауданның бас жоспарына енгізілген толықтыру бойынша, орталық Ысмайылов көшесін төрт жолақты етіп кеңейту жоспарланып, жөндеу жұмыстары биыл басталатын болды. Ауданның бас жоспарына кәріз жүйесі енгізілуіне байланысты М.Мәметова және Сарымолдаев көшелері кәріз жүйесі жүргізілгеннен кейін күрделі жөндеуден өтпек. Жалпы жол жөндеу жұмыстары қозғалысқа қолайлы орта ғана қалыптастырып қоймай, бұл әлеуметтік-экономикалық әртүрлі мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпалын тигізеді. Сондықтан Меркі жерінің тамаша табиғатын республикаға танымал ету мақсатында тау бөктері мен таулы аймақтарда инфрақұрылымды дамытудың да маңызы зор. Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін таулы және құмды аймақтарға жол салу күн тәртібіне қойылып отыр, – дейді Жорабек Нұрмергенұлы. Бұдан бөлек «Меркі» шипажайынан жоғары Қасқасу арқылы Сандықтас тауына дейінгі 56 шақырымға тас төселіп, жол салынады екен. Сондай-ақ құмды аймақты мекендеп, ауылшаруашылығымен айналысып отырған 148 шаруаға қолайлы жағдай жасау үшін Сарғобы құмына апаратын 87 шақырым жолдың құрылысы басталыпты. Бұл туризм саласының дамуына да септігін тигізіп қана қоймай, құмдағы малшы қауымның тұрмыс сапасын жеңілдететіні анық. Соңғы бір жыл ішінде аудан тұрындарын газбен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, Ақкөз-Қайнар, Беларық ауылдары тұрғындарының көп жылдан бергі сұранысы орындалып, аталған ауылдарға газ құбыры тартылып, халықтың игілігіне беріліпті. Сондай-ақ Қарасу ауылына да газ құбырларын тарту жұмыстары қолға алынып, жоба биыл да жалғасын тапқан. Осы кезге дейін газ жүргізілмеген Мыханды ауылына биыл газ құбырын тарту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп, қазіргі уақытта мердігер мекеме анықталған көрінеді. Көп кешікпей газ құбырларын жүргізу жұмыстары қарқын алмақ. Бұл ауыл тұрғындарының көптеген жылдардан бергі сұраныстарының өтеуі десек те болады. Осы орайда биыл аудандағы аз қамтылған 50 отбасының үйіне табиғи газ кіргізіп беру үшін әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланыпты. Яғни бұл мүлдем көгілдір отыны кіргізілмеген, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін үлкен қолдау екені анық. Ұлт болашағы білімде десек, ал мәдениет – елдің рухани байлығы. Сондықтан да ауданда білім және мәдениет сынды әлеуметтік салаларда да жоспарлы жұмыстар атқарылу жүйелі жолға қойылған. Мәселен, биыл аудандағы ең ірі аймақтардың бірі – Ойтал ауылдық округі тұрғындарының мәдениет үйі қажеттігі жөніндегі сұраныстары орындалыпты. Ойтал ауылындағы саябақтың төрінен заманауи талаптарға сай 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға шақ қалды. Дәл сол сияқты Мыңқазан ауылында да 90 орындық ауылдық клубтың құрылысы қызу жүргізіліп жатса керек, аталған құрылыс нысандары маусым айының басында пайдалануға беріледі деп күтіледі. Сондай-ақ Ақермен ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өту үстінде. Мәдениет саласын дамыту мақсатында клубтарға 11 бірлік үйірме жүргізетін штат ашылыпты. Бұл ауылдық мәдениет үйлерінде жас өнерпаздардың дарынын шыңдауға мүмкіндік туғызады деген ойдан туындаған. Білім ошақтары бойынша Ақарал ауылындағы №5 мектеп-гимназиясы мен Меркі ауылындағы «Балауса» бөбекжай бақшасы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріліпті. Аспара ауылында 150 орындық, Ақ жол ауылында 80 орындық жаңа мектептер бой көтеруде. Бала санының өсуіне байланысты орын тапшылығы сезіліп отырған №21 орта мектептің жанынан 150 орындық ғимарат және 50 орындық асхана құрылыстары, №48 орта мектепке 200 орындық жапсарлама ғимарат салу жоспарланыпты.

Медициналық мекемелер жаңартылуда

Әрбір мемлекеттің ең үлкен жетістігі – халқының дені сау болуы. Өйткені денсаулық бар жерде білім де, еңбек те еңсеріледі. Бұл тұрғыда алғанда ауданның медицина саласын дамыту да басты назарға алынған. Мысалы, Тәтті ауылдық округінде 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория мен Гранитогор ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріліпті. Биыл Аспара және Т.Рысқұлов ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтетін болыпты. Жалпы елді мекендердің медициналық ғимараттармен қамтылу деңгейі 100 пайызды құраған. Меркі аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Мейрамбек Дәрменов бұл жетістік аудан бойынша елді мекендерді медициналық нысандармен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуының нәтижесі екенін жеткізді. – Меркі аудандық орталық ауруханасының гинекология бөлімін, ХҚО жұқпалы аурулар бөлімін, балалар бөлімін, қабылдау бөлімін қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар Андас батыр ауылындағы ауылдық аурухана ғимаратының және ауылдық емхана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соңғы жылдары аудан бойынша медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Бұл жыл сайын медицина жүйесінің жаңартылып, жаңа жабдықтар мен қызметтер түрінің толықтыруымен байланысты болып отыр. Былтырдан бастап аудандық емхана үздік тәжірибе орталығы болып жаңғыртылса, аудандық медициналық мекемелері жалпы сомасы 173 миллион 698 мың теңгеге заманауи талаптарға сай жабдықтармен толықтырылды. Осылайша ауданның денсаулық сақтау саласының жабдықталу көрсеткіші 91,1 пайызға жетті. Жалпы аудан бойынша 43 емдеу мекемесі жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Оның ішінде аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, «Андас батыр» ауылдық емханасы, сонымен қатар 13 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт және 19 медициналық пункті бар, – дейді Мейрамбек Икрамбекұлы. Аудан әкімінің елді мекендердегі кездесулерінде тұрғындар тарапынан балаларға арналған ойын алаңшаларының қажеттігі жөнінде де көптеген ұсыныстар айтылса керек. Осыған орай Меркі, Ақарал және Сыпатай батыр ауылдарында балалар алаңшасы салынса, жуырда Аспара ауылдық округінің екі елді мекенінде қос ойын алаңшасы пайдалануға беріліпті. Тұрғындардың игілігіне берілген спорт алаңшалары халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруына септігін тигізетініне сеніміміз мол. Бүгінде спорт нысандарын салу да күн тәртібіне қойылып отырған өзекті мәселенің бірі. Қазіргі уақытта аудан бойынша үш үлкен спорт кешені бар. Әрине, бұл халық саны көп ауданға аздық етеді. Мәселені шешу үшін биыл Сарымолдаев және Андас батыр ауылдарында спорт кешендерін салу жоспарланыпты. Алдағы жылдары Жамбыл, Ақтоған, Сұрат ауылдық округтерінде спорт кешендерінің құрылысы жүргізілетін сыңайлы. Аудан бойынша соңғы жылдары «Асарлатып үй салу» жобасы аясында жанды жұмыстар жүргізілгенін де айта кетуіміз керек. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған жоба аясында өткен жылы 9 үй, 2 асхана тұрғындар игілігіне берілсе, биыл тағы 11 нысанды пайдалануға беру жоспарланыпты. Егіс алқаптары жайқалып, дәннің толық болуы өсімдіктің уақытылы суғарылуына да байланысты. Осы күні ағын су тапшылығының алдын алу, осыған қатысты мәселені шешу меркіліктердің де басты міндеті. Бұл мақсатта 46 ұңғыма қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ұңғыма құрылыстары толығымен аяқталған соң 2 200 гектар жерді суармалы сумен қамтуға мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар Андас батыр және Жаңатоған ауылдық округтерінде Андас І, Андас ІІ және Андас ІІІ суқойма салу жұмыстары басталыпты. Суқоймалардың құрылысы аяқталған соң тағы 700 гектар жерді суармалы сумен қамтуға болады. Меркідегі 45 елді мекен ішінде бір ғана ауылда электр жүйесіне қатысты қиындықтар болыпты. Ол Қырғыз елімен шекаралас Жауғаш батыр елді мекеніне қатысты жайт. Нақты айтқанда, аталған ауыл тұрғындары электр тоғын көрші елден алып отыруына байланысты тариф сол елдің бағасымен есептеліп, оның ақысы да сол бойынша төленіп келген екен. Тұрғындардың сұранысы ескеріліп, былтыр олардың берешек қарыздары жедел шара қолдану арқылы төленіп, электр энергиясына ақы төлеу құны да қазақстандық тарифке ауыстырылыпты. Биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард 100 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіпті. Тұрғындар тарапынан көшелерді жарықтандыру туралы көптеген өтініш түссе керек. Осыған орай мәселені шешу қолға алынғанымен, ауданның барлық көшесіне бірден жарық орнатудың мүмкіндігі болмайтыны белгілі. Сол үшін алдымен мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар орналасқан негізгі көшелерді жарықтандыру жұмыстары қолға алыныпты. Сонымен қатар электр қуаты төмен елді мекендерде былтыр 8 трансформатор қойылса, биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғаса бермек.

Агросектор асулары

Аудан экономикасының драйвері – ауылшаруашылық саласы дейтін болсақ, бұл салада былтыр 23739,6 гектар бидай, 27 417 гектар арпа, барлығы 51156,6 гектар дәнді масақты дақылдарға орақ түскен. Қант қызылшасының облыс бойынша жиналған өнімінің 50 пайызын Меркі ауданы өндіргені де үлкен мақтаныш. Қант қызылшасының 1 тоннасына қант зауыты 15 000 теңге төлейтін болса, Үкімет тарапынан 1 тоннасына 15 000 теңге субсидия төленеді екен. Осы орайда аудандық қант қызылшасын өндірушілерге 582 миллион 98 мың теңге субсидия алыпты. Биыл қант қызылшасы алқабы 3 000 гектарға ұлғайтылыпты. Аталған саланың жұмысын жандандыру үшін ауданда жаңбырлатып суару тәсілі кеңінен қолданылуда. Атап айсақ, «Мыхан орда» серіктестігінің өз қаражаты есебінен іске асырылып жатқан жобасының жалпы құны 228,4 миллион теңгені құрайды. Агроқұрылым 792 гектарға айналмалы жаңбырлатып суару технологиясын енгізуде. Технология енгізілген алқаптың 400 гектарына қант қызылшасы отырғызылса, 392 гектарына жоңышқа егілген. Түрік елінен әкелінген 19 жаңбырлатып суару агрегатын шаруашылық қолданысқа енгізу үстінде. Аталған елдің «Atlantis» компаниясымен жергілікті билік келіссөздер жүргізіп, шаруалар бастапқы 25 пайыз қаражатын төлесе, компания қондырғыларды орнатып беруге дайын. Бұл агрегаттардың 50 пайыз қаражаты мемлекет тарапынан субсидияланатынын халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Бұл су тапшылығымен күресте басты маңызды іс-шара екені айтпаса да түсінікті. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары бойынша, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық бағдарлама аясында былтыр 5 957 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 253 азаматқа қаражат берілген екен. Қысқамерзімді оқуға 138 азамат жіберіліпті. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша 100 адам жұмысқа жолданған. Жастар тәжірибесі бойынша 131 адам, алғашқы жұмыс орны бойынша 10 адам жұмысқа тұрған. Ал бос жұмыс орындары бойынша 2 580 адам жұмыс тапқан. Аудан бойынша биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы» бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға берілген жоспар 4 624 адам болса, 2023 жылдың 4 айында жұмыспен қамтуға 1 794 адам кайырылып, 1 792-сі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. «Ауыл аманаты» жобасы да ауылды дамытатын бірегей жоба. Сұрат ауылдық округі тұрғындары осы жобаға алғашқылардың бірі болып еніп, оң нәтиже көрсеткені белгілі. Қазір осы жобаға Ақермен, Жаңатоған, Ақтоған, Ақарал ауылдары еніп, құжаттарын дайындап, қаражаттарын алу жұмыстарын жүргізіліп жатса керек. Аталған жоба ауылдықтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын көтеру мақсатына бағытталып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жобаға енген ауылдарды инфрақұрылыммен толықтай қамту көзделген екен. Ауданда жалпы 17 300 аула бар болса, жер кезегінде 12 мың азамат тіркеліпті. Осы мәселені шешу үшін Сарымолдаев, Т.Рысқұлов ауылдарында тұрғындарға жер телімдері үлестірілген. Енді Тескентоған, Аққайнар, Ақтоған, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарымолдаев ауылдарында берілетін жерлердің инфраструктурасы дайындалуда. Ол жер телімдерін алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтарға беру көзделген. Сонымен қатар 60 пәтерлі бес көпқабатты үйдің жобасы да жоспарда бар көрінеді. Бұл жұмысты қолға алу үшін ауданда орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселесі шешімін табуы тиіс. Бұл жұмыстар да қолға алынып, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Жалпы ауданда бақылаудан тыс қалған мәселе жоқ секілді. Барлық шешімін күтіп отырған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарыла бермек. Ауданда инвестиция тарту жұмыстары да жолға қойылған. Өткен жылы Меркіде «ZETA» жиһаз өндіру цехы ашылып, 100 адам жұмыспен қамтылса, «Meralco» спирт зауыты іске қосылып, 120 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ алдағы жылдарда инвестициялық бағытта ауылшаруашылығы бойынша 50 жоба, өнеркәсіп саласында 57 жоба іске асырылмақшы. Мәселен, Ақарал ауылдық округінде жеке инвестор шағын қант қызылшасын өңдеу зауытын және сұйық май өңдеу зауытын салуды қолға алыпты. Зауыт іске қосылса, күніне 100 тонна өнім өндіріліп, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Аудандағы ауқымды бірнеше жоба «Мерагро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы Тәтті ауылдық округінде жүзеге асырылмақ. Яғни аталған округтен алдағы уақытта құрама жем цехы мен сүт тауарлы фермасы салынатын болады. Осы жобалар орындалған соң құрама жем цехында 23 жаңа жұмыс орны, сүт фермасында 88 жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан тұрғындары бос уақытын тиімді пайдалануы үшін Ойтал ауылында жеке кәсіпкер тарапынан бассейн, монша, тұзды (соляная) шахта, фитнес зал, тамақтану орындары құрылысын 500 миллион теңгеге жүргізетін болыпты. Ірі инвестициялық жобалардың бірін іске асырған «Жеміс-жидек» серіктестігі биылғы жылы 10 гектарға «Альбион» сортты құлпынай дақылын отырғызған. Польшалық «Arno Group» компаниясының инженерлік сүйемелдеуімен іске асырылып жатқан жобаның жалпы құны 90 миллион теңгені құрайды. Жылына 200 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отырған серіктестікте 50 адамға дейін жұмыс орны құрылған. Сонымен қоса 1998 жылдан бері асылтұқымды жылқыларды өсіру бағытында жұмыс істеп келе жатқан «Ар-Ас» шаруа қожалығы өткен жылы 125 тонна «Тау қымызы» атауымен ұлттық сусын өндірген. Жылына 182 тонна өнім өндіретін қожалықта бүгінгі күні 400 бас бие бар. Оның 200 басы сауынды бие. Шаруашылықта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл шаруашылық ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына үлесін қосып, меркілік брендін қалыптастырғанын атап өту керек. – Ауданның даму жоспарынан бөлек, алдағы жылдарға перспективалық жоба да жасалған. Мәселен, аудан әкімінің бастамасымен орталық базарды көшіріп, оның орнын аспан астындағы музей ету, орталық Торғаев көшесі бойын, яғни «ММ Меркі» сауда үйі орналасқан алаңды жастар алаңына, нақты айтқанда, арбатқа айналдыру секілді жұмыстар кезегін күтіп тұр, – дейді аудан әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев. Меркі ауданында халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру бағытында атқарылған жұмыстардың реті осындай. Аталған жетістіккке, табысқа меркіліктердің тізе қоса қимылдауының, іске жұдырықтай жұмылуының, халықтың бірлігінің арқасында қол жеткізілгені анық. Жалпы халықтың сенімін ақтаудан артық мүдде жоқ. Аудан халқының сұранысынан туындап жүрген өзекті мәселелерді шешуде жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жүргізетініне сенеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар