Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қауіптен хабар беретін құрылғы

Қауіптен хабар беретін құрылғы
ашық дереккөз
Қауіптен хабар беретін құрылғы
Биыл табиғи апаттар жиілеп тұр. Бауырлас Түркия мен Сирия елдеріндегі жойқын жер сілкінісі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Апат салдарынан Түркияда 50 500-ден астам адам, Сирияда 8 476 адам қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды. Түркияда төтенше жағдай және жеті күндік қаралы күн жарияланды. Бұл жолғы табиғи апат 1939 жылы Эрзинджандағы жер сілкінісінен кейін Түркияда қайталанған ең күшті апат деп танылды. Қайғылы зілзаладан кейін көршілес жатқан Ауғанстан мен Әзірбайжан секілді көп елдерде де жер сілкіне бастады. Наурыз айының 21, 22 күндері біздің қаламыз Таразда да жер дүмпуі сезіліп, тұрғындардың жүрегіне қорқыныш ұялатты. Осы орайда тараздық тұрғын Андрей Лысенко жер сілкінісінен хабар беретін құрылғы ойлап тапты. Жер сілкінісі жиілеп тұрған шақтарда отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойлаған ол дабылды қолда бар заттардан құраған. Оның айтуынша, шындап кіріссе бұл құрылғыны жасау кез келген адамның қолынан келеді. Ол бұл идеяны интернеттен көрген екен. Себебі сатылымда мұндай дабылдардың түр-түрі тұрса да жұмыс істеу схемасы күрделі болған. Сондықтан ғаламторды ақтарып, нәтижесінде өзінше бір дүниені жасап шығарған. Дабыл қондырғысының құрылысы мынадай. Ағашқа электрод қағып, оған сым жалғап, темір бұранда ілінген. Айналдыра қойған екінші сымға есікке қойылатын кәдімгі электрондық қоңырауды жалғапты. Зілзала бола қалған жағдайда бұранда тербетіліп, бір-біріне тиген электр сымдары дабылды қосады. Ауғанстанда болған жер сілкінісі Таразға да сезілді. Сол күні елмен бірге Андрей де түні бойы көз ілмеген. Енді мына құрылғы көпке пайдалы болатынына сенімді. – Зілзаладан хабар беретін құрылғылардың бар екенін бұған дейін естігенмін. Бірақ олардың схемасы күрделі жасалған. Өзімді, отбасымды қауіп-қатерден сақтау үшін осындай құрылғы ойлап таптым. Ұйқыдағы адам жердің сілкінгенін сезбей, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Ал мына дабылдатқыш бірден хабар беріп, қауіпсіз жерге шығуға мүмкіндік береді деп ойлаймын, – дейді Андрей. Кейіпкеріміздің үйі 5-қабатта орналасқан. Сондықтан көршілес елдердегі үлкен жер сілкінісінің жаңғырығы біздің қалаға сезілген соң бірнеше түн көз ілмей шыққан. Андрей өзі тұратын көпқабатты үйге еш сене алмайтындығын жеткізді. – Алғашқы түні аса қорқа қоймадым, не жағдай болса да қашып құтыла алмайтынымыз белгілі. Екінші түні шаршағаннан, әлде уайымнан отбасымызбен ұйықтап қалып, ештеңе сезбедік. Үшінші күні бұл жағдай алаңдата бастады. Апат сіз шырт ұйқыда жатқанда келуі мүмкін. Өң мен түстің арасында осындай төтенше жағдайда ештеңе істей алмайсыз. Оның үстіне біз бесінші қабатта тұрамыз. Ол да алаңдауға себеп, – дейді шебер. Еске сала кетсек, 23 наурызда эпицентрі Ауғанстанда орналасқан жер сілкінісін Шымкент пен Тараз тұрғындары да сезінді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «SOME» ЖШС сейсмикалық стансалар желісінің мәліметінше, магнитуда 3 балды құрады. Апат айтып келмейді. Зілзала қайталанған жағдайда үй иелеріне қауіптен хабар беретін құрылғының пайдасы мол.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар