Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СОТҚА ДЕЙІНГІ БАНКРОТТЫҚТЫ КІМДЕР РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ?

СОТҚА ДЕЙІНГІ БАНКРОТТЫҚТЫ КІМДЕР РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ?
ашық дереккөз
СОТҚА ДЕЙІНГІ БАНКРОТТЫҚТЫ КІМДЕР РӘСІМДЕЙ АЛАДЫ?
Қаржы ұйымдарына қарызын тауып бере алмаған түрлі зауыт, фабрика немесе акционерлік қоғам, медициналық ұйым секілді қандай да бір заңды тұлғалардың дағдарысқа ұшырап, жұмысшылары айлап жалақы ала алмай қалған кездерін тәуелсіздіктің елең-алаң шақтарында көргенбіз. Ондай өндіріс не шаруашылық және басқа да заңды тұлғалардың болашағы жоқ болса, «банкрот» деп танылу арқылы ұжым таратылып жататын. Болашағы бұлыңғыр заңды тұлғаларды банкрот деп жариялау қазір де бар. Бұл енді ісі өрге баспаған заңды тұлғаларға қатысты мәселе. Ал жекелеген адамдар ше? Бүгінде сан түрлі қаржы институттарына алған несиесін немесе басқа да қаржылық берешегін қайтара алмай жүрген жеке тұлғалар жетерлік. Тіпті ломбардқа бар мүлкін тіксе де банктен құтыла алмай қойған борышкерлер ел ішінде кездеседі. Олардың мұндай дағдарысқа тап болуының түрлі себептері бар. Мәселен, бірі әлдебір істі бұрыс жоспарласа, тағы бірі нарықты дұрыс болжай алмай сан соғып қалып жатады. Келесі бірі кезінде бір банктен алған несиесін өтей алмай жүріп, тағы бір қаржы ұйымынан қаражат алып, бірді-бірге ұрып, ақыр соңында төлем қабілеті табысына сай келмегендіктен қарызға белшеден батады. Тағы бірі досының не туысының көңілін қимай, оларға несие әперу арқылы бармақ шайнап қалады. Осы тектес берешегі жан алқымынан алып, қаржылық қиын жағдайға тап болғандардың қарызын кешіру жөнінде былтыр жыл соңында арнайы заң қабылданған болатын. Нақты айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойған еді. Заң осы жылдың басында күшіне енгенімен, бірақ қарызын өтей алмай жүрген азаматтардан банкроттық туралы өтініш қабылдау наурыз айында басталды. Бір айта кетерлігі, қарызы 5 миллион 500 мың теңгеден (1600 АЕК) аспайтын азаматтардың өтініші «e-Gov.kz» электронды үкімет порталы арқылы қабылданып, өтініштер электронды жүйе арқылы сараланады. Десе де бұл жұмыстарды тағы бір екшеу облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жергілікті аумақтық басқарма мамандарына жүктелген. Бұл «соттан тыс банкроттық» деп аталады. Ал қарызы аталған айлық есептік көрсеткіштен асып кеткендер сот банкроттығы бойынша өтінішін борышкер ретінде тұрғылықты жердегі сотқа өткізеді. Бұдан бөлек банкрот деп танылмай-ақ, сотқа өтініш тастау арқылы азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіріп алуына да тетік қарастырылған. Осы ретте біз аталған шаруа облыста қалай жүзеге асырылып жатқанына зер салдық. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін азаматтардан осы күнге дейін 3 544 өтініш түссе, оның ішінде қазіргі таңда 2 641 өтініш қаралып, 507 өтініш бойынша соттан тыс банкроттық рәсімі басталыпты. Бұл өтініш берушілердің 19,2 пайызын құраған. 2 134 өтініш бойынша сот банкроттығын қолданудан бас тартылыпты. Себебі олардың жағдайы заң талаптарының нормаларына сай келмеген. Банкроттық рәсімін жүргізуге сай келмеген өтініштердің үлес салмағы 80,8 пайызды құраған екен. Қалған 903 өтініш әлі екшеліп жатса керек. Осы тұста біздің көкейімізге «мемлекет берген мүмкіндікті қайтсем де пайдаланып, қарызымды кешіртейін» деген пиғылмен осы заңға жүгінгендер болған-ау деген күмән ұялады. Осы ой жетегімен облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовке жолығып, мәселенің анық-қанығын білуге тырыстық. Ол «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының өңірде орындалуы және қолданылуы барысының жай-жапсарын бізге түсіндіре отырып, біраз жайтқа көз жеткізді. – Тұрғындардың арасында «мемлекет қарызымды кешірсе, кәнеки» деген оймен құжат өткізіп жатқандар да бар. Дегенмен заң талаптарына жіті мән бермегендер де кездеседі. Мәселен, біреу былтыр мамыр айынан бастап банкке қарызын бере алмай келеді делік. Ол сотқа дейінгі банкроттыққа сай болмаса да талаптардың ішінде «Банкке берешек қарызын 12 ай бойы өтемегендер» деп көрсетілген. Осыған мән бермегендердің құжаты кері қайтарылады. Ол өтінішін келесі тоқсанда қайта тастаса, бұл мәселе шешіледі. Осы тектес борышкердің өзі жіберетін қателіктер де, расымен де сотқа дейінгі бонкроттыққа сай келмейтіндер де бар. Сол үшін мәселеге біржақты қарауға болмайды. Наурыз айының үшінде өтініштерді қабылдау науқаны басталған кезде бізде апта сайын орташа есептеп алғанда күніне 140-150 өтініш түсіп жатты. Кейбір күндері 200-ден астам өтініш түскен еді. Ал қазіргі таңда бір жарым ай өткен соң өтініштердің динамикасы төмендетіліп, күніне орта есеппен алғанда 30-35 өтініш түсуде. Соттан тыс банкроттық рәсімі басталған азаматтар бойынша тиісті мәліметтер «Электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған. Сонымен қатар соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартылған 2 134 арыз бойынша азаматтарға тиісті хабарлаулар 1414 сервисі арқылы телефондарына жолданды. Осы қызмет арқылы жергілікті аумақтық кірістер басқармаларына азаматтар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларына сәйкес тыңдауға шақырылады. Тыңдау кезінде азаматтарға не себептен өтініштерді қанағаттандырудан бас тартылғаны туралы толық түсіндірмелер беріледі, – деді Ерлан Мирамбекұлы. Жалпы талап бойынша 12 ай ішінде берешекті ішінара өтеуі бар және берешек сомасы 1600 АЕК-тен асқандар, сотқа дейінгі банкроттыққа өтініш берген азаматтың жұбайының бар болуы немесе олардан осы рәсімді қолдануға келісім алмауы, атында жылжымайтын мүлкінің, жер учаскелерінің, автокөлігінің бар болуы рәсімді қолданудан бас тартуға себеп болған екен. Егер өтініш беруші мемлекеттен 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алған болса, оның қарызы осыған дейін өтеліп келген болса, оған 12 ай ішінде берешекті ішінара өтеуі бар деген талап жүрмейді екен. Мемлекеттен АӘК алды ма, демек, оның берешекті өтеуіне жағдайы жоқ деген сөз. Осындай түсінбеушіліктер бойынша хабарламаны алған жеке тұлға соттан тыс банкроттықтың негіздеріне сәйкес келгенде өтінішін қайтадан 3 айдан кейін беруге болады. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартудың себептерін жою үшін жеке тұлға тиісті мемлекеттік органға жүгіну қажет. Мысалға алсақ, кредиттің сомасы, оны өтеу мерзімдері бойынша жеке тұлға тиісті банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке барады. Атында мүлкі жоқ болса, әділет органдарына (ХҚКО, Электрондық үкімет порталы), автокөлік бойынша ішкі істер бөлімдерінің аумақтық бөлімшелеріне немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына, жер учаскелері, ауылшаруашылық жануарлары және арнайы техника бойынша – жергілікті әкімдікке, жеке кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік кірістер органдарының аудандық бөлімшелеріне жүгінуі қажет. Егер де борышкерге мүліктің болуы себебінен соттан тыс рәсімінен бас тартылған жағдайда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану бойынша тұрғылықты жері бойынша аудандық сотқа жүгінуге алады. Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану барысы туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Тараз қалалық өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Дәурен Төлепбергеновтің де айтары бар. Қазіргі таңда өңір тұрғындарының банкроттығы туралы заң аясында банкроттық рәсімдері және борышкердің мерзімі өткен берешегін реттеу тетіктері жүйелі жүргізілуде. – Облыстық соттың мәліметіне сәйкес, бүгінгі күні төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану бойынша арызбен 1 адам жүгінді. Рәсімді қолдану бойынша ұйғарым 1 азаматқа қатысты ғана шығарылды. Ал қаржы басқарушысы ретінде қызметтің басталуы туралы хабарлама 12 тұлғаға берілді. Рәсімдердің үш түрі, яғни соттан тыс банкроттықты, сот банкроттығын және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді көздейтін істі қолға алу бойынша тек қарыз алушының өзі ғана бастама жасай алады. Оның ішінде азаматтар «e-Gov.kz» порталында «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану» мемлекеттік көрсетілетін қызмет бөлімінде және «e-Gov Mobile», «Salyq Azamat» қосымшасында не жақын жердегі халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесі арқылы өтініш бере алады. Сот банкроттығын қолдану қажет болған жағдайда борышкер тұрғылықты жері бойынша сотқа өтінішпен жүгінеді. Осы заң күшіне енген сәттен бастап банкроттық рәсімдерінен өту қызметтеріне «көмек ұсынушылар» белсенділік таныта бастады. Қаскүнемдер соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш жазу және мемлекеттік органдарға ұсыну бойынша өз қызметтерін ұсынады. Олар азаматтарды өздігінен жазылған өтініштер ешбір жағдайда қаралмайды деп сендіреді және қызметі үшін ақы алады. Бұл жалған түсінік. Банкроттық туралы заңға сәйкес қазақстандықтар соттан тыс банкроттық рәсіміне өтінішті дербес және мүлдем тегін ұсынады. Ең әуелі, соттан тыс банкроттыққа өтініш беру кезінде тиісті талаптар сақталуы қажет. Ашығын айтқанда, қандай құжат қажеттігін әр азамат білуі керек, – дейді ол. Мысалы, егер борышкер өтініш берген күні өзінің берешегін 5 жылдан артық өтемеген болса, онда аталған барлық талаптар оған қолданылмайды екен. Оған ешқандай саралаусыз банкроттық рәсім жүргізіледі. Банкроттыққа өтініш берген кезде міндетті талаптардың бірі – борышкердің проблемалық берешекті реттеу рәсімінен өтуі. Банкроттыққа өтініш берген кезде өтінішке өз кредиторларының тізбесін, сондай-ақ өзінің берешегін реттеу әрекетін растайтын құжатты қоса беруге тиіс екен. Бұл рәсім банктер және микроқаржылық қызмет туралы заңдарда нақты көрсетіліпті. Төлем мерзімі өткен сәттен бастап 20 күн ішінде кредитор қарыз алушыға ол туралы хабарлайды, бұл хабарламаға мән берген дұрыс. Егер біреу несиесін төлейтін уақытта ақшалай қиындықтар туындаса, онда қаржылық мәселелерді мемлекеттік орган шешпейтінін әркім білген жөн. Бұл мәселені борышкер мен банк немесе микроқаржы ұйымы арасындағы шарттық қатынастарға сай кредитордың өзі шеше алады. 30 күн ішінде қарыз алушы кредиторға жүгінуі тиіс және проблемалық берешекті реттеу нысандарын ұсынуы керек. Бұл төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе ай сайынғы төлемдерді азайту, кестені өзгерту үшін жасалады. Бұл рәсім арқылы қайта құрылымдау, яғни ақшалай міндеттемені орындау тәртібін өзгерту қолға алынады. Мысалы, жеке тұлға белгілі бір жағдайларға байланысты, яғни ауырып қалу немесе кіріс көзінің болмауынан несие бойынша төлем кестесін өткізіп не мүлде сақтамауы мүмкін. Сол кезде ол банкке осы жайлы уақытылы хабарлап, оған өтініш беруі керек. Банк бұл өтінішті 15 күн ішінде қарайды, содан кейін қайта құрылымдау шарттарымен келісуі, өзінің балама нұсқасын ұсынуы немесе одан бас тартуы мүмкін. – Қарыздар мен микрокредиттерді өтеуде қиындық көріп отырған борышкердің құқықтарын қорғау мақсатында 2021 жылғы 1 қазаннан бастап банктерге және МҚҰ-ға төлемге қабілетсіз қарыз алушыға қатысты мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті тетігі заңнамалық түрде енгізілгенін атап өткен жөн. Осы тетіктің шеңберінде азаматтар қарыздарын қайта құрылымдау үшін тиісті өтінішпен кредиторға жүгіне алады. Қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, қарыз алушы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушының банкке және МҚҰ-ға өтініш жасағанын және өзара тиімді шешімге қол жеткізілмегенін растауды міндетті түрде ұсыну қажет. Банкроттық рәсімі қолданылған азаматтар үшін оның салдары туралы айтатын болсақ, бұл мемлекеттен берілетін кредиттік рақымшылықтың жалғасы емес. Банкроттық туралы заң мұндай мақсатты көздемейді. Банкроттықты азаматтар ең тығырықтан шығар жол таппағанда, яғни соңғы мүмкіндік ретінде таңдайды. Мұны мәжбүрлі шара ретінде қарастыруымыз керек және бұл туралы заңды әзірлеушілер мен уәкілетті мемлекеттік органдар үнемі еске салып келеді. Банкроттық барлық басқа шаралар нәтиже бермеген жағдайда, борышкердің борыш жүктемесін төмендетудің қандай да бір тетіктері болмаған кезде ғана қолданылады. Екіншіден, ешқандай жағдайда Банкроттық туралы заңды жауапкершіліктен бас тарту мүмкіндігі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл факті анықталған жағдайда, мысалы, мүлікті жасырып қалу және тағы басқа, яғни әкімшілік жауапкершілік және банкроттық рәсімдерді жою көзделген. Үшіншіден, банкроттық рәсімі қолданылғаннан кейін ол адам бес жыл бойы банктік қарыз да, микрокредит те ала алмайды, тіпті кепілгер немесе қоса қарыз алушы да бола алмайды. «Банкрот» мәртебесі бар адам автокөлікке немесе ипотекаға кредит берудің мемлекеттік жеңілдікті бағдарламаларына қатыса алмайды. Сонымен қатар «банкрот» мәртебесі бар адамдар жеті жыл ішінде бұл рәсімге қайта өтініш бере алмайды, – деді Дәурен Абданұлы. Егер біреу сот банкроттығын жасайтын болса, оның мүлкі сауда-саттыққа шығарылады. Егер баспанасы банкте кепілде тұрса, оны кредитор алып қоюға құқылы. Одан бөлек тағайындалған қаржы басқарушылық маманының қызметіне төленетін ақысы оның саудаға шығарылған мүлік қаражаты есебінен алынады. Қысқасы сол, банкроттық рәсімін таңдағандардың несие тарихы бұзылады. Сол үшін несиені шамаға қарап алып, қаржыны той-томалақ немесе басқа да мақсатсыз бағытқа емес, нақты тірлікке жұмсау қажет.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар