Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАШКЕНТТЕГІ ТОЛАҒАЙ ТАБЫС

ТАШКЕНТТЕГІ ТОЛАҒАЙ ТАБЫС
ашық дереккөз
ТАШКЕНТТЕГІ ТОЛАҒАЙ ТАБЫС
Өткен аптаның сенбі-жексенбісі тәуелсіз қазақ елінің мейманасы тасып, мерейі өскен күн болды. Ташкентте бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионаты мәресіне жетіп, ел намысын қорғаған боксшыларымыз он жыл бұрынғы нәтижені қайталады. Яғни төрткүл дүние көз тіккен турнирде 4 боксшымыз алтыннан алқа тағынып, Ташкент төрінде Әнұранымызды шырқатып, көк туымызды көкке көтерді. Жалпы әлем чемпионатында әлемнің 107 мемлекетінен келген 538 боксшы 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, үздіктерді анықтады. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы бәсі жоғары бәсекеге барлық 13 салмақта спортшы апарғанымен, 8 боксшымыз жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Атап өтер болсақ, Сәкен Бибосынов (51 келі) алғашқы жекпе-жегінде-ақ жеңілістің ащы дәмін татты. Төрешілердің шешімімен жеңіс Серіктің қарсыласы Үндістан боксшысы, Азия біріншілігінің жүлдегері Дипак Кумарға берілді. Ал Серік Теміржанов (57 келі) жартылай финалда кубалық Сайделю Хортеден айласын асыра алмады. Сондай-ақ +92 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Қамшыбек Қоңқабаев та жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрінді. Отандық боксшы ширек финалда Өзбекстанның атақты боксшысы Баходир Джалоловқа есе жіберді. Иорданиялық Мохамед Абу-Джаджехпен жұдырықтасқан Талғат Сырымбетов те (60 келі) әлем чемпионатының екінші айналымынан ары аса алмады. Сонымен қатар Санатәлі Төлтаев 63,5 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда Маврикия өкілі Ришарно Колинмен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіліс тапты. 1/8 финалда бразилиялық Вандерлей Перейрамен бокстасқан Нұрқанат Райыс пен Сағындық Тоғамбай да (86 келі) елге ерте оралды. 1/16 финалда италиялық Азиз Аббес Мухийдинмен қолғап түйістірген Айбек Оралбай да жарыс жолынан ерте шығып қалды. Осылайша бабы келіссе де бағы жанбаған 8 боксшымыз әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтса, команда капитаны Асланбек Шымбергенов бастаған 5 саңлағымыз жартылай финалға жолдама алды. Бұл – кемінде ел қоржынында 5 қола медаль бар деген сөз. Жартылай финалда 5 боксшымыз да шаршы алаңда атой салып, финалда өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бокссүйер қауым асыға күткен әлем чемпионатының финалдық кездесулері басталды. Ұлттық құрама сапында шаршы алаңға бірінші болып аса жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай шықты. Финалға дейін кіл мықтыларды жолынан ығыстырған Санжар ақтық бәсекеде де аянып қалған жоқ. Былтырғы Еуропа чемпионы, Сербиядағы әлемдік жарыстың қола жүлдегері, грузиялық Сахил Алахвердовидимен бокстасып, қарсыласына ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Шаршы алаңның төрт бұрышына қуып жүріп сабады. Бұл жекпе-жекте төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандыққа берді. Осылайша 19 жастағы отандасымыз ел боксының тарихындағы ең жас әлем чемпионы атанды. Жамбыл бокс мектебінің түлегі Дулат Бекбауов та (67 келі) финалда тәп-тәуір өнер көрсетті. Өзбекстан өкілі Асадхужа Муйдинхужаевтан жеңілді деп айтуға ауыз бармайды. Соңғы сәтке дейін жерлесіміз жеңіске жету үшін барын салып бақты. Алайда Бекбауовқа бұйырғаны – күміс медаль. Ал жексенбідегі жеңісті жолды Махмұд Сабырхан (54 келі) бастап берді. Кеудеде намыс қайнап, көзінде от ойнаған отандасымыз Ойбек Джураевтың осал тұсын таба білді. Тіпті Махмұд үшінші раундта өзбек елінің үкілеген үмітін екі рет нокдаунға түсірді. Сөйтіп, шаршы алаңдағы шеберлігімен дүйім жұртты тамсандырған Махмұд Сабырхан Белградтағы әлем чемпионатында алған күмісін Ташкентте алтынға алмастырды. Жамбылдық оғлан, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов те (71 келі) шын мықты екенін дәлелдеді. Ақтық бәсекеде өзбекстандық боксшы Саиджамшид Джафаровпен жұдырықтасқан Асланбек айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ташкенттегі әлем чемпионатында 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбайдың да айы оңынан туды. Нұрбек финалда қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанды тізе бүктірді. Сонымен, Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионатында 4 алтын, 1 күміс медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Жүлде саны бойынша жарыс қожайыны Өзбекстан құрамасы көш бастаса, үздік үштікті Ресей құрамасы түйіндеді. Айта кетерлігі, Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына қатысты. Бүгінге дейін күрзі жұдырықты жігіттеріміз әлем чемпионаттарында ел қоржынына 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде салған. Осылайша әлем чемпионаттарындағы жалпы жүлде саны бойынша Қазақстан АҚШ-ты басып озып, үшінші орынға көтерілді. Бірінші орын Куба мемлекетіне тиесілі болса, екінші орынға Ресей Федерациясы жайғасқан. Ал соңғы әлем чемпиондарының әрқайсысы Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ долларын алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 миллион АҚШ доллары. Сондай-ақ әлем чемпионатынан кейін Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев журналистерге сұхбат беріп: «Құрметті Қазақ елі, бәріңізді шын жүректен құттықтаймын! Бұл – бүкіл елдің жеңісі! Ташкенттегі осы әлем чемпионаты құрамамыз үшін ерекше нәтижемен есте қалды. Боксшыларға қолдау көрсету үшін Қазақстаннан көп жанкүйер келгенін алғашқы күннен байқадым. Федерация мен команданың атынан оларға рақмет айтамын», дей келе, Қазақстан бокс федерациясы чемпиондарды құралақан қалдырмайтынын атап өтті. Әлем чемпионатының жеңімпаздарына қосымша 100 000 доллардан төленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та еліміздің абыройын асқақтатқан боксшыларымыздың жарқын жеңісін назарынан тыс қалдырмай, «Twitter»-де құттықтауын жеткізді. «Бокстан әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектерін зор қызығушылықпен тамашаладым. Жеңіске деген ерік-жігер мен шынайы патриотизмнің жарқын үлгісін көрсеткен боксшыларымыз Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын! Қазақтың төрт жігіті – әлем чемпионы!» деп жазылған Президенттің «Twitter»-дегі құттықтауында. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Асланбек Шымбергеновті жеңісімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. «Жерлесіміз, белгілі боксшы Асланбек Шымбергеновті әлем чемпионы атануымен құттықтаймын! Спортшымыздың бұл жарқын жеңісі – барша жамбылдықтардың, еліміздің мерейі, мәртебесі. Ташкент қаласында бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта финалда екі мәрте құрлық чемпионы, өзбекстандық Саиджамшид Джафаровпен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жетіп отыр. Аталған байрақты бәсекеде жеңімпаз, жүлдегер атанып жатқан ел спортшыларын жетістігімен құттықтаймын! Жемісті, жеңісті күндер таусылмасын!» деп жазды Нұржан Молдиярұлы. Иә, төрткүл дүниені мойындатқан саңлақтарымызды қалай мақтасақ та жарасады. Қандай сый-құрмет көрсетсек те артық етпейді. Ел мақтаныштарының спорттағы жеңісті жолы алдағы уақытта да сәтті жалғаса бергей!
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар