Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Алпысында қазақша жыр толғаған...

Алпысында қазақша жыр толғаған...
ашық дереккөз
Алпысында қазақша жыр толғаған...
Әмина әжейді төрт жылдан астам уақыттан бері білемін. Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылында тұрады. Түрік ұлтының өкілі болса да, қазақ тілінде сөйлесе қазақты жаңылдырады. Жай сөйлеу былай тұрсын, оның қазақ тілінде жыр жазатын өнері де бар. Өмірді өлеңнің көзімен көретін жан. Ол – ақын. Көпті көрген, көңіліне тоқығаны бар қарияны алғаш Тараз қаласында өткен патриоттық бағыттағы бір іс-шарада көргенбіз. Жырларын көбінесе отаншыл, патриоттық тұрғыда жазады. «Менің Қазақстаным», «Жамбылым – өлкем», «Қазақ тілін қадірле», «Асыл анам», «Отаным» тақырыбындағы өлеңдерімен елді, жастарды тәрбиелеп жүргеніне қалай сүйсінбессің?! Жасы сексенге келсе де, ол әлі ширақ. Кітап оқып, өлең жазуды жадынан өшірген емес. Әжемізге тағдырдың тартқан сыйы – ақындығы. Егде тартып қалған кезінде, нақты айтсақ, алпыс жасында жүрегінен жыр тудырып, өлең жаза бастапты. Бүгінде түрлі тақырыптармен қатар, отаншылдық жайлы, қазақ халқына алғысы, қыздары, анасы және тіл мен рух жайлы толғана жырлайды. Қазақ бола тұра ана тілінде сөйлемейтін жандарды сынға алады. Ол жайында ол жырларында «Мен қазақ болмасам да, тілді жақсы білемін. Тіл білмейтін қазақтарға үлгі болып жүремін» дегені нағыз отаншылдығы емес пе? Жер-дүниені сілкінткен соғыс жүріп жатқан уақытта апамыз нәбәрі төрт жастағы ойын баласы болған. Әкесінің інілері Мұса мен Висаль да өзге қатарластарымен бірге ұрыс даласына аттанады. Мұса сол кеткеннен мол кетіп, оралмайды. Ал Висаль майдан аяқталған соң, туған еліне деген сағынышын арқалап, құстай ұшып келеді. Алайда өскен ауылының қираған қалдықтарын ғана көріп, есеңгіреп қалады. Жұртта қалған бірлі-жарым ағайыны, өз-отбасы 1944 жылы Қазақстанға жер аударылғанын естіп, бауырларымен табысу үшін біздің елді бетке алған екен. Қазақ даласын шарлап жүріп, Вайсаль әрең дегенде өз жақындарымен қауышады. Бұл жөнінде Әмина әже тебірене сөз қозғаған: «1944 жыл. Алаңсыз жатқан ауылды қас-қағым сәтте, көз ілеспес жылдамдықпен астаң-кестеңін шағарып, күштеп, зорлықпен вагондарға тиеп, туған жерімізден үдере көшірді. Мен ешнәрсенің байыбына бара бермейтін төрт жасар кішкентай ғана қызбын. Қайда барамыз, ендігі күніміз не болады деген қорқынышты ойларға шырмалып келе жатқан ауылдастарымның көздеріндегі үрейді бала болсам да сезініп едім. Жолда келе жатып, ағзама инфекция түсіп, қатты сырқаттанып қалдым. Жолсеріктер тексеруге келгенде анам көріп қоймасын деп мені көйлегінің етегіне жасырып қояды. Егер ауырып жатқанымды көрсе олар мені анамнан айырып, жолда кезіккен ауруханаға қалдырып кетер ме еді?! Десе де Қазақстан бізді жылы қарсы алды. Осындай меймандос, жүздері жылы, жүректері жомарт, ақкөңіл халықпен бір көргеннен етене жақын араласып кетеміз деп ойладық па? Біз қоныстанған ауыл – бұрынғы Свердлов ауданы, Амангелді колхозы болатын. Бізге бір үзім нанын бөліп берген қазақ халқына алғысым шексіз», деп шын ықыласын білдірген еді. Бір өкініштісі соғыста қаза тапқан Мұса ағасының отбасын Өзбекстанға жер аударып, байланыстары үзіліп қалады. Арада бірнеше жыл өткен соң арнайы өкілдіктерге шығып, бауырларының артынан қалған қараларын іздеп тауып, олармен қайта қауышып көзайым болып жатқан жайы бар. Әжей қазіргі тұрып жатқан Ақбұлым ауылына 1954 жылы көшіп келіпті. Қазақ мектебін үздік аттестатпен аяқтаған Әмина математик болуды армандаған. Алайда ол мамандық бойынша Алматы немесе Шымкент қалаларының жоғары оқу орындарынан ғана білім алуға болатынын ұққан әкесі қыз баланы туысы жоқ қалаға жібергісі келмепті. Ағасы қарындасының көңілі үшін тәрбиеге қатаң әкені қаншама рет көндіруге тырысса да бұдан түк шықпаса керек. Ақыры өзі армандағандай оқуға түсе алмайды. «Ильич» совхозының бас бухгалтері болып қызмет атқаратын Индо Беридземен шаңырақ көтереді. Күйеуі екеуі тату-тәтті күн кешіп, төрт қыздың ата-анасы атанады. Өнегелі отбасынан тәлім алған қыздары өсіп-өніп, өздері қалаған кәсіптің тізгінін ұстап, белгілі маман иесі болды. Жазмыштан озмыш жоқ, берекелі әулеттің тұтқасы жолдасы 1995 жылы 62 жасында өмірден озыпты. Әжеміз Құдайдың берген сегіз немересінен, 15 шөбере сүйіп отыр. Ұрпақтарына аталарының есімін ұмыттырмай, ұлағатты өмір жолынан сыр шертіп отырады. Әңгімеміз аяғына таяған тұста көнекөздің ақ батасын алып, қайтуға ыңғайландық. Басымда тек бір ғана ой. Қазақтар басқа ұлт секілді болғысы келіп тырбанып жүрсе, бұл кісі ұлттық құндылықтарды қайтсем сақтап қаламын деп әлек. Бір кем дүние-ай... Ақтоты ЖАҢАБАЙ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар