«Отан отбасынан басталады» дегендей, қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізі отбасында қалыптасады. «Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, жанұя – мемлекеттің тірегі. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болса, мемлекетіміз мықты болады.
Әрқашан отбасы институтының ең басты міндеті – салауатты ұрпақ тәрбиелеу, аға буынның үлгі-өнегесі мен жақсы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. «Жанұя – қорғаным, ата-ана – тірегім» демекші, Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков саябағында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасы – аялы алақан мекені» атты мерекелік іс-шара өтті. Сондай-ақ саябақ аумағында «Әкем, анам және мен – спорттық отбасы» спорттық ойындар жарысы, «Отбасы – бақыт мекені» атты сурет байқауы, жас отбасыларға арналған «Qaz IQ» интеллектуалды ойыны бір уақытта өтті.
Жиналғандарға отбасылық жалпы тәжірибесі 200 жылдан асатын дәрігерлер династиясы –Умаровтар отбасы, Алтынбаевтар отбасы, дүниеге 7 қыз әкеліп, 26 немере, 6 шөбере сүйіп отырған бақытты жанұя – Мақашевтар отбасы, азаматтық қорғау органы династиясы – Ақсақаловтар отбасы, үш буынды ұстаздар жанұясы – Аришевтар отбасы және өзінің 7 ұл-қызынан бөлек, қамқорлығына 7 ұл, 5 қызды алып, тәрбиелеп өсірген Ержановтар отбасы үлгі болды.
Сондай-ақ «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы, 16 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген абзал ана Сапура Иватова өз өнегесімен бөлісті. Отбасылық сайыста әр мектептен қатысқан ата-аналар тәлім-тәрбиенің жанұядан басталатынын көрсетті. Нәтижесінде достық жеңді.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА