Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Техникалық үйірменің үйретері көп

Техникалық үйірменің үйретері көп
ашық дереккөз
Техникалық үйірменің үйретері көп
Мемлекеттік саясатта алға қойған басым бағыттардың бірі – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, озық үлгідегі технологияларды игеруден шет қалмау. Осы ретте білімді жастардың біліктілігін арттыруға барынша қолдау көрсетіп жүрген Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты техникалық шығармашылық орталығының жемісті жұмысын атап өтпеске болмайды. Жуырда біз аталған орталыққа барып, ондағы дарынды балалардың жұмысымен танысқан едік. Орталық директоры Марат Ибраимовтың айтуынша, мекемеде негізінен техникалық, сәндік-қолданбалы, әлеуметтік-экономикалық және биология-экологиялық бағыт бойынша 28 үйірме бар. Басты мақсат – жас өрендердің мамандық таңдауына ықпал ету. – Мен 2016 жылы осы мекемеге басшы болып келдім. Сол кезде орталықтан шыққан үздік түлектер бар-жоғын білуге тырыстым. Бірақ әлі де техникалық бағытта үлкен жетістікке жеткен тәрбиеленушілер жайында дерек таба алмадым. Шындығын айтсақ, орталық құрылған тұста да, кейінгі жылда да техникалық үйірмелер ақсап тұрды. Оның негізгі себебі – өңірдегі жоғары оқу орындарында әуе, кеме, зымыран үлгілеу бойынша мамандықтар жоқ. Сондықтан аталған бағыт бойынша мамандардың барлығын өзім іздеп тауып, орталыққа шақырдым. Мәселен, кеме үлгілеуде қолдан желкенді қайық жасап, сатумен айналысатын Нұрмахан Ахметов деген жасты тарттым. Өзім бағыт-бағдар беріп, жол сілтедім. Қазір Нұрмаханның шәкірттері байқауларда тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Ал әуе үлгілеуге бұрын АН-2 (Антонов) ұшағын тізгіндеген Александр Лысенко деген азаматты шақырдым. Ұшақ үлгілеудің қыр-сырын ұшқыш біледі ғой. Ол 2019 жылы облыстың үздік қосымша білім беру педагогі атанып, қаржылай сыйақыға ие болды, – дейді мекеме басшысы. Орталықта өнертапқыш арманшыл жастар өте көп. Олардың әрқайсысының қиялындағы жоспарын жүзеге асыруы үшін үйірмелерде барлық жағдай жасалған. Мәселен, «Кеме модельдеу» үйірмесінің 13 жасар оқушысы Мұстафа Ғалымжанұлы жақында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Жас патриот» байқауының «Жас техник» номинациясы бойынша лауреат атанды. Бала екі жыл қатарынан техникалық бағытта да, жаңашылдық, өнертапқыштық бойынша да республикалық байқауларда топ жарып жүр. Талай додаларда топ жарып жүрген жас өнертапқыштың қолынан «Havendiendts 4» жағажай буксирі, Тәуелсіздік әскери кемесі, бес жыл уақытын жұмсаған «361Т» тральщик күзет қайығы шыққан. Ғалымжан жасаған су көліктерінің ерекше тұсы – құтқарушылық қызмет атқара алатындығы. – 2018 жылдан бері біздің орталық кеме модельдеу спорты бойынша республикалық чемпионаттарда командалық сайыста жеңімпаз атанып жүрміз. Ал үйірме тәрбиеленушісі Мұстафа Ғалымжанұлы бес жылдан бері біздің жеңіске жетуімізге зор үлес қосып келеді, – дейді кеме модельдеу үйірмесінің оқытушысы Нұрмахан Ахметов. Мұстафа Ғалымжанұлы қайықтарды, әртүрлі кемелерді, стендтік модельдерді, радиомен басқарылатын дүниені жобалау технологиясының негіздері арқылы зерттейтінін айтады. – Мемлекетімізде теңіз державасы болмағанымен теңіз флоты бар. Болашақта Қазақстан жоғары санатты инженерлер мен дизайнерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында технологиялық тұрғыдан дамыған озық елдердің қатарында болса деймін. Мен де мектепті аяқтаған соң осы бағыттан алыстап кеткім келмейді. Өмірімді осы саламен байланыстырсам деймін. Үйірмеде кемелерді модельдеумен қатар, біз физика, математика, сызу, геометрия, география пәндерін де қоса оқимыз. Сондықтан мектепте бұл пәндерден әрқашан жақсы баға алып жүрмін, – дейді Мұстафа Ғалымжанұлы. Мұндағы әуе үлгілеу үйірмесінде де талантты, шығармашыл балалар аз емес екен. Үйірме жетекшісі бұрынғы ұшқыш Александр Лысенко сыныбындағы балалардың осалы жоқтығын, барлығы да ерекше атап өтуге тұрарлық екенін сөз етті. Айталық, жас өнертапқыштар арасында өткен республикалық байқаудың үш дүркін чемпионы Дмитрий Дзюбло үйірменің мақтаулы шәкірті. Сондай-ақ өзінің жартылай көшірме ұшақ үлгісімен қатарынан 3 рет бірінші орын, Ғ-2-В пиелотаж ұшағымен 3 мәрте екінші орын иеленіпті. Ұшақтардың барлығын да үйірмеге бес жылдан бері қатысып жүрген Дмитрий жасаған. Дәл қазіргі сәтте ең ауқымды әрі ең соңғы жобасын жасап жатыр екен. «Красный ворон» деп аталатын бензин арқылы жұмыс істейтін ірі жартылай көшірме ұшағының жұмысы толық аяқталуға жақын. Үлкен еңбек жұмсалған бұл ұшаққа екі жарым жылдай уақыт кетті. Жақында Таразда өтетін республикалық жас өнертапқыштар байқауында осы «Красный ворон» ұшағымен қатысуды көздеп отыр. Александрдың өнерлі шәкірттерінің бірі – Сәбит Өзбек. Ол шеберлігімен көзге түсіп, өзін танытып үлгерген дарын иесі. Биыл мектепті бітіргеннен кейін күз айында ол Алматыдағы ірі авиакомпаниялардың бірімен келісімшартқа отырмақ. Авиакомпания Сәбитті өз қаражатына оқытып, кейін жұмысқа тұрғанда 3 жылдай айлығынан аздаған көлемде ақша жинап отырады. Ракеталарға қызығушылығы басым Сәбит құрылымы қиын планер ұшақ үлгісін жасағанды ұнатады. Планер – қозғалтқышы жоқ, бензинсіз, яғни желдің көмегімен ұшатын ұшақ түрі. Сәбит те ракета және планерлерімен көптеген байқауларда бақ сынап жүр. Үш дүркін республикалық жас өнертапқыштар байқауының жеңімпазы. Мақтанышпен айта кетерлігі, бұл үйірмеден оқып шыққан соң алған білімімен тоқтап қалмай, ары қарай осы бағытта жұмыс істеп жатқандар да бар екен. Мысалы, үйірменің бұрынғы тәрбиеленушісі Тимофей Матвеев Алматыдағы Азаматтық авиация академиясында «Авиация инженер-механигі», тағы бір шәкірті Арман Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштерінің әскери институтында «Ұшқыш» мамандығы бойынша білім алып жүр және «Космонавт» отрядына қосылуға талпынуда. Орталықтағы «Робототехника» үйірмесінің шәкірттері де шетінен талантты. Роботтың сан үлгісін құрастырып, түрлі жобаларды ойлап тауып жүрген жастың бірі – Әлижан Сапаралиев. Мамыр айының басында Астана қаласында өткен «Robotek Grand Tournament-2023» турнирінде бас жүлдені иеленген ол 300 мың теңге қаржылай сыйақы және 3 ай тегін оқуға сертификатты жеңіп алған. Мұнан бөлек робоспорт, «Өнертапқыштыққа алғашқы қадам» жас өнертапқыштар байқауында жеңімпаз атанып жүрген Әлижанның ең ірі жобаларының бірі – жетекшісі Айнұр Сұраншиевамен бірге жасап шығарған «Әмбебеп солдат» роботы. Құтқарушы роботтың негізгі қызметі – жараланған солдаттарды эвакуациялау. Макет түрінің өзінде «Әмбебап солдат» 200 келіге дейін көтере алады. Демек, мундир, қару-жарақтарымен екі солдатты көтеріп жүре алады. Бір жыл бұрын жасаған осы роботымен республикалық байқауда жеңімпаз атанған. Алпыс келі робот 12 вольтті аккумулятормен жүреді. Арнайы GPS мониторы орналасқан. Бетін аулақ қылсын дейміз, әрине, оқыс оқиға орын алып, солдаттарға көмек керек болған жағдайда әскерилерге көмектесе алады. Роботты алыстан басқарып отырудың қажеті жоқ, белгілі бір маршрутқа бағдарламасын енгізіп қойсаң жеткілікті, сол бағыт бойынша жүріп отырады. Роботтың тағы бір ерекшелігі – оған механикалық аяқ орнатылған. Сол арқылы тау-тасты жерлерде емін-еркін жүре алады. Сондай-ақ роботтың артына арба қосылған. Арбамен қоқыстарды, химиялық қалдықтарды тасымалдауға болады. Дегенмен роботтың басты функциясы – адамдарды эвакуациялау. Аталған робот облыстың әскери техникасының көрмесінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтың назарына ілігеді. – Робоспорт – қызықты сайыс. Чемпионатта бәсекеге түсетін құрылғы әртүрлі, кейде ең қиын тапсырмаларды орындауға бағдарлануы мүмкін. Роботтар біздің өмірімізді де, өндірісімізді де айтарлықтай жақсарта алады. Менің мақсатым – робототехника бойынша ең перспективалы халықаралық жобалар мен жарыстарға қатысу. Сондай-ақ отандастарымның өмірін айтарлықтай жеңілдететін көптеген смарт құрылғыларды жобалау және құрастыру. Өзім бала кезімнен техниканы шашып тастап, қайта құрастыруға қызығушылығым жоғары болды. Үйдегі теледидар, фен, электрлі шәйнек секілді техника құралдарын талай рет күйдіріп, бұзып, қайта жинай алмай қалған кездерім болған. Қазір міне, орталықта жаным сүйген іспен айналысып жүрмін. Болашақта осы білімімді жалғастырып, IT саласына барғым келеді. Өзімнің бағдарлама тілдерін жазып, өндірісте қолданылатын робот түрлерін жасап шығарсам деген арманым бар. Жақында қаламызда республикалық жас өнертапқыштар байқауы өтеді. Жарысқа біздің үйірменің қатысушылары қызу дайындалып жатыр. Мен робоспорт бойынша өзімнің сумо роботыммен қатысамын. Бұл кәдімгі жапондықтардың сумо спорт түрі. Тек роботтардың арасында. Сондай-ақ осы жолы робототехника үйірмесі ерекше жаңалық ретінде жарысқа ұлттық спорт түрінен де бақ сынауды жөн көрдім. Атап айтсақ, асық ату, ақсүйек, арқан тартыс және тағы басқа қазақтың ұлттық ойындарын қосып отырмыз, – дейді Әлижан. Робототехника үйірмесінде де білім ала жүріп, мықты оқу орындарына жолдама ұтып алған шәкірттер жетерлік. Мәселен, 17 жастағы Абылай Қалдыбек өзінің жеке IT компаниясын ашып, робототехника саласында үлкен серпіліс жасауға қабілетті дарынды жастардың елімізде бар екенін бүкіл әлемге дәлелдегісі келеді. Абылай робототехника және робоспортпен айналысады. Жоғары санатты инженер болуды армандайды және жақында ғана арманына бір қадам жақындады. Алматы қаласында өткен «Techcup-2022» робототехника чемпионатында облыс атынан қатысқан «Saint-777» командасының көшбасшысы және капитаны ретінде Абылай Халықаралық инженерлік-технологиялық университетіне оқуға түсуге грант ұтып алады. Өнертапқыш биыл мектепті бітірген соң осы мемлекеттік сыйақыны пайдаланып, оқуға түсуді көздеп отыр. Тараз техникалық шығармашылық орталығы директорының орынбасары Гүлнар Исмаилованың айтуынша, көлік жасау және автомобиль сантехникасы үйірмесі оқушылар екі жылдық оқудан кейін автокөлік аймағында емтихан тапсыру арқылы жүргізуші куәлігін ала алатын жалғыз орын. Үйірме оқушысы 14 жасар Богдан Неведальский кәсіби автоспортшы болғысы келеді. – Мен бір жылдан бері ұстазым Абдолла Андыбаевтан көлікке қатысты білімімді дамытып жатырмын. Жақында үйірме жігіттерімен бірге қаладағы автотұрақтардың біріне экскурсияға бардық. Онда автоэлектриктер, автокөлік жүргізушілері, жүргізушілер және басқа да мамандар өз мамандықтарының ерекшеліктері туралы айтып берді. Мен бұрыннан көліктердің қалай жұмыс істейтінін, ақауларды жою жолын білуге қызығатынмын. Кейде әкеме көлік жөндеуге көмектесемін. Анам да өзіне көлік сатып алмақшы. Мен де жеке көлігімнің болғанын қалаймын, бірақ әзірге квадроциклді көбірек армандаймын, – деді Б.Неведальский. Автомодельдік үйірменің тағы бір оқушысы 16 жасар Данил Кочетков RCB және багги класының модельдерін жақсы көреді. Қазақ тіліне жетік жасөспірім облыстық техникалық шығармашылық құрама командасының мүшесі, бірнеше рет облыс, республика чемпионы атанған. Данил өте еңбекқор, және алдына қойған мақсаты айқын. Ол көп ізденеді және спорттық автокөлік үлгілері туралы бәрін біледі. Ол ересектер жарысына немесе өзі құрастырған модель бойынша әуесқойлар раллиіне қатысуды армандайды. Орталықтағы балалардың асқақ армандары орындалып, болашақта өздері таңдаған қызметтің үздік маманы болсын деп тілейміз. Сонымен қатар жақын күндерде Таразда өтетін республикалық жас өнертапқыштар байқауында біз сөз еткен мекеме ұжымы жүлделі орындарға ие болады деген сенімдеміз. [gallery columns="1" size="full" ids="12226,12227,12228,12229,12230,12231,12232,12233,12234"]

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар