Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«АСЫЛ ДИЗАЙН» АСУЫ

«АСЫЛ ДИЗАЙН» АСУЫ
ашық дереккөз
«АСЫЛ ДИЗАЙН» АСУЫ
Отандық сән әлемінде өзіндік орны бар «Асыл-Дизайн» сән үйінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. 30 жылдық мерейтой аясында Тараз қаласында бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының ХІ маусымы басталды.  Атаулы шараға байланысты кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз конференциясы өтті. Спикер ретінде «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасының президенті Айдархан Қалиев, «Ирина Набоко» сән үйінің бас дизайнері Ирина Анатольевна, «Қазан мемлекеттік мәдениет институтының» инженерлік орталығының ғылыми-экспериментальдік зертханасының меңгерушісі Расых Салахов, «Сымбат» сән академиясының көркемдік жетекшісі Балнұр Асанова қатысты. – «ASPARA FASHION WEEK»-тің өзіндік бағыты бар. Нео-фольклорлық стиліндегі киімдерді дизайндауды өзім 10-15 жыл бұрын бастадым. Қазіргі таңда бұл стильді тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем біледі. «Нео-фольклор» – бұл ұлттық киім мен сән үлгісінің заманауи үлгімен ұштасқан, сәтті толықтырылған жаңа бағыты. Сондай-ақ қазақ ұлттық киім элементтерін, ою-өрнектерді заман талабына сай жаңғыртқан, жаңаша мазмұндағы ерекше сипат алған стиль түрі. Халықаралық жобамыздың 10-маусымына 600-дан астам дизайнер қатысқан екен. Осы уақыт аралығында ұлттық киімімізді насихаттап қана қоймай, Жамбыл облысын да әлемге танытуды мақсат еттік. 11-маусымда да бұл мақсат өз жалғасын табады, – дейді А. Қалиев. «ASPARA FASHION WEEK» жобасы арқылы әлемдегі түрлі дизайнерлер мен сарапшылар бір ортаға бас қосып, тәжірибе алмасады. Әрине, бұл үдерісте Қазақстан мен киелі Тараз қаласы ерекше орын алатынын Расых Салахов та жасырмады. – «Асыл-Дизайн» сән үйінің 30 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын. Жобаның арқасында дизайнерлермен пікір алмасамыз, түрлі ілім аламыз. Қазіргі сәнді этникалық стильсіз елестету мүмкін емес. Бұның жан-жақтылығы сонша, жыл өткен сайын дүниежүзіндегі жүздеген дизайнерді өз коллекцияларына ерекшелік пен бірегейлік әсерін беру үшін шабыттандырады. Этникалық стиль тақырыбы дизайнерлер үшін шабыт пен жаңа идеялардың тұрақты көздерінің бірі болып табылады. Көптеген көрнекті дизайнерлер өз коллекцияларында ұлттық мотивтерді жиі пайдаланады, – деді Р.Салахов. Айта кету керек, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығы 4 сәуірден 7 сәуірге дейін жалғасады. Жобаның соңғы күнінде «Асыл-Дизайн» сән үйінің 30 жылдығына орай киім топтамасы көрсетіледі. Айта кетейік, сән апталығына отандық дизайнерлермен қатар, шетелдік шеберлер де қатысуда. Жалпы Айдархан Қалиев «Нео-фольклор» этникалық стилінің негізін салушы, заманауи сәндегі ұлттық брендтің тұрақты таныстырушысы және мәдени іс-шара – «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасының ұйымдастырушысы. А.Қалиевтың тынымсыз еңбегінің арқасында Қазақстанда қазақстандық және орталықазиялық дизайнерлердің ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпіріндегі сән саңлақтарының қатысуымен халықаралық сән көрсетілімдері ұйымдастырылып келеді. Биыл да халықаралық сән жобасы киім топтамасын жаңаша бағытта ұсынып, жылдағыдан ерекшелене түспек. Халықаралық жобаның ХI маусымында «Қазақтың келіндері» атты топтаманы еліміздің түрлі өңірінен келген дизайнерлер көпшілік назарына ұсынады. Неофольклорлық стильдегі әйелдер киімінің топтамасы Ұлы дала аруларының әйелдік, нәзіктік, даналықты және қайталанбас ұлттық болмысын көрсету үшін жасалады. Сән апталығының бағдарламасына әлемдік нарыққа шығу үшін «International trade centre, «Ready for trade Central Asia» жобалары және отандық өндірушілер үшін гранттық негізде экспортты ілгерілету бойынша «USAID» trade promotion service providers» жобасы бойынша тегін семинарлар өткізіледі.

Аяулым ЖАМАНҚАРА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар