Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ауыл аманаты» ауылды дамытады

«Ауыл аманаты» ауылды дамытады
ашық дереккөз
«Ауыл аманаты» ауылды дамытады
Мемлекет басшысының «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында «Ауыл аманаты» жобасының алға қойған міндеттерін түсіндіру мақсатында кеңейтілген семинар өтті. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыровтың төрағалығымен өткен басқосуға еліміздің әр аймағынан ауылшаруашылық саласының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов «Ауыл аманатының» артықшылықтары туралы айтып, қатысушыларды белсенді атсалысуға шақырды. Мұнан соң облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасының іске асырылу барысы жайлы есебі тыңдалды. Басқарма басшысы аталған жобаға қатысу үшін облыстан 2019 жылы 11 ауылдық округ таңдалып алынса, биыл оның саны артқанын тілге тиек етті. – «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына биыл жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен бірлесіп, 2019-2022 жылдары жобаға енген 24 ауылдық округтегі (10 аудан) мүйізді ірі қараның аналық басын қолдан ұрықтандыру арқылы асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруға 100 миллион теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде алдағы 7 жылда қолдан ұрықтандырылған аналық мүйізді ірі қара мал басынан 65-70 пайызға асылтұқымды төл алу жоспарлануда. Жалпы жобаны облыстағы 153 округтің барлығында іске асыру үшін 87,8 миллиард теңге қажет. 2019-2022 жылдары 18,3 миллиард теңгеге 24 ауылдық округтегі 3 955 кәсіпкерге несие берілді. Биыл жобаға қосымша 24 миллиард теңге бөлінді. Оған 26 ауылдық округ қатысады және 4 644 кәсіпкерді несиелендіру көзделуде. 2024-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 45,5 миллиард теңге бөлу үшін бюджеттік өтінімдер жолданды. Аталған қаржыға 17 мыңға жуық кәсіпкерге несие беру көзделуде. Жоба шеңберінде жалпы 630,3 мың тұрғыны бар 153 ауылдық округтегі 109 777 аула қамтылады, – деді Нұрби Рахметханұлы. Басқарма басшысы мұнан соң жобаларға жеке-жеке тоқталып, түйіні шешілмей тұрған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Келесі кезекте мінберге шыққан облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серікхан Пернеш шаруаларды демейтін жобаның, ең әуелі, халықтың табысын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Облыста «Ауыл аманаты» жобасының ойдағыдай іске асырылуына жауапты мекемелердің бірі «Тараз «ӘКК» АҚ «Ауыл аманаты» департаментінің басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров 5 жылға дейін 2,5 пайызбен берілетін несиені алу үшін ауыл тұрғынының, біріншіден, кез келген қаржы институттарында берешегі болмауы керектігін, сонымен бірге салық органдарында, басқа да бюджеттік мекемелерде қарызы болса да ұсынған жобасы қолдау таппайтынын айтты. Одан кейін кепілге қоятын заңдастырылған үй-жайы болуы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті екенін атап өтті. Айта кетейік, несие берілген соң 1 жылға дейін демалыс қарастырылған. «Тараз «ӘКК» АҚ «Ауыл аманаты» департаментінің директоры Даяна Жолдасбекова жобаны қаржыландыру бағыттары, сенім білдірілген агенттің шарт шеңберінде соңғы қарыз алушыларды анықтағанға дейінгі міндеттері мен қаржыландырудың негізгі талаптары туралы баяндады. Баяндамашылар нарық заманындағы қаржылық сауаттылықтың маңызына тоқталып, пилоттық жобаның тиімділігін атап өтті. Семинардың сұрақ-жауап бөлімінде жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиені қалай алуға болатыны, кооперативтің қандай мақсатта құрылатыны, лизингке техника алу бойынша қойылған сұрақтарға жауап берілді. Семинардың түстен кейінгі екінші бөлімінде департаменттің бірқатар мамандары баяндама жасап, пилоттық жобаны жан-жақты талқылады. Семинардың келесі күні қонақтарға Тараз қаласындағы Гидропоника және Жуалы ауданының Ақсай ауылындағы жобалар таныстырылды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

 
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар