Мойынқұмда мүмкіндік мол
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Мойынқұм ауданына барды. Нұржан Молдиярұлы алдымен Ұланбел ауылындағы құрылысы жүріп жатқан М.Әуезов атындағы орта мектепке ат басын бұрып, ойын алаңшаларын аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдерге жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, туындаған проблемалық мәселелерді шешудің жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінге дейін 23 ауылға барып, халықпен 560 кездесу өткіздім. Кездесулер барысында туындаған мәселелерге байланысты сұрақтарға жауап бердім. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту және елді мекендердегі күрделі мәселелерді шешу, – деді аймақ басшысы.
Өңір басшысы Ұланбел ауылы тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Тұрғындардың айтуынша, аймақтағы ең күрделі мәселелердің бірі – интернет желісінің, көгілдір отынның жоқтығы және таза ауызсу тапшылығы.
Аталған мәселелер бойынша жеке-жеке жауап берген Нұржан Молдиярұлы интернетпен қамтамасыз ету жөнінде тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен өзара арнайы жол картасына да қол қойғанын айтты. Сондай-ақ облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында көгілдір отын және су құбырын тарту жұмыстары жүргізілетінін сөз етті.
Облыс әкіміне сауал жолдаған ауыл тұрғыны жыл сайын сона шаққанда малдың қырылатынын айтып, көпшіліктің базынасын жеткізді. Тұрғынның сөзіне сүйенсек, былтыр Мойынқұм ауданында вирус тасымалдаушы сона жәндігінің кесірінен екі жүзден аса ірі қара қырылып қалыпты. Осы орайда Нұржан Молдиярұлы:
– Малдардың түрлі жұқпалы ауруының алдын алу үшін Үкімет тарапынан бөлінетін арнайы 13 түрлі вакцина бар. Ол тегін салынады. Бірақ дәл қазір сонаға қарсы дәрі-дәрмек жоқ. Өйткені сона аса қауіпті жәндіктердің қатарында емес. Сондықтан алдағы уақытта мәселенің шешімі ретінде шегірткеге қарсы преператты сонаға да қолдану керек, –дей келе, аталған мәселемен айналысуды тиісті басшыларға тапсырды.
Халықпен кездесуден кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Сарыөзек ауылын бетке алып, «Қарабөгет» суқоймасының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Сонымен қатар Сарыөзек ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы шағын орталықты орта мектепке және ауылдық медициналық тірекке арнайы барды. Бұдан кейін Қарабөгет ауылына кіреберіс жолдың бойындағы күрделі жөндеуді қажет ететін көпірдің жағдайын көзбен көрді. Апатты жағдайда тұрған көпірді жөндеуге 16,8 миллион теңге қаражат бөлініпті. Ал жалпы жобаның құны – 432,6 миллион теңге. Көпірдің жағдайына назар аударған өңір басшысы жауапты басшыларға жөндеу жұмыстарын тездетуді міндеттеді.
Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы Қарабөгет ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың арыз-шағымын тыңдады. Аймақ басшысы Н.Нұржігітов ауыл тұрғындарымен кездесуде әлеуметтік жобалар туралы және Үкімет тарапынан қабылданып жатқан түрлі бағдарламалар туралы халыққа кеңінен түсіндіріп айтып берді.
Нұржан Молдиярұлының Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапары Айдарлы ауылындағы «Қайсар» шаруа қожалығының «Мойынқұм құс» шаруашылығында жалғасты. Аталған құс шаруашылығы жылына 1,6 миллион дана тауық жұмыртқасын өндіреді.
Сонымен қатар аталған ауылдағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысып, сәттілік тіледі.
Шапағат ӘБДІР, Мойынқұм ауданы
Келесі мақала