АТ БАПТАУ – АСЫЛ ӨНЕР
ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі», – деп атап көрсетті.
Аталған мақалда Елбасы: «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – деп ой түйеді.
Расында да халқымыздың жылқыға «төрт түліктің тектісі» деп баға беруі бекер емес. Жылқы десе жүрегі тулайтын қазақтың ат туралы түсінігі де, ойы да басқаларға қарағанда алабөтен. Елбасы айтқандай, жылқының алғаш мәрте қазақ жерінде қолға үйретілуіне ел арасындағы арғымақтар туралы тараған аңыздар да дәлел бола алады. Қала берді ертегіде баяндалғандай, Кендебайдың Керқұла аты, Ертөстіктің Шалқұйрығы сияқты тұлпарлардың ертегіде иесімен бірге басты кейіпкер болуы да біраз жайтты ұқтырғандай. Кейде «Бұл қазақ жылқығы неге сонша құмар болған?» деп ойлайсың.
Жалпы, қазақта арғымақ жалғыз болмаған. Оның иесі, бапкері және сыншысы болған. Қазақ даласында есімі тұлпарлармен қатар аталатын Толыбай, Күреңбай сияқты сыншылар өткен. Олар нағыз жүйріктің бойындағы белгілерін тап басып, тұлпарды қай уақытта жаратып, қай уақытта жаратпау керек екендігін айна-қатесіз айтып отырған.
Қазақ жүйрік атты тек тұрқынан ғана емес, оның енесіне сын көзбен қарап, биенің ішіндегі құлын қай уақытта, қандай ерекшелікпен туатынынан да білген. Егер бие жүйрік туатын болса, күзейтін болған. Мысалы, жүйрік туатын бие таң бозарып атып келе жатқан мезгілде бошалайды. Алдына қара салмайтын шынайы жүйрік енесінен жерге төрт аяғымен тік түседі. Міне, мұны білген қазақ астына киіз төсеп көтеріп алатын болған. Әрі сол туған құлынды «Тайында тасқа сал, құнанында құмға сал. Дөненінде қоя бер, Бестісінде бәйгеге қос, бәйге алмаса басын кес» деп мәтелдетеді. Айтса айтқандай-ақ, жүйрікті тай кезінен баптап, оған балаша қарап, жүрегін шайлықтырып алмай, қанжілік қылып қанын бұзбай, сүйегін жасытып, қолын түсірмей құнан шыққанда аздап аламан көрсетеді. Оны қазақ «Қолтығын жазу, жер таныту» деп атаған. Сөйтіп күзге қарай қолға алып, қыста жілігінен суық өткізіп алмай, көктемде қар суымен қоя беріп, піштіреді. Мұны «Қанды бұт» деп атайды. Осыдан кейін дөнен азу жарып, қайта оралады. Бұл оның мүшелге толғанының белгісі. Бесті болу – бәйге аттың беске толуы. Ол – жігіттің 25 жасындай күшті жас. Бұл кезде де оның күшін сақтап, күзден бастап күтімін жасап, қыста қолға алып бағады. Кейде тебінге қоя беріп, қол аяғындағы зорықты алдырып, қар тепкізеді. Міне, бұл қазақтың дәстүрлі жүйрік баптаудағы басты қағидалары.
– Осыдан кейін жүйрік атты көк тістетпей, көктемде де қолда бағады. Өйткені көк шөп аттың етін босатып, көбеңсітіп жібереді. Өкпесін де қабындырып тастайды. Бұл кезде атты тек қана пішен сұлымен бағады. Ол аттың әуелгі күш қуатын, етін қалыпты сақтауына септігін тигізеді. Жүйріктің мұндай күйін «Қу тезек» дейміз.
Ат баптау оңай емес. «Ат шаппайды бап шабады» дегенде сол аттың бабының қиындығы туралы айтса керек. Жүйрікті жаз шыға бере шалғынға біраз күн қоя беріп, етін көтеріп барып баптайды. Мұны «Көкке аунату» деп атайды. Ат бұл кезде қыстайғы жиған қазысын жазады. Міне, осы кезеңнен өткеннен кейін жүйрікті қайта қолға алып барып баптайды. Бұл кезде аз мініп бусандырып, кешке арқандап жайып, күн шықпай алып келіп, байлап, бір айдай жүреді. Кейін еті әбден қатқаннан кейін барып жайылу уақытын созып, мінуді де көбейтеді. Өте семіз болса, баста қолға ұстай салғанда екі күнде бір суғарып, кейін келе бір күнде екі реттен суғарып отырады. Әрі ат су ішіп, басын бір көтергенде суды сол бойынша ішкізбей тоқтатады. Мұны «атты көкқарыннан сақтау» деп атайды. Егер аттың ішінде зорық бар болса, онда оны қайнаған қара шаймен суғарып, ішінің зорығын шығарып отырады. Сол сияқты қан бұзылса да жүйріктің қанын түзеу үшін иленген қамырды суға шылап беретін болған. Кейде әр бапкер өзінің ыңғайына қарай сары саумал беріп те жатады.
Ат баптаудың белгілі бір қағидасы да жоқ. Өйткені әр аттың психологиясы әртүрлі. Бұл бапкер үшін маңызды. Сондықтан ол нені қалап тұр, соны білу керек. Кейбір деректерде ертедегі қазақтар бестісінде жүйрікті жайлауға тілін буып жіберіп, күзде ұстағанда бәйгеге өзі-ақ дайын тұрыпты деп те айтылады. Сол сияқты әр бапкердің өзінің ат баптау тәсілі болады. Ал атты баптап жүргенде оның «көбік терін алу», «ащы терін шығару» деген сияқты мәселелер бар. Бұл көбік терін алу деген атты бусандырып, таң асыруды айтады. Ал ащы терін алу деп қара жарысқа қосып, таң асыруды айтады. Таң асырғанда да сол күнгі аттың өзінің көңіл күйіне қарай болады. Одан кейін барып бәйге алаңының нақ қашықтығын білген соң сол қашықтықта атты жүгіртеді. Бұл аттың «тұнық терін алу» делінеді. Міне, осы тері алынып болған соң барып бапкер аттың терін саусағымен жалап көреді. Егер тері тұнық болып мөлдіреп, басқа дәмі болмаса онда ол ат бабына келіп қалған деп есептелінеді. Тер алу бәйге атының бәйге алудағы басты рөлін ойнайды. Өйткені кей жылқы тершең болса, кей жылқы оңайлықпен терлемейді. Міне, осындайда бапкер жаңылысуы әбден мүмкін. Егер терлемейтін жылқы болып тері алынбай қалса да, болмаса тершең жылқы болып, сәл артық кетіп қалса да онда аттың күйі бұзылады. Оның үстіне кей жылқы қара етті, кей жылқы қызылаш болады. Қара етті жылқы сырты толып тұрғанмен іші майсыз келеді. Қызылаш жылқы тырбиып тұрғанмен ішінде май көп болады. Оны да білу өте маңызды, – дейді ат бапкері Нұржан Дөненбайұлы.
Сонымен қатар шын жүйріктің ұйқышыл болатыны да кей ауыз әдебиетінде кездесіп жатады. Ал жүйрік атты бапкерлер бәйгеге бір күн қалғанда үйірге қосып жіберетін болған. Міне, бұл кезде әбден іші пысып тұрған жүйрік ары бері ойнақтап, таң ата жылқымен бірге жусап ұйықтайды. Сонда оның ұйқысы қанды деп есептеген. Оны бапкерлер тілінде «Бәйге атының ұйқысын қандыру» деп те атайды.
– «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген мәтел тегін айтылмаса керек. Соған қарай бапкер де алуан түрлі болады. Мысалы, жүйрік аттың күйіне келсек, семіз, қоңды жылқының бабы ұзаққа созылады. Ондай жылқыны ұстаған сәттен бастап-ақ қара терін алып, қара жарысқа сала берген жөн. Жылда баптап жүрген жүйріктер ұстаған күннен бастап өзін бәйгеге дайындай бастайды. Сондықтан оларды баптағанда 40-45 күн кетеді. Оның ішінде 5 рет терін аласыз, оншақты рет қара жарысқа саласыз. Сондай-ақ жылқыны жасына қарай да баптайсыз. Мысалы, дөнен және бестілерді баптағанда 15 тәулік ішінде 3-4 мәрте терін алып, 5-7 дүркін жарысқа салады. Ал құнан-тайларды баптағанда 3 дүркін терін алып, 4-5 дүркін жарысқа жібереді. Бұл жасына қарай баптау болып есептелінсе, оның тағы бір тәсілі мезгіліне қарай баптау деп саналады, – дейді тағы бір атбегі Ахметбек Мырзабай.
Қазақ даласында жылқымен жігіттің арасында бір жіпсіз дүние байланысып жатады. Қарап тұрсаңыз ол ертегідегі Ертөстіктен басталады. Мұндай байланыстың ертегіде сипатталуы ер мен аттың бір-біріне серік болғаны атам заманнан бар дүние екенін білдіреді. Сол ертегіде Шалқұйрыққа тіл бітеді. Ертөстікпен сырласады. Жезтырнақтың қасына келгенде Шалқұйрық жусаннан аласа болып оны ажалдан құтқарады. Міне, сол сияқты кейінгі «Ер Тарғын» жырында да «Бектер мінген бедеудей, безектей басқан аяғын» деген сияқты тармақтар бар. Аталған жырда:
«Айналайын Тарланым,
Бектер мінген бедеуге,
Сен тұрғанда бармадым!
Қырдан қиқу төгілсе...
Жалғыз-ақ сені қармадым!
Қырдан қиқу болғанда,
Қараңғы тұман болғанда.
Сенімен еді дәрменім», деп келіп,
«Құлында емдің, тайда емдің,
Құнан жаста арда емдің.
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан,
Жібектен өріп сүйреттім.
Алшақтатып ойнаттым.
Таудан асқан тұлпарым», деп еміренеді.
Ал Қабанбай өзінің Қубасымен серттескенде:
«Айналайын Қубас ат,
Сен келдің отыз сегізге.
Мен келдім жетпіс сегізге,
Сені мініп шапқанда,
Тайсалмай түстім теңізге,
Сенен басқа ат мінсем,
Мінгендей болдым өгізге», дейді.
Сал-серілеріміз мінген тұлпарлардың сәні қандай еді, шіркін! Кешегі Ақан серінің Құлагері алты алаштың атын шығарған арғымақ емес пе еді?!
Қарап тұрсаңыз біз арғы-бергі тарихымызда жылқымен қарым-қатынасымыз адаммен адамның арасындағыдай болмаса кем етпеген халықпыз.
Қазақтың көзіне қарап, тұяғына қарап, жүрісіне қарап жылқы тануы өзгеде жоқ ерек қасиет. Сондықтан да ықылымнан қазақ жігіттері өзінің ғана жеті атасын емес, жылқының да жеті атасын жатқа біліп өседі.
ТҮЙІН: Ұлы даланың ұлттық мәдениетінің бірі біздің төрт түлікпен жақындығымыз болса соның ішінде ат баптау өнері ең ежелгі дәстүріміздің алтын діңгегі. Жылқы психологиясын білу, жылқы тану, оны бағып-баптаудың өзі дала ғылымын меңгергендік.
Шапағат ӘБДІР