Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?
ашық дереккөз
ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?
Мына мың құбылған беймаза дүниеден әр адам өз орнын тапқысы келетіні рас. Әр адамда туа біткен мінез, өмірге деген көзқарас, өзіне тән қылық, әуестену, қайсыбір бағытта қабілеті болатыны белгілі. Сонысымен әр кісі ерекшеленіп тұрады. Ондай болмаса мына миллиондаған, миллиардтаған жанның барлығы бір типті, инкубатордан шыққан сары балапандай болып кетпес пе еді? Құдіреттің сол шеберлігіне таңғаласың, басыңды иесің. Ой таразысынан өткізіп көріңізші, тіпті бір отбасында бір әке, бір шешеден туған балалардың өзі бірінен-бірі ерекшеленіп тұрмай ма? Бір жанұяда, барлығына бірдей жайда, бір «қазаннан» тамақтанып, бірдей тәрбиеде өсіп-жетілгендер неге бірінен-бірі әйтеуір бір болмысымен өзгешеленіп тұрады? Бұл да әзірше адам білмес жұмбақ бір дүние. Адамзат сол жұмбақтың шешімін таба алмай әлек. Иә, мына кең дүниенің біз білмейтін, адам әзірше ұға бермейтін әлі қанша жұмбақ құбылысы бар?! Неліктен кей адамдар өз дамуында өте биік нəтижелерге жетеді, ал екінші біреулер ондай мүмкіндікке ие емес? Бұл процестің жəне оның нəтижесі неге байланысты? Ұзаққа созылған зерттеулер осы сұраққа орай жалпы заңдылық ашты: адам дамуы ішкі жəне сыртқы жағдайларға тəуелді. Ішкі жағдайлар – адам ағзасының физиологиялық жəне психикалық қасиеттері. Сыртқы жағдайлар – бұл адамның қоршаған ортасы, ол жасаған жəне дамыған аймақ, сыртқы ортамен ықпалды араласу процесінде адамның ішкі мəні өзгереді, жаңа қасиеттері қалыптасады, ал бұл өз кезегінде алдағы өзгерістерге жол ашады. Адамның жандүниесін терең зерттеген психолог ғалымдар мынадай анық ақиқатты байқаған. Жас адам саналы ғұмырын бастамай жатып ауыр трагедияға ұрынып, оның бағалы тағдыры қайғы мен қасіретке айналғанда түпкі себебі біреу деген. Жап-жас өрімдей жігіт немесе қыз баласы өзінің өмірге не үшін келіп, не үшін өмір сүру керек екенін ұмытып, ақылы шатасқанда оның тағдыры қайғы мен мұңға тола бастайды. Сондықтан кез келген қоғамдық дерттен жас ұрпақты аман алып қалу үшін оларға өмірдің мәні мен тіршіліктің ақиқат тірегі туралы шындықтарды анықтап беру ең маңызды шаруа. Күндердің күнінде белгілі бір өткелге жеткен кезде кез келген адам баласын «Адам не үшін өмір сүреді?» деген сұрақ мазалайды. Бұл сұрақ кез келген екі аяқты ақылды пенденің отыз жастың орта шеніне келгенде сүрінетін сауалы. Ұлы Абайдың жас ұрпаққа: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деп өсиет қалдырғаны белгілі. Адамның өмірінің мәні оның іс-әрекеттерінің негізгі мақсаты мен мұратынан тұрады деген қағидаға ден қойып келгені мәлім. Бұдан дүниені рухани құралдармен өзгерту мүмкіндігі туралы ой туады. Көптеген философтар өмірдің мәнін жеке адамның дүниетанымдық жүйесінің көрсеткіші, моральдік нормаларды бейнелейтін реттеуші ұғым ретінде қабылдайды, анықтама береді. Ғылымда адам өмірінің бағдарламасы деген түсінік бар. Адам өмірінің бағдарламасы белгілі бір уақыт аралығында күрделенеді, және оның табиғи аяқталуы тіршілік функцияларының біртіндеп сөнуі, олардың толық тоқтауымен көрініс беруі керек. Өмірдің мұндай соңы қазір жиі кездеседі, себебі қазіргі медицина жетістіктері өмірді ерте қиятын көптеген қауіпті жағдайлармен сәтті күресуді қамтамасыз етіп отыр. Өмірдің мәнін анықтау үшін сенің өмірің бітіп, аяқталып қалса да мәңгі жалғаса беретін түпсіз нәрсемен анықталуы тиіс дейді ғалымдар. Олай болса, өзін ұлы тұлға сезінетін адамдар тәкәппарлықтан тыйылуға тура келеді. Әр адам «Мен жерді тіреп тұрған негізгі ұстын не болмаса күллі ғаламның кіндігі емеспін. Сондықтан менен де маңызды, менен де қадірлі нәрсе болуы тиіс. Менің найзағайдай жалт еткен шолақ ғұмырым ұшы-қиыры жоқ мәңгіге созылып жатқан бітпес бір ғұмырдың титімдей бөлшегі» деп ойлансын. Осы бір өте елеусіз көрінетін бір адамның ғұмыры әлемдегі өз орнын дұрыс анықтап, қоғамдағы «кетігін» тауып қаланғанда ғана мәні ашылады. Ал ол адам өмірде өз орнын табу үшін өзге адамдардың өз орындарын табуына кесірін тигізбеуі керек. Соңғы кезде ел арасында «адам капиталы» деген түсінік пайда болды. Ол не? Әдетте капитал десе ойымызға қаржы, байлық, ақша, құн, мұнай, газ, алтын мағынасында түсінік келеді. Ал бүгінгі күні адам капиталы дегеніміз – адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бәсекелестік замандағы оның адамдық, кәсіби құндылығы. «Адам капиталы» терминінің өзі алғаш рет «Нобель» сыйлығының иегерлері, америкалық макроэкономистер Теодор Шульц пен Гарри Беккердің ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы еңбектерінде пайда болды. Т.Шульц нашар дамыған елдердің қиын жағдайын зерттей келе, кедей адамдардың әл-ауқатын жақсарту жерге, техника немесе олардың күш-жігер жұмсауына емес, бәрінен де білімге байланысты деген қорытындыға келді. Ол экономиканың мұндай сапалық қырын «адам капиталы» деп атады. Г.Беккерге келетін болсақ, ол адам капиталының теориялық моделін жасап және осы мәселе бойынша «Адам капиталы» кітабын жарыққа шығарды. Адам капиталының теорияшылары экономикалық өсу үшін оған салым салуға назар аударады. Бұл жерде жұмыспен ұтымды қамту мен еңбек нарығының оңтайлы қызмет етуі ерекше маңызға ие. Білім беру мен денсаулық сақтауды, еңбек өнімділігі мен табыс деңгейлерінің байланысын, кәсіпкерлік қызметті уәждеуді экономикалық қамтамасыз етуге дәлелі жетік көзқарас қажет. Адам капиталы – мемлекеттің, сондай-ақ экономикасы мен оның еңбекке жарамды азаматтарының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың қажетті ресурсы. Қазақстанда 2050 жылға қарай дүниежүзінің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруге бағытталған курс өзіндік адам капиталын дамытуға орасан мол инвестициялар салуды талап етеді. Өйткені тек біліктілігі жоғары қызметкерлер ғана постиндустриялық қоғам, яғни «Білім мен жалпыға бірдей еңбек қоғамы» жағдайында қызметтің барлық түрлерінде жоғары тиімділікке қол жеткізуге қабілетті. Ағылшын психологы Клер Рейнер психопрофилактиканың проблемаларымен көп айналысып, оны терең талдап, келесі он қағиданы ұсынған болатын: • Бірінші қағида. Таңертең бар қуатыңызды үйден жап-жақсы күйіңізде шығуға жұмсаңыз. Түс кезінде айнаға қараңыз. Барлығы қалпында ма, соңғы рет – жатар алдында солай істеңіз. Күніге осы менің жағдайым қандай күйде екен деген ой сізді мазаламау керек. • Екінші қағида. Өз бойыңыздағы кемшілікке орала бермеңіз. Олар кімде де болса бар. Егер сіз ол мәселеге көп көңіл аудара бермесеңіз, басқалар оны байқамайды. • Үшінші қағида. Басқаларды артық сынға алмаңыз, әйтпесе ертелі-кеш сіздің сырт қалпыңыз және мінезіңіз де сынға іліне ме деп ойлай беретін боласыз. «Ешкімді сөкпе, сонда сен де сөгілуші болмайсың» деп бекер айтылмаған. • Төртінші қағида. Басқаларды көңіл қойып тыңдаңыз. Сонда олардың да сіз десе көңілі ерекше болып тұрады. Жұрт көбіне тыңдаушыларды жақсы көреді. • Бесінші қағида. Ағыңыздан жарылып тұрыңыз. Пейіліңіз ақ болсын. Білмегеніңізді білемін деп әлек болып, қулыққа салынбаңыз. • Алтыншы қағида. Өз төңірегіңізден сізді түсінетін жақсы адамды тауып алыңыз, сонда сіз жалғызсырамайсыз. •Жетінші қағида. Жасқаншақтығыңызды арақпен кетірем деп ойламаңыз. Егер ашық та ақжарқын болсаңыз арақ-шарапсыз-ақ өзіңізді қоршаған адамдар арасында мерейлі боласыз. • Сегізінші қағида. Орынсыз именшектіктің кейбір адамдарды жалықтырып жіберетінін де есте сақтаған жөн. Егер сізбен біреу дауысын көтеріп, өктем сөйлеп тұрса, оған өзіңізді кінәлімін деп есептемеңіз. Кім біледі, бәлкім, ол адам үшін өз жігерсіздігін жеңудің бір амалы осындай болар деген ойда жүрген болар. Бірақ бұл амалды сіз басқаға пайдалана көрмеңіз. Өктем сөзбен, айқаймен ешкім өзінің мәртебесін көтеріп, қоғамдағы орнын бекіте алмайды. • Тоғызыншы қағида. Өзіңіз күтпеген бір ыңғайсыз іс-жағдайға кезіксеңіз елдің көзінше кісіге кейіп, налымаңыз. Сонда жұрт сізге ерекше ықыласпен қарайтын болады. Өйткені сіз оларға басқалардан артықшылығын сезінуге үлкен мүмкіншілік бердіңіз. • Оныншы қағида. Не болса содан қысылып, ыңғайсызданып, жалтақтап қызармаңыз. Сонда жұрт сізге онша көңіл аудармайды. Міне, осы келтірілген қағидалар тым күрделі емес. Егер сіз бұл ережелерді өмірде қолдана білсеңіз сіздің сеніміңізді үлкейтіп, оны нықтауға көмектеседі. Онда сіз көп нәрсеге қол жеткізетініңізге күмән жоқ. Мына дүниеге адам болып келгеннен соң ой-санаңа, қабілетіңе орай қолдан келгенше қоғамға, еліңе жақсылық жасап, артыңа жақсы із тастап кету әркімнің арманы. Әрине, ол үшін тиянақты ізденіс керек, талпыныс керек, еңбек ету керек. Сонда ғана арман-мақсаттарымыз орындалады. Осыны әрқайсысымыз жөнді, орынды ұққанымыз жөн. Лайым алға қойған ізгі мақсаттарымыз орындалып, арманымыз алдамасын?

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар