Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өскелең ұрпақты анимациялық өнімдер тәрбиелеуде

Өскелең ұрпақты анимациялық өнімдер тәрбиелеуде
ашық дереккөз
Өскелең ұрпақты анимациялық өнімдер тәрбиелеуде
Ұлт болашағын тәрбиелеу – мемлекет үшін басты міндет. Отбасы, ата-анасынан бастау алатын бала тәрбиесінің бағыттары бүгін қалай жүргізілуде? Жылаған сәбиін смартфонмен жұбататын жұртшылық өз ұрпағының келешегіне қаншалықты алаңдайды? Ел ертеңі деген еркелеріміздің кей-кейде еркінсіп кететіні рас. Таңнан қара кешке дейін телефонға телміріп, түрлі көрсетілімдерді тамашалайды. Кейде солардың не көріп, не қойып жатқанын назарға ала алмай қалатын кездер болады. Бүгінгі таңдағы бүлдіршіндердің ермегі тек ертегіге негізделген фильмдер емес, небір есерсоқтың тірлігіне тән түсініксіз түсірілімдер. Дүниетанымы жаңадан дамып келе жатқан жасөспірімдер бұл шығарылымдардан не үлгі алмақ? Осы күнгі балалар көгілдір экранға онша көп көз тіге бермейді. Теледидар ішіндегі дүниеден, телефондағы «TikTok «пен «YouTube» каналында контентенттерді тамашалау қызық болып тұр. Шытырманды оқиғаға толы шетелдік шығарылымдар ұлттық тәрбиемізге кері әсерін тигізіп жатқаны шындық. Жеткіншектеріміздің патриоттық сезімдерін ұлттық бағытта дамытуға арналған мултьфильмдер жоқтың қасы. Шетелдік «Синий тракторды» көру үшін смартфонға таласып жылайтын баланы немен қызықтыруға болады? «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» дейді Жүсіпбек Аймауытов. Өскелең ұрпақтың жүрегіне өз ұлтына деген мақтаныш сезімін ұялата білуіміз керек. Елін жаудан қорғаған батырлардың, олардың асқан жаужүректігі мен қаһармандығын, белдескенді шақ келтірмейтін палуандығын насихаттайтын бұрынғы баһадүр бабаларымыз туралы ертегі фильмдер көбейсе екен. Басқа бір мемлекеттің өмірде болмаған қаһармандарына еліктеп өсіп келе жатқан сәбилеріміздің санасына өз батырларымыздың ерлігін сіңіруіміз керек. «Қазір халық ертегілеріне жан бітіріп, жаңашыл бағытта балаларға арналған отандық өнімдер шығарылып жүр ме?» деген оймен белгілі кино режиссері, актер Дүйсебай Еркебаевпен тілдестік. Ол бұл тақырыптың күрделі мәселе екенін тілге тиек етті. – Қазақ мултьфильмін қарап отырып, оның кейіпкерлерін көрген кезде кішкентай бала жиіркенеді. Ол сәбидің психологиясына кері әсер етеді. Ұлттық қаһарман деп қараған кейіпкеріміздің түрін балаға көрсетуге ұяласың. Бұл Кеңес одағы кезіндегі жүйенің тар шеңберіне тән қатып қалған идея. Алдар көсені баяғы сол жұпыны, сүйкімсіз қалпында балаға көрсетеміз. Сәби сүйсінетіндей образдарға әлі де кедейміз. Қалмақ пен жоңғардан елін, жерін сақтаған қаһарман, батырларымыздың ерлігін ерекше көркем көрініске айналдыра алмаймыз. Өскелең ұрпақты тәрбиелейтін интеллектуалдық фильмдер аз десек те болады. Осы мәселені облыстық кино орталығы қолға алуы керек. Олар тікелей біздің телеарнамен байланыста болуы қажет. Бір жарым сағаттық кинолар түсірмесе де қысқаметражды фильмдер шығарса болады ғой. Өз ойымда талай дүниелер бар. Бірақ «әттең-ай» дегеннен басқа амалым жоқ. Мысалы, орыстың баяғы «Спокойной ночи!» бағдарламасына көз салсаң, бағдарлама жүргізушісінің қасында жаман торайы жүреді. Біз жиіркене қарайтын лас доңыздың төлін еркелетіп, сүйіп, жас көрермендерге сүйкімді етіп көрсете білді. Ол жануардың өмірде харам екенін балалар білмей өсті. Сол секілді «Ну, погоди!» мультфильмінде де жабайы жыртқыш аң қасқырды аңқау, аңғал, ал нәзік қоянды сол жыртықшты алдап, айласын асыра білетін сүйкімді күрескер етіп көрсетті. Сол кездегі балалар осы шығарылымдарды көріп өсті. Ал біз өмірде шынайы болған қаһарман кейіпкерлеріміздің образын ұрпақ санасына дұрыстап сіңіре алмай жүрміз. Қазақтың Қобыландысы мен Алпамыс батырлары, орыстың «Три богатырясынан» асып түспесе, қай жері кем? Қазіргі жас баладан Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлар туралы сұрасаң білмейді. Ал Американың «Өрмекші адамы» немесе «Халк» туралы сұрасаң өмірбаянын жатқа айтып береді. Қысқасын айтқанда, бүгінгі ұрпақ санасында ұлт қаһармандарының бейнесі жоқ, – дейді Д. Еркебаев. Тегінде, қалай ұлт болып қалыптасып, ел болып етек жиғандығымыз туралы аңыздар мен ертегілер бала санасында берік орнауы керек. Ұлттық патриотизмнің дәнегі бала жүрегіне алдымен осылай егіледі. Грек, Римнің аңыз-мифтеріндегі ертегі кейіпкерлеріне қарап отырсаң әлемдегі барлық қаһармандар тек сол елдерден шыққан ба деп ойлайсың. Жасөспірімдердің санасын баурап, жүрегіне жол табатын жобалар іске асса дейміз. Экран арқылы ертегілеріміз дамып, ұлттық тәрбиеміз түзелсе екен. «TikTok» желісі мен «YouTube» арнасына жіпсіз байланған бүлдіршіндеріміздің санасы бөтен дүниемен былғанбаса дейміз. Осы орайда біз М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматованы сөзге тарттық. – «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегендей, біз алдымен бесігіміз бен экранымызды дұрыс жолға салып алмайынша, баланың санасын өзгерте алмаймыз. Бәрі өзімізден. Бүгінгі шетелге еліктеген жастардың кейбірі өз ұлтына менсінбей қарайтын шамаға жеткен. Ғылым, өнер секілді кез келген саланы жұрт өзге мемлекеттерде ғана дамыған деп ойлайды. Бұның барлығы бесіктен бері дұрыс тәрбие алмағандықтың кесірі. Біз балаға ертегі айтып немесе теледидар көрсеткенде істі өз халқымыздың ұлылығына тән дүниеден бастауымыз керек. «Маша мен Медведьті» емес, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген сынды қазақша мултьфильмдерді көбірек экранға тартуымыз керек. Ұлттық телеканалдарымыздың бағытын өзгерту қажет. Өскелең ұрпақ алдымен өз ұлтын, өз тілін, өз дәстүрін терең танымайынша, оған өзгенің таңсығы қажет емес. Бүгінде «Гарри Поттер» мен «Хоббитты» көрген жастар қазақ фильмдеріне төмен баға береді. Әрине, әлемдік деңгейде киномыз дамымады деп дәрежемізді түсірмеуіміз керек. Ұлттық контент дегеніміз осы. Күнделікті жастардың көз алмай қарайтын шағын экрандағы дүниелерге сақ болғанымыз абзал. Оның ішінде сананы улайтын неше түрлі азғын нәрселер бар, – дейді С.Исматова. Бүгінгі өмірде, расында, теледидар екінші орында қалды. Қазір іздеген нәрсенің барлығы смартфоннан табылады. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қалта телефонының экранына үңіледі. Кейде үңілгеннен түңіледі, байқамасақ, балалар бүлінеді.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар