«АНАМНЫҢ ЕСІМІН ҚАЙЫН АТАСЫ ҚОЙҒАН»
Әділ БАЙҰЗАҚОВ, меценат:
– Менің анам – Айткүл Байтуқызы. Ол дүниеге шыр етіп келген күні әкеме атастырылып, анамның есімін қайын атасы қойыпты. «Бесік құда» деп аталатын сол кездегі атастыру дәстүрінің түпкі мәніне үңілер болсақ, мұның болашақта шаңырақ көтерер екі жастың бақытты ғұмыр кешуіне тигізер ықпалы зор.
Жалпы, атам Байұзақ өз заманында төңірекке сөзі жүрген бай-бақуатты, беделді адам болса керек. Атам ел ішінде шаруамен жүріп, ескі жекжаты Байтудың үйіне түсіп, атын байлап жатса, жекжатының әйелі толғатып, бәрі әбігерге түсіп жатыр екен. Бір уақытта дүниеге «шыр» етіп сәби келіп, жұрт қуанып, «дүниеге кесте тігер келді!» деп бір-бірінен сүйінші сұрап жатқанда досының қуанышы атамды толқытқан ба, кім білсін?! Салған жерден сөзін жерге тастамайтын досына «Қыз дүниеге келіпті, менде ұл бар, құда болайық!» деп қолқа салса, ол да көңілін жықпай, келісім берген. Бұл отыз күн оразаны бітіріп, ел айттап жатқан күн екен. Атам болашақ құдасының үйіне айттап барған болуы да мүмкін. Атам онымен қоймай, «Біржола келінімнің атын өзім қойып кетейін» деп анамның есімін Айткүл қойған екен. Бұл 1922 жылғы айт күнгі оқиға.
Ал әкем Әбубәкір 1916 жылғы. Анам он бес жасқа толғанда уәделі күні жетіп, атамның шаңырағына келін болып түсіпті. Анам он сегіз құрсақ көтерген. Мен он жетіншісімін. Алланың қалауымен тоғыз перзенті шетінеп, тоғызымыз аман-есен өсіп-өндік.
Қазір аға-әпкелерімнің кейбір немерелерінің есімдерін біле бермеймін. Олардың үлкен балаларының өзі осыдан оншақты жыл бұрын зейнетке шығып кеткен. Ешқашан «көппіз» деп мақтанбаймын, бірақ не болса да ағайынның бар болғаны жақсы екен.
Мен дүниеге келерден бұрын анам абысындарымен келе жатып іші қатты бүрді ме, екі бүктеліп қалыпты. Қасындағылар «Не болды? Ішің ауырды ма?» деп сұрап жатса, «Білмеймін, ішіме бір пәле пайда болды ма?» десе керек. Кейін мен ер жетіп, қолғабысқа жарағанымда әлгі абысындары «Тәуіркүл, не болды, баяғы бір пәле жаныңа сая болып жатыр ма?» деп әзілдейді екен. Тірлігі тап-тұйнақтай болғасын, анамды абысындары Тәуіркүл деп те атайтын.
Қаратабан болып тынбай тыпырлап жүргенімде мені анам «Қаратамағым» деп еркелететін. Себебі сол кезде алдыңғы ағаларыма қарағанда нансоғар, тамаққа тәбетті бала болыппын. Әжелеріміз бізбен көрші тұратын. Кей кезде сол атамның үйіне қонып қалған кезде таң азанмен «Әкемнен қалған тамақты жеймін» деп үйге келіп алады екенмін. Ол кезде үлкендерден қалған асты «сарқыт» деп дәріптеп ішу де болушы еді. Тағы да адамды тамақ ішкеніне қарап, қара жұмысқа жақсы деп таңдайтындар да болған.
Әке ғана емес, ана да балаға сыншы ғой. «Осы балам нантабар болады» деп тамақ жегенімнен таныған екен мені. Аллаға шүкір, шаруаның жайын білетін, қолында кірі бар азамат болып өстік. Анам 45-ке, әкем 50 жасқа келген шағында көрген перзенті болғандықтан, онша-мұншаға мені қатты жазаламайтын. Асып кетсем анам «Әкеңе айтам» дейтін. Екеуін де «ата-апа» деп те атайтынмын. Кішірек кезімде анама «Апака» деп те еркелейтінмін.
Ата-анам көзалдымызда жүрсінші деген болуы керек, оның үстіне алдыңғы ағаларым оқып, одан қызметке тұрып, жан-жаққа қанат жайып жатқан. «Балам, аттестатың жақсы болса да, сен оқуға бармай-ақ қой, ауылда тракторшы болсаң да жетеді» деп үгіттеп отыратын. Мен «мақұл» деп көніп жүрдім де, жеме-жемге келгенде аттестатымды алып, Тараздағы бұрынғы Жамбыл гидро-мелиоративтік құрылыс институтына құжат тапсырып едім, жолым болып, оқуға түсіп кеттім. Ол кез сондай болатын. Кімнің баласы мектеп бітірсе, ата-анасы оқуға түсіруге мал сатып, ақша жинайтын. Мен ешкімнің көмегінсіз, қашып барып оқуға түсіп кеттім. Сонда анам, «Ойбууй! Енді қайттік! Мынау бала ақшасыз-ақ оқуға түсіп кетті» деп қуанса керек.
Әкем шаруаның адамы еді. Жылқы ұстап, бие сауатынбыз. Құлындарды желіге байлау, пішен орып келу, одан қымыз тәтті болсын деп күбіні мың мәрте пісу – біздің күнделікті ісіміз болатын. Әлі есімде, мен он бестердегі буыны былқылдаған баламын, анам екеуміз жоңышқа оратынбыз. Алпыста болса да, анау-мынау жігітіңнен қайратты еді. Оның үстіне күндіз қызылшаға шығады ғой.
Анамды ойлаған сайын көз алдымнан мына көрініс өте шығады. Анамның қарттыққа әбден кірген шағы. Мен Т.Рысқұлов ауданында газ саласындағы бір мекемесінің басшысы едім. Анам ағаммен тұрады. Тамыз айының тамылжыған кезі болатын. Таразға шаруаларыммен келдім де, қолым босамай көлік жүргізушімді үйге жіберген едім. Жүргізушіден анама «Қазір босамаймын» деп сәлем айтып жібердім. Сексендегі кезі ғой. Сөйтсем мені сағынған-ау деймін, әй-шайға қарамай көлігіме мініп алыпты. Жұмыстарымды бітіріп болып, жайбарақат көлігімнің есігін ашсам анам отыр. Содан менімен ілесіп үйге келіп, оншақты күндей жатып қайтты. Содан көп күн өтпей, ақтық сапарға аттанып кете барды. Бұрынғының адамдары бәрін болжай алатын еді. Біліп, бой жазып жүріпті деп топшылаймын.
Кеңес кезінің адамдары болса да, әкем мен шешем намаздарын оқып отыратын иманды адамдар еді. Осы уақытта қуанған-жабырқаған кездерімде анамды түсімде көремін. Сол маған үлкен медет. Қазір мен де сәждеге бас қойдым. Әр намазымнан кейін дұғама қосып отырамын. Аллаға шүкір, анамның алдында бармақ шайнардай еш өкінішім жоқ. Мейіріміне шомылып, бауырында еркелеп өстім. Отбасылы болып, келін көргізу арқылы қолын ұзартып, немере сүйгіздім. Қолымнан келген жақсылығымды жасап, ақтық сапарға аялап шығарып салдым. Жандары жәннатта болсын!
Келесі мақала