ӨРЕНДЕР ЕРТЕГІ ТЫҢДАП ӨССІН!
Бала – ертеңіміз, болашағымыз, бізден кейін қалатын із. Олардың болашағына ата-анасы, ұстаздары, тәлім-тәрбие беретін жақындары жауапты. Мектеп табалдырығын аттаған балақайларды білім биігіне бастамас бұрын дұрыс тәрбие: адамгершілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық, адамдық пен адалдық сынды құнды қасиеттерді бала санасына сіңіруіміз керек. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай тәрбиесіз өскен бала еліне пайдасын тигізеді дегенге сену қиын. Жоғарыда атап өткен игі қасиеттерді қалай бала бойына сіңіреміз? Қалай дұрыс тәлім-тәрбие береміз? Бұл сұрақтардың жауабы өте оңай. Қиял-ғажайып ертегілер әлеміне саяхат жасай отырып балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жақсы түсіндіре аламыз. Ондағы сан қырлы кейіпкерлер арқылы жақсы мен жаманды ажыратуға үйретеміз. Өтірік, алдау, арбау, қастандық сияқты жағымсыз іс-әрекеттердің соңы жақсылыққа жеткізбейтінін айтып береміз.
Ертегі естіп өскен бала жан-жақты, зерек, алғыр да ақылды әрі жүрегі жылылыққа, мейірімділікке тола болады. Себебі қай ертегі болмасын соңы жақсылыққа үндейді, жамандық жеңіліп, жақсылық жеңеді. Демек балаларымыздың әділ, шыншыл болуына да ертегінің қосар үлесі зор.
Ұлы Абай да бала күнінде Зере әжесінің ертегі, әңгімелерін, қисса, дастандарын тыңдап, бойына сіңіріп өсті. Бала күнгі сол тәрбие өмірлік азық болды. Халқымызда жақсылыққа жетелейтін ертегі, дастан, қисса, әңгімелер аз емес.
Ертегі айта отырып баланың таным-түсінігін кеңейту, бала тәрбиесінде таптырмас әдіс. Бұл әдіс мектеп қабырғасынан бөлек үйде де жалғасын тапса балалар үшін пайдалы. Себебі анасы мен әкесінің, ата-әженің айтып берген ертегісі тым бөлек, ерекше тартымды, қызықты болмақ. Бала өзін еркін сезініп, көкейдегі сұрағын қойып, еркін ойларымен алмаса алады.
Сонымен қатар балалардың ертегідегі сүйікті кейіпкерлерін сахналау, қызықты қойылымдар қою арқылы баланы қызықтыра түсуге болады. Мәселен, Ер Төстік, Тарғын, Алпамыс сияқты кейіпкерлер арқылы балаларға ерлік, батырлықтың қандай болатынын, елін сүйген, жерін сүйген батырлар үлкен ерлік жасайтынын түсіндірсек, Алдар көсе, Қожанасыр, Тасша бала образдары арқылы адам бойындағы жақсы, жаман қасиеттер туралы әңгімелеп, жан-жақты талқылаймыз. Осылайша баланың таным-түсінігін кеңейтіп қана қоймай, әр сабақты қызықты, тартымды етуге болады.
Ғалымдардың зерттеулері бойынша баланың санасындағы қабілеттердің жартысы 4 жасында, үштен екі бөлігі 6 жасқа келгенде қалыптасады. Сондықтан балалардың мінез-құлқына, кісілік тұлғасына әсер ететін дүниелерді үйрете бергеніміз жөн. Балақайлар бұл жаста үйренуге және үйренген мәліметтерін зейінінде жинақтап, қорытып, ой жүгіртуге және іс-әрекеттері арқылы әлеуметтік өмірге бейімделуге оңтайлы келеді.
Ертеңгі күніміздің жарқын болғанын қаласақ дәл бүгін бала тәрбиесіне үлкен мән беруіміз керек. Балаларымыздың тәрбиесін ерте жастан қолға алып, бойына игі қасиеттерді еге білсек, өскенде қоғамға пайдалы тұлға болуына жол ашамыз.
Қаламқас МАНАТАЙҚЫЗЫ, Ораз Жандосов атындағы негізгі мектептің мектепалды сыныбының мұғалімі, Шу ауданы
Келесі мақала