Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараз – ежелден ел мақтаны

Тараз – ежелден ел мақтаны
ашық дереккөз
Тараз – ежелден ел мақтаны
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы халықтың салт-дәстүр, әдеп-ғұрпына негізделген бағдарлама. Ал мемлекет деңгейінде тарихи сананы дұрыс қалыптастыра алсақ, болашақты бағдарлауға айқын жол ашылады. Осы бағдарламаның аясында наурыз айында жылда «Тарихқа тағзым» күні аталып өтетіні бар. Мұның жастардың caнacынa ұлттық құндылықтapды ciңipуге, оларды ұлттық pухпeн тәpбиeлеуге, сонымен қатар төл тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті apттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Мықты мемлекет болу үшін мемлекетшілдік идеясы қажет. Сол идея арқылы біз ертеңгі күні елге иелік ететін жастарды рухы мықты патриот азамат ретінде тәрбиелей аламыз. Тарихты тануға, салт-дәстүрді, ана тілімізді құрметтеуге, төл тамырынан ажырамайтын өресі мықты ұл-қыз өсірсек, біз үшін сол бақыт. Негізінде әр азамат «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасына науқан ретінде қарамай, түпкі мәніне терең үңілетін болса, оның аса құнды құжат екеніне көзі жетеді. Қоғамдық санаға рухани сілкініс беріп, ұлы мұрат-мақсаттардың түйін-тұжырымын өзіндік мәйегі бар ой-толғауымен саралаған жоспарлы жоба осы ерекшелігімен көптің көңілінен шыққаны ақиқат. Аталған бағдарлама жариялана сала рухани үндестік үйлесім тапқан, мәдени-рухани құндылықтарға басым мән берілген ұлтымызды осы заманда жаңа қырынан жаңғырту бағдары айқын болғандықтан жұртшылықтың жігерін жанып, ұлтым деген азаматтардың ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысындағы арын қамшылағаны сөзсіз. Бұл бағдарлама халықты жаhандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, жаңаша жаңғыруға, рухани жұтаңдықты болдырмауға бастайтын сара жол. Осы елдік деңгейдегі бағдарлама аясында Тараз шаһарының жоғары оқу орындарында да көптеген іс-шаралар өткізіліп тұрады. Солардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде рухани жаңғыру бағдарламасы аясында түрлі жанрдағы іс-шаралар өткізу күн тәртібінен түскен емес. Сондай игі істің бірі – Ежелгі көне қала Тараздың төл тарихын ұрпақтар санасында жаңғыртуды көздейтін «Таразым тарих ақ таңым, ежелден елдің мақтаны» атты іс-шара. Мұның басты мақсаты – студент жастардың бойындағы Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімді оятып, адамгершілік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастырумен қатар, туған жердің төл тарихын танып-білуге, өңіріміздің, Тараз қаласының гүлденуін, дамуын, Тараз қаласының өткені мен бүгінін ұрпақ жадына сіңіруге бағытталған. Ашық сабақ түрінде ұйымдастырылған тәрбиелік мәні зор игі шарада айтылған негізгі түйінді ой ұлт бірлігі – ұлы байлық екені тұрғысында болды. Осындай іс-шаралар түрлі деңгейдегі оқу орындарынан бөлек, қала, аудан, облыс, республика бойынша ұйымдастырылуы бағдарламаның ұлттық дамуымызда ұлы жетекшілік рөл атқаратынын көрсетеді. Отаншылдық сезімі негізінен адамның туған жерге деген ыстық ықыласынан бастау алады. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп халық бекер айтпаған. Әркімнің өз жері өзіне жұмақ. Бұдан бөлек түркі халықтарының көне Күлтегін ескерткішіндегі «Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!» деген сөздері тасқа қашалып, жазылғаны тегін емес деп ойлаймын. Жер беті тұнып тұрған тарихи ескерткіш емес пе?! Осы тұста, өзімнің туған жерім Тараз шаһары құтты, қасиетті мекеніміз екенін мақтанышпен айта аламын. Әр адам өз туған жерін мақтаныш етеді, қадір тұтады. Туған жерге қызмет ету – әрбір азаматтың игі арманы, мақсат-мүддесі. Туған жердің табиғаты да бір ерекше! Жұмсақ желі бетіңді өбіп, ерекше әсер қалдыратын киелі шаҺар Тараздың әрбір жаңа күні, құйқылжыта сайраған құстарының үні әсем, көктемі ерекше әдемі. Ендеше Тараз шаһары жайындағы тағылымды тарихқа назар аударсақ. Грек тарихшыларының дереккөзінде Тараз қаласы туралы алғашқы жазбалар біздің заманымыздың 568 жылынан бастау алады. Онда Талас өзенінің аңғарындағы Ұлы Жібек жолының бір қаласы ретінде Толоса, яғни Талас деп жазылса, X-XIII ғасырлардағы өркендеу дәуірінде Тараздың қазіргі атауы «таразы», «сауда қаласы» мағынасында пайда болған екен. XIII ғасырда Тараз қаласы Шыңғысхан әскерлеріне жойқын қарсылық көрсетуінің нәтижесінде өртеніп, талқандалған. Мұны ежелгі қонысты қазу кезінде табылған өрт іздері айғақтайды. Осыдан кейін қала Йангы-Тараз, кейіннен Наманған көше болып өзгерген. XIX ғасырдың басында қираған қала орны, бекініс және оның айналасындағы территориялар қазақтарды езген Қоқан хандығының билігінде болған. ХІХ ғасырдың отызыншы жылдары адамдар қала аумағында, осы жердегі Қарахан әулетінен шыққан, Әулиеата деп аты аңызға айналған Қарахан ханы қабірінің маңына қоныстана бастады. Бұл жерге қоныстанудың себебі, Тараздың гүлденген дәуірі ХІІ ғасырдағы Қарахандар билігі кезінде орын алған. Сөйтіп 165 жыл бұрын, 1856 жылы қала ресми түрде Әулиеата болып өзгертіліп, ежелгі Қарахан кесенесі тұрған жерде жаңадан бой көтерген. 1864 жылы Қоқан хандығы бекінісіндегі Әулиеата қаласын Ресей патшалық үкіметінің әскерлері бекіністі шабуылдау кезінде жаулап алады. 1867 жылы қала Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария облысы құрамына еніп, көп ұзамай аттас уездің орталығына айналған. Сол заманда қала негізінен бекіністен, базардан және айналасында азиялық қалаларға тән радиалды-сақиналы жүйемен салынған шағын елді мекендерден тұрған. Қазіргі Таразда сол кездегі төрт көшенің бірі – Наманган аты әлі күнге дейін сақталған. 1897 жылғы халық санағының мұрағаттық деректері бойынша қала тұрғындарының саны қазақ, орыс, украин, беларус, өзбек, тәжік, татар сияқты көптеген ұлт өкілінен құралған 11 722 адамға жеткен. Сондай-ақ қалада шойын құю, темір ұстаханалары, былғары және сабын өндірісі, монша, сегіз мешіт және үш керуен-сарай жұмыс істеген. XIX ғасырдың екінші жартысында Әулиеата уезінің Ресей құрамына енуі қаланың дамуына ықпал етті. Пайда болған теміржол мен пошта-телеграф байланысы қаланы Орталық Ресей және Орта Азиямен байланыстырды. Орыстар үшін де, жергілікті ұлт балалары үшін де мектептер мен училищелер, мұсылман балалар мектебі ашылды. Алғашқы көпшілік кітапхана 1889 жылдан өз жұмысын бастаған. Ал 1898 жылы қалалық саябақ пайда болды. Революциядан кейінгі жылдары «Бостандық бағы» аталған орын, бүгінде Тұрар Рысқұлов атындағы мәдениет және демалыс саябағы. 1904 жылы алғашқы Әулиеата ауруханасы мен дәріхана, 1915 жылы кинотеатр ашылды. Дәл осы Әулиеата кезеңінде қала жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынған. XX ғасырдың басына қарай қала шекараcы тоғыз мың гектарға дейін кеңейіп, тұрғындар саны екі есеге, яғни жиырма төрт мың адамға дейін көбейді. Он жеті зауыт пен фабрика, екі базар, жүн жуу, былғары өндіру және қорғасын балқыту орындары, жылқы фермасы және көлік кеңселері қала экономикасын дамытты. Сонымен қатар бұл уақытта Әулиеатада үш монша, екі зират, сегіз мешіт және екі шіркеу болған. 1936 жылы қала кейіннен қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянның атымен Мирзоян болып өзгертілді. Ал 1938 жылы қала халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімін алды. Қала тарихы дамудың жаңа кезеңінде тағы да қайталанды. 1997 жылы қаңтар айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығында болып, қаланың «Тараз» тарихи атауы оралғанын жариялады. Бүгінде жарты миллионға жуық халқы бар Тараз қаласы облыстағы халық көп шоғырланған үлкен елді мекен, оңтүстік өңірдің ірі өндірістік және мәдени орталығы. Қаланың үлкен туристік әлеуеті де бар. 2011 жылы басталған ежелгі қоныстың археологиялық қазбалары аймақтың екі мың жылдық тарихының бірегей жәдігерлерін тапты. Осылайша күннен-күнге жанданып, аңыздармен көмкерілген ежелгі қала өз тарихының жаңа кезеңіне қадам басуда. Ұлттық рухымызды асқақтататын төл тарихымыз айқын төрге озды. Ұлт мәселесін ұлы мақсаттармен дөп басқан баянды болашақтың сара жолы – бірегей сенім мен көзқарастың қалыптасуына ықпал етті. Ендігі жерде, тарихымызды танып білу, салт-дәстүр, әдеп-ғұрып секілді ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолында жастарға берер тәрбиелік талаптың үдесінен шығу уақыт еншісінде. Рухани сәулемен мәңгілік елдің еңсесін көтерген бағдарлама ел ертеңін нығайта түспек. Ұлттық рухым деген ұлы сезім, әр азаматтың еңбекқор, саналы болуына серпін берді. «Торғай екеш торғай да, өз ұясын қорғайды» демекші, расымен де туған жерге деген ыстық сезім жалпы адамзаттық, адамгершілік қасиеттерге жатады. Сол үшін де келешек патриот жастардың іргетасын қалауда, олардың жүрегінде Отанға, туған жерге, еліне деген маздап жанған оттың шырағын жағып, сүйіспеншілігін оятатын әрине, ол біріншіден отбасы, екіншіден білім беру орындары. Сондықтан өңіріміздің тау-тасына дейін сүйіп, экологияны ластамауға, Тараздай әсем шаһардың бүлінуіне жол бермеуге жұрт болып атсалысуымыз ауадай қажет.

Саят МАМЕШОВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы, магистр

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар