Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бірлік – достық пен татулықтың қан тамыры

Бірлік – достық пен татулықтың қан тамыры
ашық дереккөз
Бірлік – достық пен татулықтың қан тамыры
Бір отбасының немесе бір мемлекеттің өркендеуіне ықпал ететін әрі тікелей әсері бар бір нәрсе болса, ол – бірлік! Бұл ұғымның түкпірінде қаншама қастерлі құндылықтар жатқанын үңілсеңіз ғана ұғатыныңыз анық. Құдайға шүкір, біз тәуелсіздік алғалы көпұлтты мемлекет болғанымызға қарамастан, елімізде жасап жатқан түрлі ұлт өкілдерімен бірлігіміз жарасып, бір шаңырақ астында бірге өмір сүріп келеміз.  Сол татулығымыздың куәсіндей болған 1 мамырды жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде атап өтетініміз де содан. Кеше ғана Астана қаласында өткен Ассамблеяның XXХІI сессиясын да бірлігіміздің тойы деуге болады. Өйткені біздің еліміз үшін бұл съездің орны айрықша. Бұл халқымызды тіпті де біріктіре түсетін қағидалар мен заңнамалар талқыға түсетін сәт. Ел ішін даудан, жер шетін жаудан аман алып қалу біздің Отан алдындағы айнымас перзенттік борышымыз болса, сол мойнымыздағы жүкті аудырмай арманымызға жеткізетін де бірлік деген құдіретті күш болмақ. Сондықтан дәл қазіргідей аумалы-төкпелі заманда бізге еліміздің тыныштығынан, халқымыздың ауызбіршілігінен асқан керекті дүние жоқ болып тұр. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары да еліміздің болашағын бірлік пен ынтымаққа шақырып, азаттығымыздың жолында аянбай еңбек етті. Сондықтан ғой Әлихан Бөкейхановтың: «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!» деп марқайғаны. Тарихқа қарап тұрсақ, атағынан ат үркетін хандар да, қаһарынан ай ығатын патшалардың да сүйенетін тұғыры бірлік болған. Халықта бірлік болса, алмайтын қамал жоқ екенін түсінген олар. Сондықтан да арттағы ұрпақтарына бірлік туралы көп өсиет қалдырды. Міне, сол себепті де қазақ «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп, бірауыз сөзбен-ақ бірліктің құнын кесіп айтқан о бастан. Біздің дәл қазір тәуелсіздік алып, бейбіт күн кешіп отырғанымыз да төртеуміздің түгелдігінен екені даусыз. Сондықтан да енді арамызды алауыздыққа алдырмай, Қазақстан деген мемлекетте жасап жатқан әрбір халық бірін-бірі жалғызым деп бағаласа, онда енді бір отыз жылда әлемді аузымызға қарататын ел болатынымыз да анық. Ал «Бірлікпен істеген істе береке бар» дейді діндарлар. Сол берекеміздің еселенуіне де, кемуіне де өзіміз себепкер екеніміз анық. Олай болса, бізге бірлікті даладан іздеудің қажеті жоқ. Ол елдің арасында, ұйысқан отбасының ортасында болатын қасиетті ұғым. Бүгінде «Ырыс қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын» дегендей, жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында тұрған ұлы Отанымыз 130-дан астам ұлт пен ұлысты құшағына басқан. Бәріміздің бір ғана шаңырағымыз бар. Ол – Қазақстан! Ал бір шаңырақ астындағы адамдар «Бірлік ол – бейбітшілік, бейбітшілік – бақыт» деген қағиданы ұстануы тиіс. Сонда ғана біздің Жаңа Қазақстанымыз гүлденіп, көркейе бермек. Біз ежелден елдіктің тамыры бірлік екенін жете түсінген елміз. «Ит пен ит ырылдасса, тамағының тоқтығы. Жігіт пен жігіт қырындасса, ынтымағының жоқтығы» деген қазақ халқы ынтымақтың тауды да жылжытатын күш екенін білгендіктен арнайы ел мен елдің арасына түскен жікті жақындатып отыратын ақсақалдар мен билер мектебі болған. Бұл қазақ даласында Қазақ мемлекетінің негізін қалауда үлкен рөл ойнаған. Ел арасында бидің сөзіне, шешіміне тоқтамайтын адам болмаған. Ауыл болып ақсақалын тыңдаған. Сондықтан да ол заманда отбасылық жағдайда да қанша түсініспеушілік болғанымен де шаңырағы шайқалмайтын болған. Сол билер мен ақсақалдардың мектебі бізге әлі де керек шығар, бәлкім. Қысқасын айтқанда, бірлік – достықтың да, татулықтың да қан тамыры. Ол бар жерде бәрі бар.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар