Жамбыл жаңалықтары
«ZHEIF-2023»: Цифрландыру саласындағы жетістіктер мен мәселелер сараланды
- author AR-AY
- 26 сәуір, 2023
- 158
«ZHEIF-2023»: Цифрландыру саласындағы жетістіктер мен мәселелер сараланды
Жамбыл облысының қолайлы экономикалық және инвестициялық ахуалын дамытуға ықпал етуге бағытталған «Zhambyl Investment and Economic Forum-2023» атты халықаралық форумның цифрландыру бағыты бойынша Иран, Литва, Қытай, Сауд Арабиясы және республиканың барлық аймақтарынан келген қонақтар Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасындағы IT академиясының жұмысымен танысты.
Келушілерге ұсынылған жобалардың бірі – «New STEP project». Аталған жобаны Тараз инновациялық институты «Педагогика» факультетінің «Шетел тілдері» кафедрасының оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Г.Байғазиева бастаған «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттері әзірлеген.
Жобаның басты мақсаты – ана тіліміздің деңгейін көтеру, білім алып жатқан студенттердің бойында ғылым, білім жолында ізденушілік қасиет қалыптастырып, болашақтарына дұрыс жол сілтеу, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекіттіру. Оны іске асыру барысында команда жетекшісі мен мүшелері КазИнновейшен және АстанаHub өткізген стартап бойынша онлайн оқуға қатысып, стартап конкурсында 30 ІТ бизнес-идея ішінен ең үздік 10 жобаның ішіне еніп, қаржылай сыйлыққа ие болған.
Халықаралық Тараз инновациялық институтының цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктерімен таныстыру барысында институт ректоры оқу орнының «Агробиология», «Ветеринария және мал шаруашылығы», «Аквакультура» және «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмыстары, жоғары оқу орнының «Huawel» ICT Academy» заманауи технологиялық проектілерді іске асыруға бағытталған жобасы мен облыстағы ауыл жастарының тегін білім алуына арналған «ХТИИ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасы туралы айтып, қонақтарға оқу орнының алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ, қонақтарға ұсынылған келесі жоба «Толағай» жөргектер бренді жапондық технологиямен жасалған. Сұйықтық жайылып кетпейтіндей әрі гипоаллергенді етіп жасалған өнім ерекше балаларға және басқа да барлық балаларға бағытталған сертификатталған өнім. Компания тек жөргек қана ұсынып қоймайды, аналарға арналған медициналық және психологиялық кеңестер беруді басты бағыттарының бірі ретінде бірге алып келеді.
Форумда компания ерекше балалардың аналарына арналған мобильді қосымшаны ұсынды. Қосымшаға ата-аналар арнайы логин, пароль арқылы тіркеліп, білікті мамандардың видео дәрістерін тегін көре алады.
IT академияның басшысы Нұрғиса Шарапов цифрлық сауаттылықты арттыру, бағдарламалау тілдері, графикалық дизайн, робототехника, практикалық мастер-класс, виртуалды зертхананың негізгі қызметі саласында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып, ондағы қол жеткен жетістіктерімен таныстырды.
Бұдан кейін форумға қатысушылар институттың өткен жылдың жазында іске қосылған «Қысқы бақ» кешенінде болды. ХТИИ жанынан ашылған жер шарының түкпір-түкпірінде кездесетін тропикалық және шөлейтті аймақтарда өсетін өсімдіктер бағында білімгерлер мен келуші қонақтар үшін қолайлы микроклимат жасалған.
Адамдардың өмір сапасын жақсартып, білім беру жүйесін жаңа белеске көтеретін жасыл орталыққа саяхатқа келгендерге ғылымды патенттеу секторының басшысы Сабыржан Орынбасар осында қолданылатын заманауи қондырғылардың жасалу және іске асырылу жолдарын айтып берді.
2016 жылы республикалық 10 үздік колледждің бірі атанып, өткен жылы «Үздік колледж» байқауының жеңімпазы болған Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде болған форумға қатысушылар аталған білім орнының «Робототехника» саласындағы көптеген жетістіктеріне куә болды.
25 ақпанда Халықаралық Тараз инновациялық институтында өткен бірінші аймақтық «ITII HACKATHON-2023» форумында «Chinese kz» білім беру орталығы ұсынған «Шетелде оқуға арналған платформа» №4 кейс бойынша жүлдені – осы жоғары колледжінің «Ctrl C» командасы жеңіп алған болатын.
Түстен кейін форум аясында цифрландыру бағыты бойынша қонақтар «Қоғамдық келісім» үйінде «Ақылды» қалалардың мәселелері мен дамуы жөніндегі жиынға қатысты. Панелдік сессияда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті Кеңістіктік деректерді дамыту басқармасының басшысы Лейла Сатыбалдина «ҰҚДИ: даму стратегиясы», «КазГИСА» ЖШС-ның бас директоры Әділхан Талкимбаев «Өңірлік геоақпараттық жүйе: дамудың жаңа тәсілдері», аталған министрліктің Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Айнұр Юсупова «Геопорталдар базасында мемлекеттік және қалалық қызметтер БМЖМК-ның өңірлердің геопорталдарымен өзара іс-қимыл процестерін оңтайландыру» тақырыптарында баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.