ҮШЕМДЕРГЕ ҮЙ БЕРЕМІЗ ДЕП ЕДІ...
Дүниежүзінде егіз, үшем секілді бірден бірнеше нәрестені өмірге алып келетін нәзік жандылар аз емес. Әсіресе өмірге үшем әкелу біздің қоғамда көптеп кездесе бермейтіні ақиқат. Мыңнан бірі десек те болар. Т.Рысқұлов ауданында да осыдан екі жыл бұрын Құрманалиевтер әулетінде үшемдер дүниеге келген еді. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Дінмұхамед Қонаев ауылына арнайы барып, үлкен қуанышқа кенеліп жатқан отбасыны құттықтап қайтқан еді. Әкім өз сөзінде үшемге атқарушы билік тарапынан барлық жағдай жасалатынын айтқан болатын. Бірақ бұл тек құр сөз жүзінде ғана қалды. Одан кейін үшемдерге барған әкімді де, билік тарапынан жасалған көмекті де көргеніміз жоқ. Баспана мәселесі де сол айтқан жерде айтылған күйінде қалды.
Біздің мемлекетімізде заң бойынша үшемдерге мемлекет тарапынан жөргекпұл мен бiр жасқа толғанға дейiнгi берiлетiн жәрдемақыдан басқа көмек қарастырылмаған. Бірақ қазақта «Әкім ақылды, дана болса, төңірекке бас болар» деген қанатты сөз бар. Кезінде Дінмұхамед Қонаев талай өнер адамдарына, оның ішінде Нұрғиса Тілендиевтен бастап Нұрғали Нүсіпжановқа дейін үй әперіп, жағдайын жасады. Сол кездегі оның ойы өнер адамдарының жағдайын жасау арқылы ұлт руханиятын аласартпау еді. Ал қазіргі қазақ руханиятының туын құлатпай, биік ұстайтын – балалар. Ұлттың ұлы мұратын өз мәресіне жеткізетін де осы ұлт ұрпағы. Сондықтан кезінде Дінмұхамед Қонаевтың өнер адамдарына жасаған қамқорлығының үлгісін бүгінгі күні балаларға көрсету басты міндет деп есептеймін. Бұл арқылы біз ұлт болашағының тұғырлы тірегін, ел ертеңінің жарқын үлгісін қалыптастыра аламыз.
Биылғы Барыс жылын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Президент бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде ғана атап өтпей, балалардың бақытты да баянды болашағын қалыптастыруға арнау керектігін айтты. Соның ішінде ең алдымен билік тарапынан балаларға денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасауға бұйрық берген болатын. Осыған орай, аудан әкімі биылғы Балалар жылына орай ауданымызда соңғы 5 жылдың көлемінде туған үшемдер мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етсе, халық та дән риза болар еді. Әйтпесе әкімдердің сылдыр сөзге толы есебі «аш өзекке» талғау болмасы анық.
Дариға ҚҰРМАНАЛЫ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті “Журналистика және саясаттану” факультетінің 2 курс студенті
Келесі мақала