БІЛІМНІҢ КҮНШУАҒЫ – КІТАПХАНАШЫ
23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күні. Кітапхана – мәртебесі биік, киелі шаңырақ. Ал кітапханашы ұлттық құндылықтар мен оқырманның арасын жалғаушы жан. Кезінде жазушы Әбіш Кекілбаев кітапхана туралы «Мен кітапхананы ақыл мен білімнің, адамгершіліктің ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшысы деп санаймын» деген екен. Олай болса, кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан бітіріп, өмірінің ең асыл кезеңдерін тек кітапхана ісіне арнаған, кітап қорын молайтуға, оларды сақтап қалуға жанын беретін осы бір аяулы жандар туралы өрбітсек.
Бірінші кейіпкерімізді іздеп Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне бардық. 38 жылдан бері тапжылмай бір орында қызмет етіп жүрген Гүлдариха Жаңабаева есімді жүзіне күлкі үйірілген жылыжүзді кітапханашы апайды танымайтын адам жоқ. Гүлдариха Перимханқызы 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында ұстаздар отбасында дүниеге келген. 1979 жылы мектепті аяқтап, сол кездегі «Алтын арай» атты қой бордақылау жастар бригадасында жұмыс істепті. 1980 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына «Кітапханашы- библиограф» мамандығына түсіп, 1984 жылы тәмәмдап, осы күнге дейін кітапхана саласында қызмет көрсетіп келеді. Мамандығын мақтаныш санайтын апай кезінде кітапханашылықты таңдағанда әкесінің ықпалы зор болған екен.
Талай шәкіртті түлеткен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің кітапханасында 120 мың кітап қоры бар. Кітапханашының айтуынша, колледжде М.Мақатаевтың өлеңдері, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», М.Әуезовтің «Абай жолы» кітаптары қолдан-қолға тимей оқылады екен. Алайда тәжірибелі кітапханашы жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа дәуірдің психологиялық, мотивациялық, көркем әдеби кітаптар да қажеттігін айтып отыр. Сондай-ақ кітап қоры толықса екен деген көкейдегі тілегін жеткізді.
– Қазіргі кезде кітапхана ісінің кенжелеуін кітапхана туралы заңның әлі күнге дейін болмауының салдары десек, еш артық болмас. Тиісті министрліктер «Кітапханашы» статусын шешіп беру керек, оқу орындарындағы «кітапханашы-педагог» дәрежесін беру керек. Өйткені ол маман тек қана сөреден кітап тауып беріп қана қоймай, білім іздеген оқырманға бағыт беріп, жетекші қызметін ұсынатындай болу керек деп ойлаймын. Осы күнге дейін шаруашылық персоналдар қатарында жүрген кітапханшы қалай жұмыс істемек. Әлеуметтік пакеттерге қолымыз жетіп, үкіметтен үй алу, жер алу сынды мәселелеріміз шешілсе екен, – деді.
Кітапханашы істеп жүрген ісінің жемісін де көріп жүр. 2018 жылы облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік оқу орындары арасында ұйымдастыруымен өткен «Ең үздік кітап оқитын колледж» байқауында бас жүлдені, 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының кітапханашылары арасында өткен «Кітапханашының бір күні» тақырыбындағы бейнероликтер байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Үздіксіз бір салада, бір орында жұмыс істеп келе жатқан Гүлдариха Жаңабаева 2015 жылы «ҚР техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, 2019 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. «Әр айлығыңнан екі кітап алып тұр» деген әке өсиетін ұлықтаған қыз әлі күнге дейін жалақы алған күні кітап сатып алады екен.
Келесі кейіпкеріміз – Шоқан Уалиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханашысы Гүлсім Тубаева. Бұл кісінің де кітапхана қызметінде жүргеніне 39 жыл. Оқырмандар арасында «Шоқан» кітапханасы атанып кеткен кітап ордасы қаламыздағы ең көрікті, жанға жайлы орын ғой. Оқырман үшін мұнда бар жағдай қарастырылған. Коворкинг орталығы, газет-журналдар бөлімі, оқырман залы, барлығы да жамбылдық оқырмандар үшін жасалғандай.
Кітапхана іші кіріп барғаннан-ақ көздің жауын алады. Аурасы керемет. Жайланып отырып, қалаған кітабыңды оқисың. Және көзге бірден түсетіні – мұндағы кітапханашылар ұлттық нақыштағы көкірекше киіп жүреді. Мұнда жалпы 255 мың кітап қоры бар. Айына 24 мыңдай оқырман келеді екен. Гүлсім апай біздің студент уақытымызда талай іс-шараларды жүргізіп, керек кітаптарды тауып беріп, ақыл-кеңесін айтып жүретін. Талай шәкірттің өз анасындай болған Гүлсім Құрманбекқызы әлі де ширақ. Ылдым-жылдым қимылдайтын кітапханашы керек кітабыңды жаңылыспай тауып беріп, ақыл-кеңесін аямайды. Өзі жастардың жанашыры. Жас кітапханашылардың ақылшысы.
– Кітапхана жұмысы әрі қызық, әрі қиын. Көпшіліктің ойынша біз тек кітапқа көміліп, жаңа шыққан кітаптардың бәрін оқып отыратын сияқтымыз. Артық мақтағаным емес, басшымыз Эльмира Елеусізқызының қарамағындағыларға сыйластығы ерекше. Мен әлі күнге мынаны түсінбеймін. Бір жерге кіріп барсаң жастар сол күйі отырады, не сәлемдеспейді. Ал біздің басшымыз өзінен үлкен адам алдына кірсе орнынан ұшып тұрады. Мәдениеттілігі осыдан көрінеді. Және жасына қарамай кітапхана қызметкерлерінің бәріне бірдей құрметпен қарайды, соған қуанып қаламын, – дейді ол.
Гүлсім Құрманбекқызы 1962 жылы қақаған қаңтарда Жамбыл ауданының Ащыбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Әкесі Құрманбек – соғыс ардагері. Әрі елге танымал аға шопан болған. Шымкенттегі педагогикалық және мәдениет институтын кітапханашы мамандығы бойынша бітіріп, 1984 жылы Шоқан Уалиханов атындағы осы кітапханаға жұмысқа тұрыпты. Кітапханашы бола жүріп талай арда азаматтармен жүздесіп, әсерлі әңгімелерін тыңдапты. Осы қызметінің арқасында Мәскеуге де барып қайтқан екен. Жұбайы екеуі екі перзент тәрбиелеп отырған ана Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталыпты.
Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне бермейтін, көп байқала қоймайтын ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір. Сол өмірге бойлап, дендеп енген адам ғана бұл шаңырақтың қасиеттілігін, кітапханашы мамандығының қыры мен сырын аңғара алмақ.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала