Жүз жылдық тапаншаны тапсырды
Облыста осы жылдың 10 сәуірінен бастап халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша жыл сайынғы республикалық акция өткізілуде. Акция аясында Қордай ауданының полиция бөліміне 74 жастағы жергілікті тұрғын өтініш білдіріп, Ұлы Отан соғысына қатысушы әкесінен қалған 6.35 миллиметр калибрлі «Фроммер Лилипут» маркалы тіркелмеген мылтық тапаншасын тапсырды.
Венгерлік инженер Рудольф Фроммер 1923 жылы ойлап тапқан қысқа қашықтықта өзін-өзі қорғауға арналған бұл қару Будапешттегі (Венгрия) «Fegyvergyar» зауытында жаппай шығарылған.
Қордайлық тұрғын әкесінің 1942 жылы 17 жасында майданға шақырылғанын, Венгрия мен Румыниядағы Қызыл Армия әскерлерінде пулеметші болып қызмет еткенін айтты. Бұл тапанша сұрапыл соғыста Ясско-Кишинев операциясы кезінде жеткен жеңістеріне сыйлық ретінде берілген екен.
Тапанша сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша ер адамға ол үшін ақша төленеді. Акция аяқталғаннан кейін бұл қару облыстық полиция департаментінің мұражайына тапсырылады.
Акция басталғаннан бері полицияға 32 атыс қаруы (6 мылтық және 26 тегіс ұңғылы қару) және 6,5 миллиметрлік калибрлі 3 патрон тапсырылды. Ұланбел ауылындағы бір танк пен салмағы 200 келілік зеңбіректі арнайы эвакуатормен Тараз қаласына жеткізу жұмыстары қаралуда. Акция бөлінген қаражат толық игерілгенге дейін жалғасатын болады.
Келесі мақала