Өмір - менің ұстазым, қатал маған...
Белгілі жазушы, газетіміздің тұрақты авторы әрі жанашыры Елен Әлімжан телефон соқты. Амандық-саулықтан соң:
– Тұрсынбек, Талас ауданындағы Бостандық ауылында, дәл мен оқыған «Алғабас» орта мектебінде бір жас ақын өсіп келе жатыр. Аты-жөні – Заңғар Сәтберген. Өлеңдері тәп-тәуір. Бір жылдан бері байқап, бағыт-бағдар беріп жүрмін. Қазір жазғандарын «WhatsАpp» арқылы саған тастаймын. Жастар газетісіңдер ғой. Соны жарияласаңдар дұрыс болар еді, – деді.
– Әрине, аға, жариялаймыз. Жас таланттарды үнемі қолдап жүресіз. Бұрын ақын Ерлан Жүніске ақ батаңызды беріп, оқушы кезінде «Жыр-перзент» атты кітабының жарық көруіне ұйытқы болғаныңызды да білеміз.
– Өзіңнің де кітабың мектеп қабырғасында оқып жүргенде шықты емес пе? Жазушы Пернебай Дүйсенбин алғысөзін жазып, қолдау көрсетті. Біздің мақсатымыз сол ғой, қолымыздан келгенше дұрыс жол нұсқау. Ары қарайғы шаруа өздеріңе байланысты.
Екеуара әңгімеміз жақсы тілекпен түйінделді. Артынша телефонға түскен файлдан Талас ауданындағы «Алғабас» орта мектебінің 11-сынып оқушысы Заңғар Сәтбергеннің өлеңдеріне үңілдім. Алғашқы жырларының өзінен ақындық қуаты аңғарылып тұр. Айтар ойын шымыр шумақтармен жеткізе білген. Үлкен кісінің мақтайтынындай-ақ бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген дана қазақ. Заңғардың шығармашылығына табыс тілей отырып, бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Тұрсынбек Сұлтанбеков
Мен қазақпын! Мен еркекпін, мен қазақпын білгенге, Ұлылардың қаны қайнап тұр менде. Тау бейнелі, тасқындаған қазағым, Жер дірілдер аяғымен жүргенде. Мен өзімді текке мықты демеймін, Мен қанымын Жәнібек пен Керейдің. Қазақ қана ең жақыны жаныма, Әр қазақты жалғызыма теңеймін. Мен, мен едім – көк бөрінің ұрпағы, Шалқып жатқан, жайсаң елдің ұлтаны. Сол тұсында мына менің кеудемнің, Жұдырықтай қағып жүрек тұр тағы. Мен сойымын Абылайдың, Жәңгірдің, Ұлыларды тебіренте ән қылдым. Менің жаным тыным таппай тұр еді, Қазағым деп, жырлап шөлін қандырдым. Төле биім, төбе биім төресі, Әйтеке мен Қазыбектей кемесі. Даналардың ұрпағымын ұғыңдар, Себебі олар ұлылықтың теңесі. Бөгенбайым қанжығалы, қармақты, Қаракерей Қабанбайым салмақты. Наурызбай мен Райымбегім тағы бар, Атақтары жарты әлемді шарлапты. Дастан болған Алпамысым, Тарғыным, Бұлжытпаған бір Алланың жарлығын. Еркіндіктің саудасына бас тігіп, Әрең атты арайланып таң бүгін. Тайлақ, Сатай, Өтегенім – ақберен, Мен олардың батырлығын пәк көрем. Сандығына тарихымның үңіліп, Ащы жаспен шұбыртамын тәтті өлең. Ол аз десең Кенесары ханым бар, Ал өртеніп, құса болып жаныңдар. Күллі тарих тереңіне барыңдар, Таба алсаңдар, сондай ханды табыңдар. Сөздің сафы, жыр төресі Сүйінбай, Тұра алмаған өлең болып құйылмай. Азат елдің азап көрген жандарын, Мен жырлайын, ән етейін тыйылмай. Хакім, ойшыл, бөлек тұлға Абайым, Абайымдай бүгін дағы жанайын. Дара сөзі, дана сөзі елітіп, Ашып қояр жүрегіңнің сарайын. Жамбылдайын бар ақыным біртуар, Мұнша ұлыны басқа жақта кім туар? Аналары алтын құрсақ, ажарлы, Балалары бір тебініп, жұлқынар. Қажымұқан, Балуандай нарларым, Қане айтыңдар, қарсы тұрар бар ма әлің? Қаным тулап, буырқанып жатырмын, Айбаттанып жырымды мен арнадым. Бауыржандай батырым бар біліңдер, Ойларыңа мұны сақтап жүріңдер. Азаттыққа құрбан еттік талайды, Болды енді тек жадырап, күліңдер. Бойымда осы қандар қайнап тұрса, Кеудем де қазағым деп сайрап тұрса. Отаным мәңгілікке жайнап тұрса, Бақыт қой жел сипанып байрақ тұрса! Мұхит қыз Көзің сенің Тынықтай терең бе еді? Боз жүрегім соныңнан елеңдеді. Батырып бара жатыр құрсау салып, Болғандаймын тәніңнің өлермені. Жайымды жанарыңмен тындырасың, Жүрегің мен деп енді ұрғыласын. Көзіңнің қарашығы жасырыпты, Түбіне Мариана шұңғымасын. Іспетті Атланттың дауылындай, Көңілің ғаламаттың қарымындай. Сырыңды тереңіңе батырғансың, Шығайын қалмай тұрып тағы ұрынбай. Аңыз бен ғажайыпқа толымысың? Батайын олай болса оның үшін. Түбіне бойлағанды шайқайтұғын, Боранды бұрқыратқан долымысың? Әлемің Үндідейін толқындаған, Толастап шаршамаған, алқынбаған. Өтсең де цунамимен жайпап мені, Ұнайды дәл осындай қалпың маған. Ішіңде бұлқынады ұстағаның, Өзіңе енгендердің қыспа бәрін. Адамды адастырып әкетеді, Аталмыш «Бермуд» деген үштағаның. Мұздықтар жүрегіңді жаулап алған, Ызғарың жонып өтер қаулап алдан. Солтүстік мұзды мұхит секілдісің, Сезімім саған еніп, қарда қалған. Жалғаннан жылылықты аңсағаным, Қарасам, мен өзіңе тамсанамын, Еріп кетсең жаулайсың бар әлемді, Тұншығар топаныңда барша адамың. Жыр арнадым тағы да мен еш қылып, Сүйсем сені шындығым, емес күдік. Тізбектеп төрт мұхитты алсамдағы, Барыңмен ала алмадым теңестіріп. Өмір ұстаз Өмір менің ұстазым қатал маған, Сабағынан сарғайып жата алмағам. Шәкірттері өзіне бата алмаған, Солай, солай үлгілі атанбаған. Өмір ұстаз үйретер бейімге де, Жүре-жүре барамын бейімделе. Жазғызып ап пендеге түйіндеме, Мектептен шығарады кейін неге? Өмір ұстаз көрсетер ақ-қараны, Шәкірті сынағымен бапталады. Аяусыз табанында тапталады, Есінен шығып қалса жаттағаны. Өмір менің апайым, ағайым да, Озат қылып мені де тағайында. Көзімді анық ашып қарайын ба, Не болып жатқанына маңайымда?! Өмір деген бапкері талайлардың, Сәл өсіп, екпініне жарай қалдым. Шағылмасам көгімнен арайлар күн, Менен басқа жаныма қарайлар кім? Баулыған небір қайсар кіндіктіні, Қалмаған қанжарының мүлгіп құны. "Берілмесең болғаны" – шындық міні, Өмір өзі шығарар кіл мықтыны!... Сен және мен Сен – әуенсің, мына мен – сөздеріңмін, Көрік берем сазына өзге кімнің? Түбіне шомып сабылдым көздеріңнің, Қажеті жоқ енді оны сезгеніңнің. Сен – күнімсің, мына мен – аспаныңмын, Тіреуі боламын мен басқа кімнің? Мұңайсаң қара бұлтпен жасқа міндім, Қуансаң бабын бақтым қастарыңның! Сен – әлемсің, мына мен – ғаламыңмын, Өзіңді ойлап, қолыма қалам ілдім. Білмеймін не боларын қалауыңның, Бірақ та мен өзіңнің алауыңмын! Сен – аққусың, мына мен – қанатыңмын, Осылай бұл әлемге жаратылдым. Бар мұңын артып алып қара түннің, Сен жаққа емделуге баратынмын. Сен – жұпарсың, мына мен – хауызыңмын, Сені ойладым, сондықтан әлі зыңмын. Бермен қарай сұлуын тамыз үннің, Үлбіретіп шиесін ауызыңның. Сен – бөлексің, мына мен – лайықтыңмын, Кел қәне, құшағымды жайып тұрмын. Барлығын елемедің, айып қылдың, Билейік аясында байыпты үннің. Көкпар Астында арғымағы қанатындай, Шапқанда аққан жұлдыз жанатындай. Аспан асты, жер үстін дүбірлетіп, Тулаған тау мен тасты жаратындай. Додаға сүңгігенде тайсалмаған, Тақымына олжасын жай салмаған. Ежелден көкпар сүйген қазағымды, Мейірмен еркелеткен жайсаң далам! Тағынан патшалардың ерің кем бе, Бабамның батырлығы тегіннен бе?! Ұлы далам рухына рух қосқан, Сәйгүлігін пәрменмен тебінгенде. Айылы айбарынан жиылмаған, Қанатымен жарасып құйындаған. Жасынан жігер алып атқа қонып, Алладан басқасына сыйынбаған. Қазағым естігенде еткен елең, Ғасырдан көкпарменен өткен ел ем. Кіл мықты, рухтылардың арпалысы, Ал мұнда кез келгенің беттемеген. Атадан қалған мұра қанға сіңіп, Жылқыға қонақтаған жамбас ұрып. Бұл көкпар нағыз ердің шаршы алаңы, Кеудеге жағып берер талмас үміт. МЕНДЕ ЖЫР БАР Менде жыр бар, Мен жырыммен үйлесем, Тек жырыммен ең бір ғажап күй кешем. Менің жырым толастаған жүректе, Жазықтымын жырларымды сүймесем. Менде жыр бар, Керегі не басқаның? Шабытыммен ашық менің аспаным. Жүрегіме зар айтудан саспадым, Мен осылай осы жолды бастадым. Менде жыр бар, Жырым менің бар емім, Шын мәнінде бөлек менің әлемім. Менің жырым сыршылдыққа дәлелім, Бұдан бұрын тым басқаша жан едім. Менде жыр бар, Жырда жайым, күйлерім, Жырларыммен талайларды түйредім. Әлі күнге бір Алладан басқаның, Алдында мен еш басымды имедім. Менде жыр бар, Жыр бар мендік жүректе, Шабытымды алмағанмын тілеп те. Шабыт бірде шырайланып тұрады, Ал бір кезде айналады түнекке. Менде жыр бар Жырым менің қамалым, Шабыт қысса оттай болып жанамын. Тау мен тасты жарып өтер шынардай, Жырлағанда мына менің қаламым. Менде жыр бар, Жырым менің сайманым, Мен бұлақпын, шабыт менің қайнарым. Жанартаумын атылмаған мен әлі, Сондықтан да бұрқырадым, қайнадым. Менде жыр бар, Бітпес ісім жырменен, Жырдан қанып, бүр жарамын күнде мен. Шағы туса шабытымның кей уақыт, Көз ілместен жарысамын түнменен.