Қордаланған мәселелер қозғалды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, оны болдырмау – барлығымыз үшін басты міндет. Облыстық қоғамдық кеңестің жуырда өткен кеңейтілген отырысында осы мәселе тақырыпқа арқау болды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің превенция басқармасы басшысының орынбасары Ербол Бақтыхожаев «Бірыңғай сатып алу терезесі» арқылы қызмет пен жұмыс бағыттары бойынша мониторинг жүргізу ретін тілге тиек етті. Облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан камералдық бақылау жүргізу мүмкіндігінің аздығынан, өңірдегі мемлекеттік органдармен, мекемелермен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруда заң талаптары сақталмай отырғандығын мәлімдеді.
– Мемлекеттік сатып алу порталында «Бірыңғай сатып алу терезесі» арқылы жоспарланған тауар бағаларын төмендету бойынша күнделікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіледі. Осындай зерделеу нәтижесінде департаменттің араласуы арқылы 2020-2022 жылдар аралығында жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Мониторинг барысында лауазымды тұлғалар тарапынан конкурс нәтижесінен негізсіз бас тарту, келісімшарт бағасын көтермелеу секілді жайттар орын алғаны белгілі болды. Сонымен қатар тиісті техникалық сипаттаманың жоқтығы және негізсіз төтенше жағдайларды жою үшін бір көзден мемлекеттік сатып алу тәсілімен тікелей шарт жасау фактілері анықталды. Сондықтан мемлекеттік сатып алу саласындағы құқықбұзушылықты азайту мақсатында агенттікке ұсыныс жолданды. Қазір уәкілетті органмен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Ербол Жұмақадірұлы.
Жиында Шу ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі Нариман Абай өткен кезең бойынша сыбайлас-жемқорлыққа және оның көріністеріне қарсы іс-қимыл жасау бойынша шараларды іске асыру туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаларды сақтау мәселелері бойынша аудандағы жеке және заңды тұлғаларға, мемлекеттік қызметшілерге барлығы 154 консультациялық көмек көрсетілген. Сонымен қатар 133 түсіндіру іс-шарасы өткізілген.
– Ұжымдардағы моральдік-психологиялық ахуалға талдау жүргізу үшін аудан әкімдігінің жергілікті атқарушы органдарына қарасты барлық мемлекеттік қызметшінің қатысуымен 2 мәрте анонимді сауалнама алу жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар жасауына қатысты тоқсан сайын ҚР Бас прокуратурасы тарапынан тексеру жүргізілді. Былтыр 32 мемлекеттік қызметшіге 28 ескерту, 2 қатаң сөгіс, 2 қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту сияқты тәртіптік жаза қолданылды. Ал әкімшілік құқықбұзушылық фактілері бойынша 199 мемлекеттік қызметшінің 33-інде мәліметтер бар, 166-сында мәліметтер жоқ. Талдауға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі жол ережелері талаптарын сақтамау, мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу және өзге де әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны анықталды, – деді Нариман Жетпісбайұлы.
Сондай-ақ ол мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзуға жол берген Шу ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына, аудан әкімінің салалық орынбасарына тиісті тәртіптік шара қолданылғанын айтты.
Нұржан ӘЛІШ
Келесі мақала